©
Еліміз тәуелсіздік алып, көк туымыз көгімізде желбірегелі Тұңғыш Елбасымыздың қолдауымен сот жүйесінде қыруар жұмыс атқарылды. Соттар мен судьялардың мәртебесі конституциялық заңмен айқындалып, соттар толығымен бір жүйеге біріктіріліп, сот ісін жүргізу тиімді негізде жүргізіліп келеді. Ал, былтыр Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов сот төрелігін дамыту бойынша «Сот төрелігінің жеті түйіні» жобасын іске қосты. Жеті басым міндетті іске қосу шеңберінде судьялар, адвокаттар, заңгерлер, сот қызметкерлерінен келіп түскен әрбір ұсыныс жіті назарға алынған. Бүгінде аталған жеті түйін аясында «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобалары соттарда нәтижелі жүзеге асырылуда. Мәселен, жеті түйін негізінде Маңғыстау облысының мамандандырылған экономикалық сотында медиация кабинеті ашылып, «дау мұраты – біту» демекші судья-медиатордың көмегімен ірі дауларға нүкте қойылып, тараптар татуласуда. Сондай-ақ, аталған сотта «Соттағы татуластыру рәсімдері» атты пилоттық жоба іске қосылды. Нәтижесінде, экономикалық сотта кәсіпкерлер, мекемелер арасындағы даулар медиация тәртібімен реттелуде. Осылайша елімізде медиацияға ден қойылып, бұл кәсіпкерлердің өз бизнестерін жүргізуіне себепші болып отыр. Сондай-ақ «Сапалы нәтиже» негізінде сот актілерінің тараптарға оқығанда түсінікті әрі сапалы жазылуына ден қойылып келеді. «Үлгілі сот» пилоттық жобасы шеңберінде Маңғыстау облыстық соты, Ақтау қаласының №2 сотынан фронт-офис ашылды. Фронт-офистен халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарының қызметтерімен қатар, медиатор, нотариус, адвокаттардың да қызметтеріне жүгіне аласыз. «Жеті түйіннің» тағы бірі – «Е-Сот» немесе «смарт сот» деп аталады. Иә, сот жүйесін цифрландыру күн тәртібінен түскен емес. Соңғы уақытта, яғни ақпарат пен технология қарыштап дамыған шақта соттарда қосылған электронды сервистердің көмегіне жүгінетіндердің қарасы көп. Жергілікті соттарда «Виртуалды сот» жобасы іске қосылып, тараптар сот отырыстарына қашықтықтан қатысуда. Осы орайда, соттарда сот процестеріне қашықтықтан қатысу үшін барлық жағдай жасалғанын айтып кеткен жөн. Бұл қағазбастылықтан арылтып, тараптардың уақыттары мен жолға жұмсайтын қыруар қаражатын үнемдеуге жол ашты. Осылайша «7 түйіннің» негізінде соттарда сот жұмысы тиімді ұйымдастырылып, сот төрелігіне деген халықтың сенімі артып келеді.Гаухар Метеркулова, Маңғыстау облысы мамандандырылған экономикалық сотының судьясы