Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қабылданды. Бұл заң Қазақстан Республикасында медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындап берді. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда "делдал", "екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға" деген мағынаны білдіреді. «Медиация туралы» заңға қол қойылуы және осы заңға байланысты елімізде жақын арада дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде медиация тәсілі енгізілуінің басты мақсаты қылмыстық және азаматтық істер бойынша дауларды қарайтын судьялар жүктемесін азайту болып табылады. Көбіне сот шешіміне бір ғана тарап қанағаттанады, екінші тарап сот шешіміне риза болмағандықтан, істі апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қайта қарауға өтініш береді. Аталған сатылардың әрқайсының өзінің уақыт мерзіміне байланысты істерді қарау бірнеше айға, ал кейбір жағдайларда жылға созылып кетеді. Медиацияны қарапайым тілмен айтқанда, бітімгершілік деп түсінуге болады. Яғни, қандай да бір мәселе бойынша арасында келіспеушілік туған жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар оны соттан тыс, өзара келісім жағдайында шеше алады. Екі арадағы келісім медиаторлар арқылы жүзеге асырылады. Абай өзінің үшінші қара сөзінде: «Би екеу болса, дау төртеу болады. Оның мәнісі – тақ болмаса, жұп билер таласып, дау көбейте береді деген сөз. Өйтіп би көбейткенше, әрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке сайланса. Ол билерге даугер адамдар қалмай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе; егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, екі жеребемен сайлап алып жүгінсе, сонда дау ұзамай бітім болар еді», – депті. Медиатор – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Адамдар арасындағы кейбір қақтығыстар қантөгіспен аяқталып та жатады. Мұндай жағдайда араздасқан адамдарды бітімгершілік жолмен татуластыру ең оңтайлы жол болып табылады. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» дегендей, бүгінгінің билерінің араласуымен қырғиқабақтық жойылып, адамдар арасында тату-тәтті, жылы шырайлы қарым-қатынас орнап жатса, қоғамдағы ахуал да жақсара түсері сөзсіз. «Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмас» деп халқымыз айтқандай, ұрысты азайтсақ, еліміздің ырысы артары анық. Бітімгершілік арқылы екі жақтың мәмілеге келуі – қазақтың әлімсақтан келе жатқан билер сотындағы ең тура жолдың бірі. Ауыл-үй арасында мал дауы, жер дауына байланысты рулы елдер арасындағы түрлі дау-дамайларды ара ағайынның араласуы арқылы шешу – рулар арасындағы елдің бірлігін, жердің тұтастығын сақтап келген. Бітіспес араздыққа бармай, кісі өліміне соқтырмай қанқұйлы ауыр қылмыстардың алдын алуда ерекше рөл атқарғанын, Қазақ елінің құқық тарихына зер салған адам жақсы білуі тиіс. Ұсақ-түйек ұрлық-қарлық, барымта алу, жер дауы, жесір дауының барлығын да аузы дуалы ара ағайындар билер сотына түсірмей-ақ, кемелдікпен шешіп, келісімге келтірген. Ол емес, еларалық жанжал да, бітіспестей болып жауласқан көрші елдер де бітімгершілік арқылы келісімге келіп, жайбарақат өмір сүру үшін «Судың түбін шым бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген билер сотындағы прецеденттік ұстаныммен бір-біріне қыз беріп, қыз алысып, жаулықтың соңын бауырдай тәтті құда-жегжаттыққа айналдырған. Осы тұрғыдан алғанда медиация, яғни бітімгершілік – біздің ата-бабаларымыз Қазақ елінің дәстүрлі құқығының негізінде мыңдаған жылдар бойы ұстанып келе жатқан бітімгершілік жолы. Ендеше, медиация бүгінгі таңда тәуелсіз еліміздің өркенді жолын жақсы қырынан дамытуға, оның саяси құқықтық тұжырымдамасы мен баянды бағдарламаларына мінсіз қызмет көрсететінін нық сеніммен айтуға әбден болады.
Жусупова Жаңылхан Талапбайқызы,
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы