©
Жыл басынан бергі жеті айда Ақтау станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінде ҚР «Көші-қон туралы» Заңын бұзушылық баптары бойынша азаматтарға қатысты 181 хаттама толтырылған. Бұл былтырғы сол мерзімдегі көрсеткіштен бес санға артық.
Сондай-ақ аталған уақыт ішінде 2 қылмыс ашылған. Оның бірі «Бейнеу-Карақалпақстан», екіншісі «Саратов-Үргеніш-Ташкент» бағытындағы жолаушылар пойызында, Бейнеу телімінде анықталған. Екеуінде де Қарақалпақстан Республикасының 1980 және 1984 жылдары туған ер азаматтары Қазақстан Республикасының шекарасынан теміржол арқылы заңсыз шығып кетпек болған.
– Екі азаматқа да сол кезі хаттама толтырылып, 36 мың 75 теңге көлемінде айыппұл салынды. Қазір шетел азаматтары мен оларды пойызға отырғызған жолсеріктер ішкі істер бөліміне шақыртылған кезі келуге шартты түрдегі міндетпен жүр. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. Олар 394-баптың 2-тармақшасы бойынша айыпталуда. Яғни бұл бапта белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады делінген. Бұл азаматтар Қазақстанға 2015, 2016 жылдары келген екен. Олардың ел аумағында жүру мерзімі 2,5-3,5 жылға дейін асып кеткен, – дейді Ақтау станциясындағы желілік ішкі істер бөлімі көші-қон полиция тобының аға инспекторы Әнес Қуанышов.
Оның айтуына қарасақ, осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін бөлім аумағында жедел-профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылып тұрады екен. Осы жеті айда «Мигрант», «Нелегаль-2018» атты іс-шаралар өткен. Сонымен қатар көші-қон полиция тобының қызметкерлері транзиттік қозғалыстағы жорлаушылар пойыздарын күзетіп жүруді әдетке айналдырған. Қазір Маңғыстаудың үстімен мұндай жолсапармен «Саратов-Үргеніш-Ташкент» пойызы өтеді және түбектен «Бейнеу-Қоңырат» пойызы қатынайды. «Маңғыстау-Бейнеу» құрамасына да үш тіркеме (прицеп) жалғанады.
Ш. ЖҰМАН