Маңғыстаулық полицейлер жол ережесін бұзғандарды анықтау үшін дрондарды пайдаланбақ. Ұшатын дрондар жылдамдықты асыру, қарсы жолға шығып кету сияқты жол ережесін бұзғандарды тіркейді. Бұл деректер өңдеу орталығына келіп түседі де соның негізінде жүргізушіге поштамен айыппұл туралы хабарлама жіберіледі.
Дрондар фото және бейнежазу функциясымен жабдықталған. Олар аймақтық және республикалық маңызы бар тас жолдарда, сондай-ақ Ақтауда жұмыс істейді. Қазірдің өзінде Ақтау-Жаңаөзен, Ақшұқыр-Сайын Шапағат ауылы және жол-көлік апаттары жиі кездесетін учаскелерде қолданылуда.
Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, дрондар 50 шақырымды қамтиды, 2,5 сағат үздіксіз жұмыс жасайды. Құрылғы 110 км/сағ жылдамдықпен екі шақырым биіктікке дейін ұша алады.
Дрондар 2018 жылдың 4-8 мамыр аралығында 97 құқықбұзушылықты анықтап, 699 855 теңге айыппұл салған.
Сонымен қатар Ақтауда стационарлық бақылау камераларымен қатар, «Скат» мобильді бейнетіркегіші қолданылады. Оның орны күн сайын өзгеріп отырады.
Маңғыстау облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Скаттың» назарына іліккендерге айыппұлдар 4 мамырдан бастап жіберіле бастады. Құрылғыға тіркелген ақпаратты жою мүмкін емес.
«Скат» мобильді бейнетіркегіші 2018 жылдың 4-8 мамыр аралығында 122 құқықбұзушылық анықталып, 1 467 050 теңге айыппұл салынған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ