©
Бұл туралы Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі хабарлады. Өзбекстан Республикасының 22 азаматына қатысты әкімшілік іс Қарақия аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен қаралған.
"Сотта анықталғандай, шетел азаматтары Қарақия ауданында орналасқан «Қарамандыбас» тас карьерінде жұмысқа орналасуға рұқсат алмастан, еңбек қызметін жүзеге асырған, яғни көші-қон карточкаларында көрсетілген мақсаттарға сай емес қызмет атқарған", - деп мәлімдеді баспасөз қызметі.
Сот қаулысымен Өзбекстан Республикасының 22 азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылды. Яғни шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның жүзеге асыратын қызметі визада және (немесе) тіркеу кезінде көші-қон карточкасында көрсетілген мақсаттарға сәйкес болмаған. Осылайша Қазақстанның көші-қон саласындағы заңнамасын бұзып, уәкілетті органның жұмысқа орналасуға анықтамасын не рұқсаттарды алмастан, жұмыс жасаған.
Сот қаулысымен 22 шетелдіктің 6-на Қазақстаннан әкімшілік жолмен шығарып жiберу туралы әкімшілік жаза қолданылып, қалған 16 азаматтың әрқайсысы 2 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ