©
Қарақия аудандық сотында Әзірбайжан Республикасының 79 азаматына қатысты әкімшілік іс қаралды, - деп хабарлады Қарақия аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сотта анықталғандай, құқықбұзушылар Әзірбайжан Республикасының азаматтары бола тұра, Қазақстан Республикасына «жеке сапар» мақсатында келіп, ішкі істер бөліміне уақытша тіркеліп, көші-қон карточкасына қызметке орналасу туралы рұқсат белгі соқтырмай, көші-қон заңнамасын бұзып, Қазақстан Республикасы аумағындағы Құрық селосындағы «Энергомост LTD» ЖШС-де заңсыз жұмыс жасаған.
"Сот қаулысымен Әзірбайжан Республикасының 79 азаматы Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының әр түрлі бөлігімен (шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) кінәлі деп танылып, 69 азаматқа 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, әрқайсысына 56 725 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл жазасы тағайындалды. 10 азаматқа 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылып, олар Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылды", - делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.
Сот қаулысы заңды күшіне енбеген.