Түпқараған ауданының орталығы Форт-Шевченко қаласында Маңғыстау облыстық соты мен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Түпқараған ауданы әкімдігімен бірлесіп «Қазақ билер соты – жалпы өркениеттік құндылық» тақырыбында ғылым-практикалық конференция өткізді.
Ғылыми-практикалық конференция қазақ билер сотының дамуы мен құрылу тарихын зерттеу, мәдени және құқықтық тарихи мұраны сақтау, жастардың бойында мемлекет және құқық тарихына қызығушылығын оятып, патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында өткізілді.
Конференцияға облыстың судьялары мен Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің ұстаздары қатысты. Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Рзабекұлы конференцияны аша отырып, Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау қажеттілігін атаған болатынын атап өтті.
Конференцияға қатысушылардың баяндамалары тыңдалғаннан кейін, пікір-алмасу өткізіліп, қарар қабылданды.
Сонымен қатар аудандық «Дарын» қосымша білім орталығына академик Салық Зимановтың атын беру ұсынылды. Еңбек жолын осы білім ордасында бастаған академикке арнап өзінің көзі тірісінде осы ғимараттан өмірі мен шығармашылығына арналған мұражай ашылған болатын.
Шара соңында облыстық соттың төрағасы Жақсылық Рзабекұлы конференцияға қатысушыларға алғысын жеткізді.
Жадыра ЖОЛДАСОВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="44706,44718,44705,44707"]