Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен, 188-бабы 3-бөлігінің 1-тармағымен сотталушы «Н»-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Қайғылы оқиға биыл 24 сәуір күні Ақтау қаласында болған. Сотталушы Н. жәбірленуші Ж.-мен Ақтаудағы пәтерде өзара келіспеушілікке келіп қалған. Нәтижесінде жәбірленушінің денесінің әр жеріне 21 рет күштеп пышақ сұққан. Жәбірленуші Ж. алған дене жарақаттарының салдарынын оқиға орнында қайтыс болған.
Н. жәбірленушінің «Kaspi.kz» қосымшасындағы есеп-шотында ірі мөлшерде ақшалай қаражаттың бар екенін біліп, оны заңсыз иемдену мақсатында, 150 000 теңге тұратын «Iphone 7» маркалы ұялы телефонын, банкомат кәртішкесін жасырын жымқырып, үйден шығып кеткен. Ол жәбірленушінің далада ойнап жүрген жасөспірім баласының қасына барып, ұялы телефоны мен «Kaspi Bank» қосымшаның жасырын кодын сұрап, есеп-шотында болған 2 000 000 теңгесін банкоматтан қолма-қол шешіп, қалған 341 454, 18 теңге ақшалай қаражаттарын қосымша арқылы өзіне аударып алған.
Сот талқылауы кезінде сотталушының әрекеті толықтай дәлелденді. Ол кінәсін мойындады. Сот үкімімен «Н»-ға 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, делінген МО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.