Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қатаң талаптар қояды.
Мемлекеттік қызметші, қоғам мен азаматтар арасындағы жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының заңдары мен өзге де нормативті-құқықтық актілер талаптарын мүлткісіз сақтауға, жалпы қағидаттар мен адамгершілік нормаларын сақтауға, қызмет барысында және тұрмыста жоғары парасатты, мәдениетті болуға талпынуы тиіс.
Мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне әрқашан да үлкен мән беріліп келеді. Өйткені мемлекеттік қызметкер - қоғамның айнасы. Демек, оған қойылар талап та жоғары. Атап айтсақ, мемлекеттік қызметші мемлекеттің мүддесіне және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұруға, заңмен белгіленген шектеулерді сақтауға міндетті. Әрқашанда қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына сәйкес болуға, адалдық, ашықтық және әділдік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, қызметтерді кәсіби, жоғары дәрежеде көрсете білуі тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметшілердің моралдық-адамгершілік бейнесіне және іскерлік қасиеттеріне қойылатын талаптарды күшейту мақсатында «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» қабылданды.
Кодекс халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Кодекс талаптарына сәйкес мемлекеттік қызметшілер Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне, мемлекеттік және басқа тілдерге құрметпен қарауға, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын шешімдерді қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз етуге, мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбауға, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратпауы тиіс.
Ж.Бердиева,
Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары