Педофилия - туа біткен немесе жүре келе пайда болатын психологиялық ауытқу.
Адамның жыныстық бостандығы мен еркіндігіне қарсы қылмыстар деп - еліміздің қылмыстық заңнамасында бекітілген, он төрт жасқа толмаса он алты жасқа толмаған жасөспірімнің жыныстық еркіндігіне, бітім-болмысы мен психикалық тұрғыда қажетті деңгейде дамуына, ересек адамдардың жыныстық өмірінің бостандығы мен біздің қоғамымызда қалыптасып қалған жыныстық қарым-қатынастарға қауіпті болатын қылмыстық қастандықтарды айтуға болады.
Адамның жыныстық еркіндігіне қарсы бағытталған қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесі аса жоғары және ол көп кездесетін қылмыс түрі. Бұл қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін осындай қылмыстарды жасау адамдардың заңмен қорғалатын жыныстық өмірінің еркіндігіне қасақана қайшы әрекеттер жасау жолымен, жәбірленушілердің имандылық түсінігіне, жандүниесіне, адами қасиеттеріне зардап келтіру арқылы, адамдардың өміріне, сондай-ақ денінің саулығына қауіп-қатер туындатады.
2019 жылы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жыныстық зорлық зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажеттілігіне тоқталды».
Бұл қылмыстардың қоғамға қауіптілік дәрежесін халыққа түсіндіру және жасөспірімдерді, ата-аналарды құқықтық сауаттылыққа, сақтық шараларына бейімдеу арқылы нәсіпқұмарлық сипаттағы қылмыс жасаған тұлғаларға қатысты прокуратура бастамасымен геоақпараттық карта жасақталды.
ҚР Бас прокуратурасының 27 ақпан 2018 жылғы No 29 бұйрығының негізінде, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған есептегі адамдар туралы мәліметтерін геоақпараттық картасына жариялау және оны жариялаудан алу тәртібі ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетімен (Комитет) жүзеге асырылады.
Комитеттің геоақпараттық картасына есепке алуға 14 жасқа дейінгі жасөспірім балаларға қатысты жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған және жазасын 2 өтегеннен кейін босатылған, бостандықта жүрген 18 жастан бастап құқық бұзушылық жасаған адамдар жатады.
Картада жарияланатын адамдар туралы мәліметтер сауалнамалық деректерден тұрады. (Толық тегі, аты, әкесінің аты, туған жылы және жері, және тұрғылықты мекен-жайы, соттылығы, қылмыс жасаған сәттегі жәбірленуші адамның жасы). Комитеттің картасына жарияланған мәліметтерге ашық қол жетімділік, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушылары, интернет блогерлер, құқық қорғаушылар тарапынан қызығушылық тудырады.
Картадан мәліметтерді білу интернет желісі арқылы Комитеттің infopublic.pravstat.kz интернет-ресурсы сайты арқылы толық көруіне қолжетімді.
Қазіргі таңда Республика бойынша геоақпараттық картаға жарияланған тұлғалар саны 282 болса, Маңғыстау облысында 11 тұлға жарияланған.
Прокурорларға жүктелген басым міндеттердің бірі кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған және жазасын өтегеннен кейін босатылған тұлғаларға қатысты геоақпараттық картаға жарияланған мәліметтердің толықтығы мен шынайлығын қамтамасыз ету.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдер осы қоғамның негізгі мүшесі, тұлғасы екенін асқан жауапкершілікпен түсіне отырып, мейірім мен сезімталдыққа, сыйластыққа тәрбиелей білсек, ұтылмасымыз анық.
Жарияланған мәліметтер кәмелетке толмаған балалардың қауіпсіздігіне әсер ететіндіктен, олар азаматтық қоғам үшін маңызды.
ҚР БП ҚСжАЕК жөніндегі комитетінің Маңғыстау облысы бойынша басқармасы