Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, барша азаматтардың мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға міндетті.
Бүгінгі күні мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық жағдайлар жасалған. Сот өз еркімен іс жүргізу тілін өзгерте алмайды, тек мемлекеттік тілге өзгертуді ұсына алады. Орыс тілінде берілген арыздар бойынша іс жүргізу тілін қазақ тіліне ауыстыруды ұсынғанда кей азаматтар түсіністікпен қабылдап, келіседі. Ал кейбірі «это мое право, я плохо понимаю по-казахски» деп бас тартады. Әрине бұл әр тұлғаның құқығы, дегенменде олар өзі өмірге келген, сонау зұлматты жылдары қазақтың батыр ұлдарының «толарсақтан саз кешіп, білектің күші, найзаның ұшымен» қорғаған кең байтақ жерінің топырағын басып жүріп, қазақтай қайсар ұлттың тілінің тамырына балта шапқанын білмейтін сияқты. Ең басты мәселе тіл тағдырына селқос қарайтындардың ұрпағы болашақта «қазақ» тілінің қамын жер тіл жаншыры болып өсуінде болып отыр.
Кейбір тұлғалар талап арыздарын және барлық сотқа ұсынатын құжаттарын Ақтау қаласындағы заңгерлік кеңестер беру кеңселерінде орыс тілінде жасақтап келеді. Сот отырысында талап арыз орыс тілінде берілгендіктен іс орыс тілінде жүргізіледі. Сол кезде талапкердің де, жауапкердің де орыс тілін мүлдем түсінбейтіндігі анықталады. Азаматтар өз құқықтарына қатысты заңды құжаттарды қазақ тілінде жасақтауға келгенде селқостық танытады. Сол себепті заңгерлік кеңестер беру қызметін қолданған сәтте әрбір қазақ азаматы сот құжаттарын өзі жетік меңгерген «қазақ» тілінде жасақтауды талап еткені дұрыс. Осылай жасамаса сот отырысында таяқтың бір ұшы өзіне тиетінін ұғынуы керек.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 29-маусымдағы №110 Жарлығымен «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Соған сәйкес әр қазақ азаматы ана сүтімен бойына дарыған мемлекеттік тілді білуі, атадан мирас болып қалған тіді қадірлеуі тиіс. Бұл ең алдымен өзінің азаматтық борышы екенін мәңгі жадында ұстап жүргені абзал.
Өз мақаламды ақын ағамыз Әбділдә Тәжібаевтың сөздеріммен аяқтағым келеді
Туған тілім – тірлігімнің айғағы,
Ол бар болса, айтылар сыр ойдағы.
Өссе тілім мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім мен де бірге өшемін.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының Рахымжан Бейсенов