Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 68-бабында айыпкердің жәбірленушімен татуласуына байланысты оны қылмыстық жауаптылықтан босатудың тәртіптері мен негіздері көрсетілген.
Әскери соттар басқа да жергілікті соттар сияқты қылмыстық істер қарау барысында негізінен заңның осы нормаларына сүйенеді және еліміздің қарулы Күштерінде қызмет ететін әскери қызметшілер мен әскери мекемелер қызметкерлерінің құқықтары мен бостандықтарын, олардың заңды мүдделерін қорғап, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға атсалысып келеді.
Жалпы, қылмыстық заңымыздың 68-ші бабын қолдану сотқа жүгінген тараптардың арасында татуластыру инситутын дұрыс пайдалануға, қылмыстық процесте жәбірленушінің бұзылған құқығын қалпына келтіруге көмектеседі.
Осы баптың 1-ші бөліміне сәйкес, айыпкердің жәбірленушімен татуласуына байланысты оны қылмыстық жауапкершіліктен босату мынадай үш негіздің жиынтығы болғанда ғана мүмкін.
Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады.
Атап айтсақ, 2016 жылдың 8 айында Ақтау гарнизоны әскери соты 68 баптың 1-бөлігін қолданып 1 тұлғаға қатысты 1 қылмыстық іс қарады.
Қазақстан Республикасының ҚК-нің 419 бабының 2 бөлігімен айыпталған Г. жөніндегі қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы кезінде сотталушы мен жәбірленушіге Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы түсіндірілгенен кейін, тараптардың кәсіби медиатор арқылы өзара татуласуларына байланысты қылмыстық істің өндірісі қысқартылып, сотталушы Г. қылмыстық жауаптылықтан босатылды.
М.Алдабергенов Ақтау гарнизоны әскери сотының төрағасы