Бүгін Ақтауда бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы онкүндігі аясында Адам папиллома вирусы (АПВ) бойынша дөңгелек үстел өтті. Шара жатыр мойны ісігі салдарынан болатын өлім-жітімді түбегейлі азайту мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – онкология саласындағы вирустық этиологиясы анықталған бірден-бір ауру түрі. Биыл қыркүйек айынан бастап республика деңгейінде АПВ-ға қарсы екпе жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
«Бүгін қалалық басқарма өкілдерімен бірге екпенің мақсатын халыққа түсіндіру мәселесін шешу жолдары талқыланды. Әзірге бұл үлкен жұмыстың басы ғана. Ата-аналарға екпе жұмысының маңызын жеткізе алсақ, болашақта қыз балаларымызды жатыр мойны ісігінен сақтап қала аламыз.
Ауруды жеңетін вакцина ойлап табылған. Оның алдын алуға болады. Екпе жұмыстарын республикамыз бойынша жатыр мойны ісігіне шалдыққан адамдардың санын есепке ала отырып, дер кезінде қолға алуымыз қажет», - деді облыстық онкологиялық диспансерінің бас дәрігері Нұрлан Нұратдинұлы.
Айта кетейік, былтырғы нәтиже бойынша жатыр мойны обыры скринингінен 35 248 әйел адам өтіп, оның 70-інен ауру анықталған.