Былтыр 8101 адам ерікті түрде қан тапсырған. Оның ішінде 400-і тромбоцит донорлары. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 500-ге көп деп хабарлайды, mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Донорлардың 95,1 пайызы қанды тегін тапсырса, қалғаны ақылы түрде тапсырған. Өйткені, олардың қаны сирек топқа жатады.
Дәрігерлердің айтуы бойынша соңғы уақытта тромбо концентратқа қажеттілік артқан.
«Себебі сол компонентке мұқтаж науқастар көбейіп отыр, тромбоконцентратты көбіне қажет ететін облыстық және қалалық перинаталды орталықтар, балалар ауруханасы мен онкологиялық диспансерлер» ,- дейді облыстық қан орталығының меңгерушісі Гулнафис Кунашева.
Қан орталығында қандағы вирустың белсенділігін жоюға арналған 3 аппарат бар. Онда қандағы вирустар тазартылады.
Облыстық қан орталығы директорының орынбасары Күләш Мұқатаеваның айтуынша, орталықта 14 күндік қан қоры бар. Бұл емдеу, сауықтыру мекемелерінің сұранысы үшін жеткілікті дейді.
Биыл қан орталығының жоспары бойынша еріктілер саны 8500- ге артпақ.