© Freepik.com
2023 жылы Маңғыстау облысында сарып ауруының (бруцеллез) 3 жағдайы тіркелді. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда (2022 жылы 10 жағдай тіркелген болатын) 7 жағдайға төмендеген, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Тіркелген 3 жағдайдың барлығы да 14 жасқа дейінгі балалар. Балалар бұл ауруды ауру малдың (ешкінің) сүтін пайдалану арқылы жұқтырғандығы анықталды. Көпжылдық сараптама жұмыстарының нәтижелесі бойынша науқастардың дені ауылдық жердің тұрғындары. Жыл басталғалы бері өңірімізде сарып ауруын жұқтырғандар дерегі тіркелмеген.
Сарып (бруцеллез) – тірек-қимыл, жүйке, жүрек-қантамыр жүйелерін зақымдайтын, жиі мүгедектікке әкелетін, қиын емделетін жұқпалы ауру. Жануарларға күтім жасау кезінде сақтық шараларын сақтамаған жағдайда және ауру малдың еті мен сүт өнімдерін пайдаланған кезде жұғады.
«Жануарларға күтім көрсету жұмыстары жүргізілгеннен кейін қолды мұқият жуу керек. Мал ауласын қидан тазарту қажет, өйткені қида ауру қоздырғышы жарты жыл бойы сақталады. Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен алдын алу мақсатында дезинфекциялау жұмыстарын жүргізу керек. Көшеден сүт, қаймақ және ет т.б. сатып алмау керек, бұл азық-түліктерді ветеринарлық бақылаудан өтетін базарлардан сатып алған жөн», - деді Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды және туберкулезды эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадина Есентұрдықызы.
Алғашында науқастың дене қызуы көтеріліп (5 күн және одан да көп уақыт 37,5°С-тан жоғары), жалпы әлсіздік, тез шаршау, бас ауруы, ұйқының бұзылуы, қалтырау, тершеңдік белгілері байқалады.
Көрсетілген ауру белгілері пайда болған жағдайда, медициналық мекемеге жүгіну қажет. Емделмеу салдарынан бала туу қызметінің бұзылуы (әйелдерде де, еркектерде де),жүйке, тірек-қимыл және жүрек қантамыр жүйелерінің зақымдануы сияқты асқынуларға және нәтижесінде мүгедектікке әкеп соғады.
Мал иелері малдарға, әсіресе сүтті мал басына ветеринарлық және зертханалық тексерулер жасатып, мұқият қарауы тиіс. Сарып ауруы малдан жұғатынын ескере отырып, ауру жануарларды анықтау және жою, сыртқы ортада микробтарды жою (дезинфекция),ет-сүт өнімдерін термиялық өңдеу қажет.