«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Маңғыстаудағы филиалының директоры болып Бахыт Исмаханбетов тағайындалды. Жаңа басшыны облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұжымына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев таныстырды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Исмаханбетов Бахыт Торғайбайұлы 1963 жылы 6 желтоқсанда Түркістан қаласында дүниеге келген. 1987 жылы Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медициналық университетін педиатрия факультетін, 2016 жылы Қорқыт-ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономика және бизнес мамандығы бойынша тәмамдаған. Медицина ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 1987 жылы Қызылорда қаласындағы балалар ауруханасында ординатор-реаниматолог болып бастаған. 1989-1995 жылдар аралығында Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасында қарқынды терапия жансақтау бөлімшесінің ординаторы болып жұмыс істеген. 1995-1996 жылдары Қызылорда облыстық инфекциялық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен. 1996-1999 жылдар аралығында Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болды. 1999-2000 жылдары ҚР ДМ Медициналық қызметке ақы төлеу орталығының Қызылорда облыстық бөлімшесінің директоры болды. 2000-2003 жылдар аралығында "Денсаулық" РМККК Қызылорда облыстық филиалының директоры болған. 2003-2005 жылдары "Медициналық қызметтің сапасын бағалау және талдау ұлттық орталығы" РМКК Қызылорда облыстық филиалының директоры қызметін атқарды. 2009-2012 жылдары "Қазақ республикалық лепрозорий" РМК бас дәрігердің орынбасары болды. 2012-2016 жылдар аралығында ҚР ДМ Медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің Қызылорда облыстық департаментінің директоры болып жұмыс істеді. 2017 жылдан бері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Қызылорда облысындағы филиалының директоры болып жұмыс істеп келді. Айта кетелік, осы кезге дейін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ Маңғыстаудағы филиалының директоры болып қызмет еткен Руслан Бектубаев Қызылорда облысына дәл осындай жұмысқа ауысты.