Өткен жұма күні Маңғыстау облысының бас имамы Әнуар Елжанов бастаған бір топ мешіт жамағаты Мұнайлы ауданының Батыр ауылында болды. Бұл жерде өңіріміздің белгілі кәсіпкерлері 1500 гектар жерге мешіт салуды ұйғарған. ҚМДБ діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев болашақ мешіт орнына келген жамағатқа оң болсын айтып, Құран оқыды. Содан кейін мамандар тиісті жер көлемін белгілеп, мешіттің қазығын қақты. - Қазығы қағылған жаңа мешіт — Мұнайлы ауданындағы сегізінші мешіт болып тіркеледі, - деді Әнуар Ізімбайұлы. - Құрылысы екі жыл шамасында бітеді деген үміттеміз. Бұйырса, Алланың бұл үйінде бір уақытта 500 адам құлшылық жасай алады. Мұнда дәріс бөлмесі, кітапхана секілді қажетті бөлмелердің барлығы болады. «Азаны бар ауыл азбайды», дейді халық. «Азансыз ауылдан сақта», деген де сөз бар. Мешіттің құрылысы уақытында бітіп, халқымыздың игілігіне жарасын, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Мешіт үшін жер сатып алып, оның құрылысын жүргізетін жергілікті кәіпкерлер өздерінің аты-жөнін атамауды өтінген. Ал жамағат оларға алғыс-тілектерін білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА