Әбіш Кекілбаев зерттеулеріндегі билер институты
[ 2019 ] 26 қыркүйек, 06:58 | Қоғам
Институт биев – это ум, честь, совесть,
государственность и гордость казахского народа...
(С.Утениязов. Вестник Мин.Юст.РК. 1996, № 5. 49-54 беттер)
Қазақ елі адамзат тарихында ерекше орын алатын өзгеше халық. Басқа мұсылмандарға және бүкіл түркі халықтарына ұқсамайтын қазақтың көптеген әдет-ғұрыптарымен қатар біртұтас тілі бар. Қазақ тілінде басқа халықтар секілді диалект жоқ. Әдет-ғұрпы бірдей. Мысалы өз руынан қыз алмайтын болған соң құдалық салты бар. Тілі бірдей, тұрмыс салты бірдей. Томск мен Еділге дейінгі ұланғайыр территорияда осы айтылған біркелкі салты мен тілінің бірдей болуы дүние жүзі ғалымдарын таң қалдырады. Мысал үшін айтсақ алақандай жерде тұрса да, көрші өзбек пен түрікмен халықтарының тілдерінде диалект бар, әдет-ғұрыптары әртүрлі. Қыздары өз аулынан ешқайда шықпайды... Ал, қазақтар Маңғыстауда жүрсе де Павлодармен әлде Тарбағатаймен құда болып жатады. Қысқасын айтқанда басқа ешқандай түркі әлде жалпы мұсылман халықтарына ұқсамайтын өзінің алтын заңдары бар ерекше халық – қазақ.
Қазақтар өз ауылы ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарымен қыз алысып, қыз беріседі. Осындай асыл қасиеттерінің арқасында қазақтың бірлігі ешқашан ажырамайды. Ресей империясы, одан беріде Кеңес тұсында қазаққа көп қиянат жасалды. Қазақты жүзге бөліп те, руға бөліп те, бір-біріне айдап салып, неше түрлі қиянаттар жасалып келе жатыр. Бірақ, қазақты қанша мұқатса да құрта алмағаны белгілі. Осындай жетістіктер мен ерекшеліктерінің барлығы кешегі 300 жыл өмір сүрген, бір орталыққа бағынған айбынды Қазақ мемлекетінің біртұтастығы арқасында пайда болған еді. Сол Қазақ хандығының тарихын кез келген адам ойына келгенін жазып бұрмалай бергені, халқымыздың және қазіргі Егемен Қазақстанның жетістігі мен жеңісіне нұқсан келтіреді.
Қазақ елінің тағы бір ерекшелігі, ертедегі ғұндардың (хун) барлық әдет-ғұрпы мен тұрмыс салтын біздің заманымызға түгелдей жеткізгендігі. Мысалы: киіз үй (қар үй), бесік және баланы бесікке бөлеу салты, құмалақ ашу әлде жору өнері, тағамдары ...
Қазақ тілінде диалект жоқ деп жоғарыда айттық. Дегенмен Кеңес өкіметі тұсында қазақ тілінде диалект бар деп «дәлелдеп» бірлі-жарым диссертациялар қорғалғаны рас (С.Аманжолов)... Әрине, мұндай жағдайлар қазақ тарихы мен болмысына және ғылымға кереғар келеді. Диалектілер қазақ елінде енді шығуы мүмкін. Себебі әртүрлі елде жасайтын қандастарымыз (мысалы Өзбекстан мен Қытай республикасында) арасында осы күндері жергілікті халықтың тілдерінің әсері байқалады. Ал, Ресейдегі қандастарымыз бірнеше ұрпақтан соң тілімізді жоғалтуы мүмкін деп қауіптенеміз. Олардан Қазақстанға ағылып келіп жатқан қандастарымыз жоқ...
Қазақ тілі қандай бай болса, әдебиеті де соншалықты бай екенін мақтанышпен айтамыз. Оған мысал, қазақ ауыз әдебиетінің көлемі 100 том болып баспадан шығып жатқаны баршаға мәлім. Осы күндері 91 томы жарық көрді... Осы аталған жетістіктеріміз бен ерекшеліктеріміз кешегі 300 жыл өмір сүрген Қазақ мемлекетінің жетістігі, сол кезде қалыптасты... Сол бір орталыққа бағынған айбынды Қазақ мемлекетінің арқасында тіліміз бен әдет-ғұрпымыз біркелкі болып қалыптасты. Бұл не деген күшті мемлекет болған. Оның күштілігі мен құдіреттілігі әрине басқаруына байланысты болды. Барлық жетістігімізді жіпке тізіп қарайтын болсақ түгелдей үш ғасыр өмір сүрген Қазақ мемлекетіне борышты екенімізді көреміз.
Қазақ мемлекетінің қандай ерекшеліктері болды, соған қысқаша тоқталайық. Ең алдымен айтатынымыз, Қазақ хандығы – ең демократиялы мемлекет болды. Себебі Хан билігі – шектеулі болды. Ханның өзі сайланбалы болды. Қазақта қырық ру болса, әр рудың басшысы яғни рубасы басқарды. Ол, әрине, белгілі би болды. Хан рубасылары келісімінсіз ештеңе шеше алмайтын еді. Қорыта айтқанда хан түгелдей рубасыларына тәуелді болды.
Басқару мәселесімен.
Әскери мәселемен, себебі ханда әскер болған жоқ. Әскерді рубасылар берді.
Экономикалық жағынан – ханға алым салықты да рубасылар берді. Демек Қазақ мемлекетінің ханы түгелдей билер институтына тәуелді болды.
Қазақтың билер институті адамзат тарихында, яғни аса дамыған демократиялы ел тарихында ерекше құбылыс және біртұтас үлкен күрделі процесс. Соңғы үш ғасырда осынау күрделі мәселені көптеген ғалымдар зерттеді. Сол зерттеулер әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Біз төменде осынау тарихи процесті Ә.Кекілбаевтың қалай зерттегеніне сараптама жасаймыз.
Ә.Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерттеулерінің ішінде ерекше орын алатыны Қазақ еліндегі билер институтын зерттеуі. Осы күрделі зерттеулерде алдымен тоқталатынымыз тарихи тұлғаның бірі Әйтеке би туралы зерттеулері.
Жалпы қазақ еліндегі билер институтының тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерттеді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, ХІХ ғасырда Ш.Ш.Уәлиханов, ХХ ғасырда С.З.Зиманов болатын. Ал, Әбіш ағамыз Әйтеке биге қатысты барлық деректі жан-жақты зерттегенін қазір біз мақтанышпен айтамыз...
Әйтеке бидің ХҮІІІ ғасырда өмір сүргендігі туралы Ш.Ш.Уәлиханов еңбектерінде қате жазылып кеткендіктен соңғы жылдарға дейін көптеген зерттеушілерді жаңылыстырды. Ә.Кекілбаев осы тақырыпқа қатысты материалдарды мұқият зерттеген себепті, Әйтеке бидің ХҮІІІ ғасырда емес, тек ХҮІІ ғасырда өмір сүргенін дәлелдеді.
«Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп Әйтеке би туралы: «...алаш ішінде алшыннан. Алшын ішінде Әлімнен. Әлім ішінде Төртқарадан. Төртқараның Қарашы. Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасым хан өлген соң біраз уақыт қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы күллі ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұқар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназарұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз Таныштың «Абдулла-нәмесіндегі» Дінмұхамед. Қасым өлгесін, шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, қазіргі Орта Азияның кейбір шаһар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек» [1]- деп оның туып өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар туралы нақты мәліметтерді келтіреді.
1748 жылы Әбілхайыр ханды Неплюевтің тапсырмасымен өлтірген Барақ сұлтанды ақтап шыққан атақты билер ішінде Төле би мен Әйтеке би болғандығы туралы жалған мәлімет Ш.Ш.Уәлихановтың «Сот реформасы туралы жазбалар» (1-том, 1961, 506 бет.) атты еңбегінде жазылып кеткен болатын. Шынында бұл оқиғаға Төле би де, Қазыбек би де, Әйтеке би де қатысудан аман болатын. Біріншіден, Төле би мен Қазыбек би Барақты ақтау түгілі ешқашан жақтаған емес. Екіншіден, Әйтеке ол кезде дүниеде жоқ болатын...
Ә.Кекілбаев сол оқиғалардың шындығын алғаш рет анықтағандардың бірі еді. Барақ туралы: «төрт биге, атап айтқанда, Кіші Орданың Алшын Төртқарасының Қаратоқасына, Қаракесегінің Қожанабы мен Мәмбет аталығына, Орта жүздің бағаналы Найманының Өтебайына өз атынан сәлем жолдап, егер солар Әбілхайырды өлтіргенің теріс болды десе, басымның еркін соларға беремін»,- депті. Көріп тұрмыз, бұлардың арасында Төленің де, Әйтекенің де аты жоқ. Ю.Гуляевтің күнделігінде келтірген бұл деректі С.Абдрезяков қуаттайды» - [1] деп нақты мәліметтермен дәлелдеген болатын.
Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей патшасына хат жазып бодан болуға өтініш жасағанын да, оның 1742 жылдың күзінде Орынбор генерал губернаторы Неплюевке барып ант бергені, патшаға елшілікке батыр Сырымбет Бекбасұлын жібергені туралы да алғаш Әбекең жазған еді.
Бұл жерде біздің айтпағымыз, осы Әбекең алғаш айтқан тарихи аса құнды мәліметтер И.В.Ерофеева зерттеулерінде түгелдей қолдау тапқанын және кеңейтілгенін айтуға міндеттіміз.
Патша өкіметі, Орынбор басшылары, көп жылдан бері бағынбай жүрген Әбілхайыр ханның қаза болғанын тойлап жатты. Ең басты мәселе ол қазақ сұлтанынның қолынан қаза тапты. Демек осы оқиға нәтижесінде қазақ елін және оның сұлтандарын қырылыстырып қызығына батамыз деп есептеді. Алайда, олай болмады. Қазақ елі Әбілхайыр сынды кеудесін оққа төсеп 48 жыл бойы өз елін Ресей империясынан және оның итаршыларынан қорғаған батыр қолбасшыны өзінің қадірлі адамдары аса құрметтейді екен. Олар Барақты өлтіріп қана қоймады, жанында болған Сырымбет сияқты адамдарды да және оның балаларын да аямады. Осы қатаң жазалауды әрине Әбілхайырдың балалары басқарды.
1750 жылы сәуір айының басында жазған хатында адай Мырзатай батыр (Әбілхайырдың бәйбішесі Бопайдың ағасы) Ю.Гуляевке Барақтың өлтірілгенін хабарлады. Мырзатай батыр сол хатта Барақтың жанында болып, Әбілхайырды өлтіруге қатысқан Сырымбет батырды және оның бала шағасын Әбілхайыр балалары Ералы мен Нұралының жазалап өлтіргенін жазған еді. [2] (Материалы по истории КазССР. Т.2. ч.2. стр.341).
1753 жылдың 3-қаңтарында Нұралы ханның Тевкеловке жазған хатында осы оқиғаларды толық баяндайды. Барақ өлтірілген соң інісі Ералының Сыр бойындағы аулына адам жіберіп, әкесін өлтірген Барақтың өлтірілгенін, алайда басқа қаскүнемдердің әлі тірі екенін және олардың аулының қазір қай жерде отырғанын дәл хабарлайды. Осы хабарды есіткен Ералы асығыс өз жасағымен аттанып Барақтың аулына жетіп талқандайды. Сонда Сырымбет батырды және әйелімен қоса үй-ішін түгелдей қырып тастаған. Бұл тарихи мәліметті алғаш рет Б.С.Сүлейменов пен В.Я.Басин жариялаған болатын: «... семью ево, также и семью Баракову и все имение, служителей, служанок и верблюдов их... в добычу получил...», « чрез одна ночь... всех трех злодеев разорил...» [3] (
Сулейменов Б.С. Басин В.Я. Казахстан в составе России. /Приложение/ 189 – бет).) - деп жазылған мәліметтерге қарағанда Барақ семьясынан тек бір ғана әйел аман қалған екен [4]. (Ерофеева, 304 бет).
Ералы Барақ пен Сырымбет батырдың үй ішіндегі адамдарды түгел қырғанын айыптап, оның ағайындары құн сұрап билер сотына шағым жасайды. Міне осынау үлкен әрі қиын әйгілі сот процесін Ұлы жүздегі атақты
Төле би басқарады. Себебі бұған туыстық жағынан да, жерлестік жағынан да қатысы жоқ нейтрал адам, яғни Ұлы жүздің биі басқаруға тиісті болады. Міне осынау тарихи оқиғада қазақ биінің әділ соты жарқырап көрінеді.
Сырымбет батырдың туыстары, Сырымбетті кінәлі деп есептегенге келіседі, алайда оның жазықсыз балалары мен әйелдерін қырып тастағаны үшін Ералыға құн төлетуді сұрайды. Алайда, Төле би Ералының екі қылмысын да кешіреді. Кешіріп қана қоймайды, одан бетер тағы жаза қолданады. Қорыта айтқанда Сырымбеттің туыстарын Ералыға құн төлеуге мойындатады. [5] (
Баллюзек Л.Ф. Народные обычаи, имевшие, а отчасти и имеющие в Малой киргизской орде силу закона.//Записки ИРГО. 1871. Вып.7//;
Добросмыслов А.И. Тургайская область. Оренбург. 1900. Стр.84.; Материалы по казахскому обычному праву. А.1948. Сб.1. Стр.204;).
Осы аса құнды материалдарды біздің заманымызда қайта қарап, алғаш жариялаған И.В.Ерофеева: «...Толе-бий не только оправдал сына Абулхаира, но и присудил сородичам Сырымбета уплатить в его пользу два куна, а остальные четыре куна султан им простил» (304-бет) - деп жазған еді.
Қара қылды қақ жарған әділдік деген осы. Қазақ билерінің әділдігі соншалық, ақты ақ деп, қараны қара деп әділ төрелік еткен. Бұл жерде аса құнды тарихи мәліметпен Төле би түгелдей Барақты ақтады деген жаманаттан құтылады. Жоғарыда көрсеткеніміздей оның өзі Ш. Уәлиханов еңбектерінде үстіртін жазылып кеткендіктен, Кеңес заманындағы зерттеушілердің негізге алуына себеп болды. Алайда, осынау Әбілхайыр ханды өлтірген Барақты ақтаған Төле би мен Әйтеке биге жабылған жала сол ХІХ ғасырдың өзінде-ақ анықталған еді. Себебі ол Л.Ф.Баллюзектің 1871 жылғы жарық көрген зерттеуінде анықтап жазылған еді. Одан соң Добросмысловтың 1900 жылғы еңбегінде көрсетілген еді. Осы тарихи мәліметтер қазақстандық кеңес ғалымдарының назарынан тыс қалмаған болатын. 1948 жылы Алматыда жарық көрген «Материалы по казахскому обычному праву» атты жинақтың 1-бөлімінде берілген болатын. Алайда, осы аса құнды мәліметтер көп ұзамай ескерусіз қалды. Оған негізгі себептердің бірі 50-ші жылдардың ақыры, 60-шы жылдардың басында қазақ ғалымы Ш. Ш. Уәлихановтың еңбектерінің жарық көруі болған сияқты. Сонда әлгі айтқан жалған мәліметтің жарық көруі Әбілхайыр тарихына да, Төле би тарихына да нұқсан келтірді. Осы кемшілікті қайтадан зерттеген Ә.Кекілбаев еңбектері 1997 жылы, ал, И.В.Ерофееваның зерттеулері 1999 жылы жарыққа шыққанын мақтанышпен айтамыз.
Қысқасын айтқанда, жоғарыда көрсетілген Әбекеңнің зерттеулері Төле би тарихын зерттеушілерге үлкен сый болды...
Бұл жерде біздің айтпағымыз, Барақ сұлтанды кейбір жазушылар Әбілхайырды Ресейге бодан болғаны үшін өлтірді деген қауесетті қолдап, оны нағыз патриот есебінде көрсетуге тырысуы. Ал, Ә.Кекілбаев Барақ сұлтанның 1735 жылы Ресей қоластында болуға ниет білдіріп хат жазғандығы, 1742 жылдан бастап ресми бодан болып Ресей бұйрықтарын орындағанын, яғни патша өкіметінің нағыз шынжыр балақ, шұбар төс қолшоқпары болғандығын көрсетіп, тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жапты...
Барақ сұлтанның Ресей қолшоқпары болғандығы туралы өз заманында Ш.Ш.Уәлиханов мына мәліметті жариялаған еді. Башқұрттармен достық қатынасты Әбілхайыр өмір бойы жалғастырды. 1736 жылы башқұрттардың кезекті көтерілісі бұрқ еткен кезде, патша өкіметі қазақтар мен қазақтарды және бір рет жауластырмақшы болып көп ақша бөлді. 1738 жылдың ақпан айында Татищев «Әрбір башқұрттың басын әкелген қазаққа 60 рубльден ақша беріледі. Кек алатын және байып қалатын жағдайыңыз бар» (Олкотт Б.) – [6] деп қазақ еліне жар салды. Кейбір қылмыс істерді башқұрттан көріп жүрген қазақтар осыны пайдаланып кек алмақшы және ақша таппақшы болды, бірақ, олардың бірде бірін Әбілхайыр жібермеді, керісінше ол бұрынғыдай башқұрт халқына көмектесті.
1740 жылы Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан Ресейге ант берген салтанатында олардың башқұрт көтерілісін басқарған Шона батырды ұстап береміз деп уәде бергеніне ашуланған Әбілхайыр балалары Нұралы мен Ералы кетіп қалады. Олардың ашуланатын себебі әкесі Әбілхайыр өмір бойы башқұрт елін қызғыштай қорғады. Әбілхайырдың мұнысын қазақ елінің игі жақсылары түгелдей қолдаған. Сол Шона батырды Әбілхайыр алдымен қауіпсіз болуы үшін Қабанбай батырдың қол астындағы Найманның Қаракерей аулына жіберіп паналатады. Осы мәселе туралы Ш.Ш.Уәлиханов: «Поселившись в степи, он сделался опасен как для России, так и для Джунгарии: первая боялась, чтобы он снова не возмутил башкирского народа, вторая была напугана его самозванством: какой-то Шуна, погибший претендент на джунгарский престол, был так любим джунгарским народом, что последний готов был во имя его восстать против тогдашнего хана Галдан Серена» -[7] деп жазғаны тарихи шындық.
Ал, Ресей басшылары башқұрт көтерілісінің басшысын қолға түсіру үшін Барақ сұлтанды жалдайды. (Себебі Барақ қоластындағы азғантай елмен 1742 жылдың күзінде Ресейге бодан болуға ант берген еді. Ал, өтінішті Ресей патшасына 1735 жылы жазған болатын. Ант беру кезінде оған көрсетілген сый – құрмет Әбілмәмбет пен Абылайға көрсетілген құрметтен әлдеқайда асып түсті.). Әрине Ресеймен одақтас Жоңғар басшысы да осы істі Бараққа жүктейді...
Бараққа тез арада Шона батырды ұстау әлде өлтірудің сәті түспейді. Ол нөкерлерімен Қабанбай ауылын аңдуға кіріседі. Ал, Қабанбай болса қауіп шындап төнген кезде Шона батырды Қарқаралыдағы Қазыбек бидің ауылына жөнелтеді... Бараққа деген Ресей мен Жоңғар басшыларының қысымы күшейеді. Барақтың Жоңғармен қатынасының күшті болғаны соншалық, бір баласын аманатқа беріп қойған еді. Ш.Ш.Уәлиханов осы оқиға туралы: «Когда Барак султан посылал к Галдан-Серену в замену прежнего аманата своего сына Шигая, то Галдан-Серен обещал ему отпустить его сына Шигая, если он поймает мнимого Шуну»,[8] - деп жазған (1-436).
Қазақ елі қызғыштай қорғап жүрген Шона батырды күшпен ала алмайтынын түсінген Барақ, амалы таусылып басқа айла қарастырады. «Мен Шона батырға қарындасымды беремін, құдандалы боламыз!» – деп кісі жібереді. Ол тіпті қарындасын көндіріп те қояды. Ұзатылатын күні мен ырым-жырымы келісіліп, Шона батыр қызды алып кетпекші болады. Барақ оны осылай тұтқындау үшін жендеттерін сайлап, тағатсыз күтеді. Қазақ батырлары мен Қазыбек би Барақтың арам пиғылын бұрыннан біліп жүрген себепті Шонаны белгіленген күні жібермей қояды. Сөйтіп Ресей қоластына қара басының қамы үшін кірген (1742), қолшоқпар және итаршы болып жүрген Барақ осылай Ресей алдында қарыздар болып қалады.
Ал, Шона батырды қазақ елінің құрметтегені соншалық, Барақ сияқты итаршылардың қолына түспей-ақ жасы жетіп қартайғанша өмір сүріп, қазақ арасында дүниеден өтеді. Мұның бәрі Орта жүз батырлары мен билерінің башқұрт халқына Әбілхайыр сияқты әскери жәрдем бермесе де, осындай туысқандық көмек көрсеткенін айғақтайды. Қорыта айтқанда, қазақ елінің басшылары Әбілхайыр саясатын яғни оның Ресейге қарсы күресін әрқашанда қолдағанын көрсетеді.
Ә.Кекілбаев Әйтеке бидің жерленген жері туралы дақпырт жасап жүргендердің жорамалдары туралы: «...Тәуке тұсындағы Кіші жүздің ұлыс бегі Әйтеке, міне осындай ықпалды әулеттен шыққан. Ол Жалаңтөстің әкесі бір, анасы бөлек бауыры Ақшаның үшінші баласы Бәйбектен туады. Бір ғажабы, осындай атақты тұқымнан өрбіген атақты бидің қай жерде жерленгені беймағлұм» [9] (Қарабура, 280-бет) - деп олардың әртүрлі жорамалдарын жоққа шығарып нақты деректермен жазған болатын.
Сондай-ақ Ә.Кекілбаев Әйтеке би туралы зерттеуінде Жәнібек батырдың екеу екенін алғаш көрсеткендердің бірі. Бірі Кіші жүздегі сұлтан Жәнібек болса, екіншісі Арғын шақшақ Жәнібек...
Жалпы, Ә.Кекілбаевтың әдеби мұрасы мен тарихқа қатысты зерттеулерін негізінен былай жіктеуге болады:
Қазақ тарихы (саяси тарих, өнер тарихы, деректану);
Мәдени мұра;
Өркениет;
Руханият.
Оның қай шығармасын алсаңыз да, қазақ елінің өмір тіршілігі мен тұрмыс-салтын қамтиды. Қорыта айтқанда этнографиялық жағынан аса құнды екенін айтуға міндеттіміз. Сондай-ақ мәдени мұрамен тікелей байланысып жатады. Қазақ елінің өміршеңдігі, сан қилы қиын замандардан өтіп, осынау егемен мемлекет жағдайына жетуі, рухани байлығы, өркениеті және басқа тұстары халқымыздың руханиятын жан-жақты көрсетеді.
Біз Әбекеңді Батыс Қазақстанның тарихы мен мәдени мұрасын зерттеушілердің ішіндегі ерекше ірі тұлға деп танимыз. Оның әдеби шығармалары мен тарихымызға арналған зерттеулері қазақ шеңберінен әлдеқайда асып кеткен, бүкіл түркі халықтарына ортақ екенін мақтанышпен айтамыз.
ХҮІІІ ғасырға дейін өмір сүрген және бір орталыққа бағынған, біртұтас Қазақ мемлекетінің жетістігі қалай ыдырап, Ресейге жем болғаны туралы күрделі тақырыпты және рухани мәдениетімізді зерттеуге Ә.Кекілбаев ерекше үлес қосты.
Жоғарыда көрсеткеніміздей Ә.Кекілбаев еліміздің нақты тарихын зерттеуге көп еңбек сіңірді. Қазақ шежіресі мен аңыздарын аса мұқияттылықпен пайдаланып халық игілігіне жарату керектігін нақты дәлелдермен көрсетті. Қысқаша айтқанда Әбекең Батыс Қазақстан тарихы мен мәдени мұрасының үлкен маманы. Сондаықтан қандай шара болса да Әбекеңнің ақыл кеңесімен өтсе нұр үстіне нұр болады.
Ә.Кекілбаев шығармалары қазақ әдебиеті ғана емес тарихында да ерекше орын алатынын мақтанышпен айтамыз. Себебі ол тарихымыздың аса көкейкесті мәселелерін көптеген мұқият зерттеулер нәтижесінде жазған.
Енді Билер институтының тағдырына және белгілі зерттеушілердің еңбектеріне қысқаша шолу жасайық.
Би деген сөзді естігенде осы күнге дейін елең етпейтін қазақ баласы жоқ деп айтуға болады. Осы терминнің аса жағымды есітілетіні соншалық, шын мәнінде ол қазақ өмірімен біте қайнасып кеткен тарихи күрделі процесс екенін бұл күнгі ұрпағымыз білуге тиісті. Сонау ерте заманнан бері келе жатқан қазақтың би институтын зерттеу соңғы үш ғасыр бойы жүріп, әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Қазақ тарихында бидің алатын орны ерекше, сондықтан би институты жалпы мемлекеттің саяси және мәдени өмірінде әрқашан маңызды роль атқарады. Әрине, қазақ мемлекетін хан басқарды деп айтылғанмен шын мәнінде хан мемлекет істерін өз кеңесшілерімен, яғни билермен ақылдасып шешіп отырған.
Мысалы, Тәуке хан тұсындағы «Билер кеңесіне» бүкіл қазақ елінен 80, тіпті жүзге дейін билер қатысқан. Демек, әрбір рудан 1-2 әйгілі билер міндетті түрде қатысып отырған. Кейінгі жылдары, Тәуке хан тұсында соңғы нұсқасы жазылған Қазақ мемлекетінің заңдар жинағы – «Жеті жарғы» туралы көп айтылса да, оның құрастырушылары туралы үш жүздің үш биі ғана қатысқан деген сияқты шолақ пікірлі ойлар көптеп естіліп жүр. Біріншіден, «Жеті жарғы» қазақ мемлекетінде, жалпы одан бұрынғы ата-бабамыз тарихында бірінші емес, оның талай нұсқасы болған. Екіншіден, Тәуке хан тұсында оның жаңа редакциясын жасаған болса, оған үш би емес, талай тарландар қатысса керек.
Қазақ хандығын үш жүзге бөліп билеу – сонау Батыс Түрік қағанаты заманынан қалған, яғни мұрагерлік әдіс. Мұнда қазіргі кезде көптеген шежірешілеріміз әлде тарихшыларымыз ойлайтындай туысқандық ешқандай қатынас жоқ... Бұл тек «әкімшілік бөлу», сондықтан қазіргі шолақ түсінікпен айтқандай, туысқандық ешқандай белгі жоқ. Қазақта қырық ру болса, олар туысқандық жағынан да, құқ жағынан да бірдей. Аумақ үлкен болған соң, үлкен үш аймаққа бөліп билеу шын мәнінде ата – баба дәстүрінің, яғни Қазақстан жерінде өмір сүрген іргелі мемлекеттер дәстүрінің жалғасы, сондай-ақ өмірдегі қажеттілік.
Қазақ қоғамымен біте қайнасып келе жатқан билер институты өз ерекшелігімен біздің тарихымызда аса маңызды орын алады. Шын мәнінде біздің өткен тарихымыздағы үлкен мақтанышымыз.
Қазақ еліндегі билер институты яғни ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігінде, саяси өмірінде билердің алатын орны мен ерекше маңызын өткен ғасырда ұлы ғалым – шығыстанушы Ш.Ш.Уәлиханов жан-жақты зерттеген болатын. Осы мәселені одан әрі толықтырып, ХХ-ғасырда түбегейлі зерттегендердің бірі Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі С.З.Зиманов. Әрине, қазақ қоғамындағы ерекше құбылыс билер институтын патшалық Россия ғалымдары өз мақсаттары үшін зерттеп, қазақ елін түгелдей отарлау үшін ең алдымен би институтын тамырымен қиратып құрту керек деп қорытқан. Солардың барлық зерттеулерін және қазақ қоғамындағы билердің орнын құртуға айналған патша өкіметінің экспанциялық саясатын түгелдей сараптаған Ш.Ш.Уәлихановтың осынау зерттеуі шын мәнінде осы күнге дейін құнын жоғалтпаған ірі, кесек ғылыми жұмыс.
Осы мәселені одан әрі түбегейлі зерттеп, яғни Батыс Қазақстандағы билер институтының тарихына байланысты нақты архивтік материалдарды көтеріп, теңдесі жоқ ғылыми кітаптар жазған – С.З.Зиманов. Сондықтан, осынау мәселені зерттеушілер бұл күнде Ш.Ш.Уәлиханов пен С.З.Зимановқа түгелдей борышты...
С.Өтениязов,
т.ғ.к., профессор
1975
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.