«Nur Otan» партиясы Мұнайлы ауданында партияның кадрлық резервіне іріктеудің екінші кезеңі жалғасуда. Жоба пилоттық негізде іске асып жатыр. Іріктеу 3 кезеңнен тұрады. Оған жасы 20-дан асқан ауданның кез-келген тұрғыны қатысуға мүмкіндігі бар. Үздік идея авторлары «Nur Otan» партиясының мүшесі атанып, қажетті салаларды дамытуға үлес қоспақ. Бірінші кезеңі тіркелу, екіншісі үгіт-насихат жұмыстары және үшінші кезең – дауыс беру науқаны. Үгіт-насихат кезеңінің үміткерлер арасындағы ашық пікірталасы 8-9-11 қараша аралығында өтті. Кандидаттар ауданның маңызды мәселелерін бағдарламаларына қосып, пікірталаста ортаға салды. Кадрлық резерв бойынша «Nur Otan» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Мұқанжан Камалов «Партияда жоқ, бірақ өзінің айтар ойы бар, осы ауданымыздың, өңіріміздің дамуына үлесін қосамын деген әрбір азаматты біз шақырдық. Себебі көзге көрінбей жүрген азаматтар болуы мүмкін. Міне, бүгінгі таңда осы азаматтарымыз келіп, қазір 49 кандидат тіркелді» деп мәлімдеді. Солардың бірі – Мұнайлы аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаты, «Ерасыл» балабақшасының директоры, көпбалалы ана Гүлжанат Қонысбаева іріктеудің Мұнайлы ауданында өтіп жатқанына қуанышты екендігін жеткізді. – Ауданымыз бұдан 12 жыл бұрын 2007 жылы Елбасының Жарлығымен Ақтау қаласының маңындағы елдімекендер мен саяжайларға қоныстанған халықтың әлеуметтік мәселелерін бір орталықтан шешу мақсатында құрылды. Елбасының өзі келіп ашып берді. Аудан ашылғалы біздің бос жатқан сайын даламызға ақ шатырлы ауылдар пайда болып, елдімекеніміздің көркі бұрынғымен салыстырғанда адам сенбестей көркейді. «Nur Otan» партиясы кадрлық резерв жобасының басталғаны өте жақсы бастама, «Есіктен - есікке» акциясы аясында халықтың мәселесімен жақын танысуға ұсыныстарын жинауға зор мүмкіндік берді. Біздің аудан ашылғанда 48 000 ғана адам болса, қазірде халық саны 168 мың 400-ге дейін жетті. Халық көбейген сайын халықтың мәселесі де көбейеді. Әр ауылға желі арқылы су жүргізу, себебі МАЭК-тен келетін судың мөлшері жетіспейді. Ауыл іші жолдарын асфальттау, кәсіпкерлікті дамыту, мектеп жетіспеушілігін болдырмау, спорт алаңдарын жабдықтау, ауылдардағы кітапхана тапшылығын жою, музейлер ашу, оқушылар орталығын салу, ауылды қала деңгейіне жеткізіп, халыққа қызмет ететін мекемелердің жұмыс сапасын қалалық дәрежеге жеткізуге атсалысуды жоспарлаймын, - деді Гүлжанат Өтеуқызы. Мұнайлы ауданындағы кадрлық резервке іріктеу әлі жалғасуда. Қорытындысы 16 қараша күні кешкі сағат 18.00-ге дейін жарияланатын болады деп күтілуде.
Марат Абзал, «Nur Otan» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының консультанты