Жуырда Ақтауда Еуропалық одақ және «Сорос-Қазақстан» қорымен бірлесе отырып «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянс» ұйымдастырған «Азаматтардың бюджет процессіне қатысуы» тақырыбында кездесу өтті. Шараның мақсаты — халықтың шешім қабылдау процессіне жұртшылықтың қатысуын арттыру және Маңғыстау облысына қарасты ауылдардағы жергілікті өзін-өзі басқару сұрақтарын қарастыру. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев сұхбат алаңының маңыздылығын атап өтіп, ауылдарды дамытуға арналған бағдарламалардың қорытындыларына қысқаша тоқталды. — Ауылдарда өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл «Ауыл-ел бесігі” жобасы іске асырылуда. Бағдарлама аясында тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандарды жаңарту көзделіп отыр. Ал “Ауылды бірлесе дамыту” жобасы арқылы ауылдардағы шағын бизнеске қаржылай көмек көрсетілді. Соның нәтижесінде 20-дан астам ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ ЕО-мен серіктестігімізді әрі қарай жалғастырамыз деп ойлаймын, — дейді облыс әкімінің орынбасары. Келесі болып «Азаматтық альянстың» басшысы Жібек Ахметова сөз сөйледі. — Қазіргі таңда әрбір азамат жергілікті бюджетті жоспарлауға, оның игерілуін қадағалауға құқығы бар. Сұхбат алаңында қоғамдастықтар, қауымдастықтар қаншалықты шешім қабылдау процесстеріне қатысып жатқандығын анықтауға жиналып отырмыз, — дейді Ж.Ахметова. Оның айтуынша, «Ауылды бірлесе дамыту: Жергілікті өзін-өзі дамытуға бірлесе ықпал ету» аясында Түпқараған және Мұнайлы аудандарындағы 13 ауылдың инклюзивті даму жоспарлары жасақталып енгізілді, ауылдардың проблемаларын талқылау мақсатында сұхбат алаңдары өткізіліп, 22 кәсіпкерге жалпы соммасы 20 млн.теңгеден асатын қаржылық көмек көрсетілген. Жоба аясында ауыл кәсіпкерлері жұмыс орындарын ашуда, мүмкіндіктерін кеңейтіп, өз істерін сәтті жүргізуде. — Қазіргі таңда кәсіпкерлер 5,5 млн-нан астам теңге табыс тапты, — дейді АА басшысы. Сондай-ақ жиынға Еуропалық одақтың Қазақстандағы ынтымақтастық бөлімінің басшысы Йоханнес Стенбаек Мэдсенге қатысты. Ол өз сөзінде өзіне көрсетілген құрмет үшін Ақтау қаласына рахметін айтып, Қазақстан-Еуропалық одақ қарым-қатынасына қысқаша тоқталды. — Қазақстан және ЕО қарым-қатынасы өз бастауын 1993 жылдан бері жалғасуда. Содан бері біз сауда, білім, қоршаған ортаны қорғау, көлік салаларында бірнеше жетістіктерге жеттік. Соның бірі — “Ауылды бірлесе дамыту: Жергілікті өзін-өзі дамытуға бірлесе ықпал ету» жобасы. Бұл сұхбат алаңы Маңғыстау облысындағы жергілікті тұрғындардың өзін-өзі басқарудағы көрсеткіштерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр, — дейді ЕО-ның Қазақстандағы өкілі. Оның айтуынша, ЕО осы жобаға 412 мың еуро қаржылай көмек көрсеткен. Отырыста ауыл қоғам мүшелері мен жобаның басқа қатысушылары қатысып, бірнеше тақырыпта сөз сөйледі. Жоба менеджері Гүлден Абубакирова мемлекеттік сатып алу порталының бюджетті қадағалаудағы тиімділігін тілге тиек етіп, Ақтау қаласын көгалдандыруға жұмсалған қаражаттың дұрыс игерілмегендігін мәлімдеді. Ал Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Айнагүл Байбатырова ауылдағы көлік жүйесінің ахуалына тоқталды. Айтуынша, бір жыл бұрын қоғамдық көліктердің жағдайы өте нашар болған. Қоғам белсіндісі ретінде көліктердің кесте бойынша жүруіне септігін тигізген. Бірақ жолаушылар тасмалдайтын автобустардың жағдайы әлі де мәз емес. Ал “Жатсар жетістіктері» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова Батыр және Ақшұқыр ауылдарының оқушылары мектептерде үш ауысымда оқитындығын айтты. Ол жаңа мектеп салынған жағдайда қоғам белсенділері мен жергілікті биліктің жоспар жасақтауда белсенді араласуы керек екендігін жеткізді. — Ақшұқыр мектеп-лицейін салған кезде жарық, су, газ тартуда бірнеше мәселелерге тап болдық. Осы қателіктерді қайталамауымыз керек, — дейді аймақтық сарапшы. Сондай-ақ салық жинау мәселесі де қаралды. Жібек Ахметованың айтуынша, облыста орналасқан кейбір мекемелер заң жүзінде басқа облыстарда тіркелген, салдарынан салық Маңғыстау облысына емес, басқа аймақтардың бюджетіне түседі. Сондай-ақ ол аймақтың дамуына жұмсалатын қаржы салықтың жылына бір рет жиналуы тиімсіз екендігін жеткізді. Осыған заңнама деңгейінде өзгеріс енгізілуіне ықпал ету мақсатында отырыстың қорытындылары мен талқыланған мәселелері ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке жеткізбек. — Ұлттық экономика министрі және ЕО өкілдері қатысуымен Нұр-Сұлтанда осы тақырыпта халықаралық конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Азаматтық альянс басшысы. Отырыстан кейін ЕО-ның Қазақстандағы өкілі Й.С.Мэдсен және Азаматтық альянс ЕО-ның гранттарын ұтып алған кәсіпкерлерге барып, олардың ашып отырған жұмыс орындарына мониторинг жасады. Олардың арасында жұмсақ ірімшік дайындайтын Индира Дусенбаева, наубайхана иесі Күләш Дүйсенбаева, калифорниялық құрт өсіріп отырған Айтжанова Дәметкен, қоқыс жинап, қайтадан өңдеуге тапсыру кәсібін ашқан Нұрқия Бекниязова, қыз жасауын дайындап, тігін тігуден шеберлік дәрістерін беріп жүрген Гүлшат Демеуова, дайын ет өнімдерін өндіретін Жұпар Отарова бар. ЕО-ның өкілі кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысып, кәсіпкерлерге ұйым атынан кішігірім сыйлық жасады. Азаматтық альянс өкілдерінің айтуынша, әр кәсіпкер одақтан орта есеппен алғанда бір миллион теңгелік құрал-жабдықтарға ие болған. Сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару жобасына Сорос-Қазақстан қоры да қолдау көрсетуде. Мысалы, 2018 жылдан бері азаматтардың өз ауылдарының дамуына қатысу белсенділігін арттыру мақсатында сомасы 23 млн. тенгеден асатын жобалар қолдауға ие болған. Ауыл тұрғындары (жергілікті қоғамдастық мүшелері, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ) бюджет процессі, мемлекеттік сатып алу порталының қоғамдық мониторингі бойынша өз әлеуеттерін арттырып, ең үздік ауылдық бастамаларға қаржылық қолдау көрсетілген. Нәтижесінде ауылдарда балалар алаңдары орнатылып, көшелер жарықтандарылды, ана және бала кабинеті ашылды.
Арай ЖАУПЕРОВА