Әлеуметтік қамқорлық аясында
[ 2019 ] 7 қараша, 11:20 | Қоғам
Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің тұрақты түрде өткізіп келе жатқан брифингтерінің осы аптадағы қонағы «Түпқараған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ басшысы Г.Берішбаева болды. Ол тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сұрақтар бойынша жауап берді.
- Ауданда атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау бойынша қандай мәселелер бар? Жаңа жылдан бастап жүзеге асатын АӘК төлеудің жаңа моделі туралы не айтасыз?
- Атаулы әлеуметтік көмек 2017 жылы ауданның 7 отбасының 36 адамына 593,7 мың теңге, 2018 жылы 97 отбасының 528 адамына 19,8 млн. теңге көлемінде тағайындалып төленген.
2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек ауданның 301 отбасының 1810 адамына (оның ішінде бала саны – 1193) тағайындалды. Оның ішінде 254 отбасына шартты, 47 отбасына шартсыз түрде берілді.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда отбасының жиынтық табысының құрамынан алтын алқа, күміс алқа иегерлеріне, көп балалы отбасыларға, мүгедек балаларға төленетін жәрдемақы және студенттердің степендиясы алынып тасталды. Яғни олар табыс ретінде есептелмейді. Ең маңызды өзгерістердің бірі – атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда сұралатын құжаттар тізбесі оңтайландырылып, тек қана жеке куәлік қажет етіледі.
Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың деректер қорын Е-Халық ақпараттық жүйесіне интеграциялау арқылы қол жеткізіліп, әрбір азамат өз тұрғылықты жерінің әкімдігіне барып, өтініш бере алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 26 тамыздағы №459бұйрығына сәйкес құжаттарды қайта тек серу нәтижесінде 50 отбасының табысы асып кету себептерінен төлемдер тоқталып, кері қайтару жұмыстары жүргізілуде. Жаңа бұйрыққа сәйкес тиісті тұлғаларға төлемдер әр айдың 10-на дейін жүргізіледі. 270 отбасының құжаттарына жаңа ережеге сәйкес тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі.
Қазіргі таңда тиісті мемлекеттік органдарда базалардың интеграция жасалуына байланысты табыстарын, үйге келетін кірістерді жасыру мүмкін емес.
ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқандай, атаулы әлеуметтік көмекті жетілдіру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа моделі енгізілді. Яғни көп балалы отбасылардың мәртебесін аз қамтылған отбасылардан бөліп, осыған дейін 4 балалы және одан көп баласы бар отбасыларға 2018 жыдың 1 қаңтарына дейін 10500 теңге төленіп келсе, ендігі кезекте көп балалы отбасыларға, құрамында 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі нысан бойынша оқитын студенттері бар 4 балалы отбасына 42500 теңге, 5 балалы отбасына 53125 теңге, 6 балалы отбасына 63750 теңге, 7 балалы отбасына 73375 теңге табыс мөлшеріне қарамастан тағайындалады.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі дәстүрлі тәсілге оралуы кедейшілік шегі – табысының 70%-дан төмен болған жағдайда АӘК-ті тоқсан сайын тағайындау.
АӘК мөлшері отбасының барлық мүшелері үшін кедейшілік шегінен отбасының жан басына шаққандағы табысының айырмасы ретінде белгіленеді.
Жұмыс жасаудан бас тартқан жағдайда, еңбекке қабілетті адамдарға талап күшейеді. Отбасының тек еңбекке қабілетті мүшелері емес, отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылуы мүмкін.
3 жасқа толған бала күтіміндегі анаға жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығы беріледі.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет қарастырылуда.
- Жұмыссыз азаматтарды кәсіптік даярлау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қандай?
- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекетік бағдарламасы аясында еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру, жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүргізіледі. Мерзімі 1 айдан 6 айға дейін болатын қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 29 жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысу үшін тұрғындар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш білдіреді.
2019 жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға барлығы аудан бойынша 67 адам визажист, шаштараз, тігін, электр және газбен дәнекерлеуші мамандықтарына жолданды. Оқуды аяқтаған 58 адамнан 41 (70,7%) адам жұмысқа орналасты.
Техникалық және кәсіптік білім беру, кадрларды даярлау бойынша ҰБТ-дан өтпеген жас түлектер, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы отбасылардың балалары оқи алады.
- Жеке көмекші кімге және қандай тәртіппен беріледі?
- Бүгінгі таңда аудан бойынша 48 мүгедектің жеке оңалту бағдарламасында жеке көмекші қызметі бар.
«Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасының заңына сәйкес әзірленген ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығы «Оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің және естуі бойынша мүгедектер үшін жылына алпыс сағат ымдау тілі маманының әлеуметтік қызметтерін ұсыну қағидалары» туралы құжаттар басшылыққа алынады.
Жеке қызметшінің әлеуметтік қызметтері жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге ұсынылады.
Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсыну жоғарыда аталған қағиданың 1қосымшасына сәйкес жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсынуға медициналық көрсетілімдерді ескере отырып әзірлеген ОЖБ /оңалтудың жеке бағдарламасы/ негізінде жүзеге асырылады.
Жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін алу үшін жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектерге төмендегі құжаттарды:
1) ОЖБ-дан үзінді көшірмені;
2) Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжатты;
3) Жеке сәйкестендіру нөмірін жеке басын куәландыратын құжатта жеке сәйкестендіру нөмірі болмаған жағдайда;
4) Мүгедектігі туралы анықтаманы қоса бере отырып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне осы қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін ұсынуға өтінішпен жүгінеді.
Өзі барып өтініш жасау мүмкін болмаған жағдайда, мүгедек нотариалды түрде куәландыруды талап етпейтін сенімхат негізінде өтінішпен жүгінуді басқа адамдарға тапсырады.
- Жастар практикасы бағдарламасының талаптары қандай?
- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының 3-бағыты жастар практикасы. Жастар практикасы білім беру ұйымдары түлектерінің меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алуы мақсатында ұйымдастырылады. Жастар практикасы меңгерген кәсібі бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының оқуды аяқтағаннан кейінгі 3 жыл ішіндегі және 29 жастан аспаған түлектері қатарындағы жұмыссыздарға арналған. Бағдарлама барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілердің қатысуына жол беріледі.
Жастар практикасы бойынша жұмыс орындарының саны шектелмейді Жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасалған шарт негізінде жастар практикасын өту үшін жұмыс орындарын құрады. Жастар практикасына қатысу үшін жұмыссыз жастар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш береді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша консультация береді және олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді.
Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады. Жастар практикасына жіберілген жұмыссыздарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады. Мекемеде бос орын пайда болған кезде жұмыс берушінің бастамасы бойынша тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі.
Жастар практикасы бағдарламасы бойынша 38 мекемемен келісім-шарт жасақталды. Бүгінгі таңда 49 мекемемен жұмыс жасауда. Жыл басынан жастар тәжірибесіне 85 адам жолданып, 32-сі тұрақты жұмысқа орналасты.
- Микрокредиттің ең жоғары сомасы қандай? Микрокредиттер қанша мерзімге беріледі?
- Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жж. арналған бағдарламасының 2-ші бағыты – кәсіпкерлікті дамыту.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан немесе «Атамекен» микроқаржы ұйымынан 6% үстемемен микрокредит беріледі. Мал шаруашылығы – 7 жылға, қызмет көрсету саласы 5 жылға дейін. «Бизнес-Бастау» жобасына қатысқан жұмыссыз және жұмыссыз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар несие ала алады. Ең жоғарғы сомасы 8000 АЕК (2525*8000=20,2 млн. теңге).
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры және «Атамекен» микроқаржы ұйымынан 6% несие бойынша барлығы 71,7 млн. теңгеге 21 адам несие алған болса, 29 жасқа дейін мал шаруашылығы және тасымалдауға арналған көлік сатып алу үшін несие алған 4 адам (1-Ақшұқыр, 2-С.Шапағатов, 1-Таушық) - 18 млн. теңге. Жалпы саны 25 адамға 89,7 млн.теңге бөлінді.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша барлығы 114 адам оқуға жолданып, 104-і оқуды аяқтады (С.Шапағатов-37, Ақшұқыр-25, Қызылөзен-2, Форт-Шевченко-27, Баутин-6, Таушық-17), жобасын қорғағандар-72 адам.
29 жасқа дейінгі 24 адам оқуын аяқтады (Форт-Шевченко-9, Баутин-1, Таушық-7, Қызылөзен-2, С.Шапағатов-5), жобасын қорғаған – 15 адам.
100 АЕК грант бойынша аудан бойынша 6 адамға 1,5 млн. теңге бөлінді, қазіргі таңда 6 адамға қаражаты аударылды. Оның ішінде 29 жасқа дейінгі 1 адам (Форт-Шевченко) 252 500 теңге.
200 АЕК грант бойынша ауданға 53 адамға 26,7 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда 24 адамның құжаты комиссиямен мақұлданып, қаражаттары аударылды, оның ішінде 29 жасқа дейінгі 6 адам (4-Таушық, 1-Форт-Шевченко, 1-Баутин) - 3 млн. теңге.
- Мүгедектігі бар тұлғалар үшін қандай көмек түрлері бар?
- Түпқараған аудандық мәслихатының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы № 17/111 «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы» туралы шешіміне сәйкес жергілікті бюджеттен барлық топ мүгедектеріне 5 мерекеде 5 АЕК, бала жастағы мүгедектер үшін 1 маусым балалар күні мерекесін қоса алғанда 6 мерекеде 5 АЕК мөлшерінде құжат жинақтаусыз, үздіксіз қаржылай көмек көрсетіліп келеді. Қазіргі кезде атаулы мерекелерге орай 1292 мүгедекке 50,9 млн. теңге мөлшері төленді. Бұл тек наурыз, мамыр, маусым, тамыз айларындағы мерекелерде төленсе, осы көрсеткіш шамасында тағы да 2 атаулы мерекеде төленіп отырады. Мүгедек балаларды үйден оқыту үшін шығындарын төлеу үшін аудан бойынша үйден оқитын 17 балаға 1,8 млн. теңге төленді.
9 мамыр – Жеңіс күні мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдарға 50 АЕК, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жан қиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін марапатталған адамдарға 40 АЕК, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан қаза тапқандардың отбасыларына 50 АЕК, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға 10 АЕК мөлшерінде, сондай-ақ үйден оқитын мүгедек балаларға әр ай сайын 5 АЕК мөлшерінде қаржылай көмек аударылып келеді. Сонымен қатар 6 қазан қарттар күніне орай 70 жастан асқан қарттарға 2 АЕК мөлшерінде көмектер көрсетіледі.
2013 жылдан бері ауданымыздағы көп балалы, аз қамтылған отбасының балалары ауданға қажетті мамандықтарға оқытылып, оқу ақысы мен ай сайынғы шәкіртақысы төленіп отырады. 2018 жылдан бері жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі мамандарды даярлау және білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету облыстық білім басқармасы арқылы ұйымдастырылуда. Осы бағытта 37 отбасының балалары білім алуда. Оларға шәкіртақыға 1,8 млн. теңге төленсе, ҰОС ардагерлеріне теңестірілген тыл ардагерлері мен әскери жесір отбасылары, Ауған соғыс ардагерлеріне, Чернобыльда болған азаматтарға барлығы 11,7 млн. теңге төленсе, 22-наурыз мерекесіне орай жергілікті бюджет есебінен ауданның «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне (611 адам) 2 АЕК мөлшерінде барлығы 3,1 млн. теңге төленді. Семей ядролық полигонында болған азаматтар үшін 25 адамға 631,2 мың теңге төленді.
30 тамыз – Конституция күні мерекесіне орай асыраушысынан айырылған отбасы балаларына 8 АЕК мөлшерінде бір жолғы көмек, яғни 226 отбасының 428 баласына 8,6 млн. теңге төленді.
Сондай-ақ 2019 жылдың 1 тоқсанында бір жолғы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген 71 азаматтың өтініші қанағаттандырылды. Оның 22-сі өкпе ауруымен ауыратын адамдар және 11 онкологиялық дертке шалдыққандар үшін 26 АЕК мөлшерінде 2,1 млн. теңге төленсе, қалған 38 адамға әртүрлі мөлшерде 919,0 мың теңге, барлығы 3 млн. теңгеге көмек көрсетілді.
Аудан бойынша 0-16 жас аралығында 223 бала жастан мүгедек болса, 18 жастан асқан іске қабілетсіз деп танылған мүгедек саны - 15. Осы мүгедек баланың күтімі мен бала кезден бірінші топ мүгедегінің күтімі бойынша жәрдемақы 31183 теңгеден, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 41578 теңге төленуде.
АҚКЕТІК-АҚПАРАТ
1491
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.