Маңғыстау облыстық төтенше жағдайлар департаментінде Құтқарушы күніне арналған салтанатты жиналыста ТЖД-нің, департаментке бағынышты мекемелердің бір топ қызметкеріне марапаттар тапсырылды. Марапатталған 26 қызметкердің жетеуі ҚР ІІМ-нің марапатын иеленді. Үлкен-кіші апаттар, төтенше жағдайлар күнделікті болып жатады. Басымызға түспесе, байқала бермейтін апаттарды алдын ала болжай білу мүмкін емес. Ал құтқарушылар дегеніміз—барлық уақытта көмекке келуге дайын адамдар. - Құтқарушы күні–бұл басқа адамдардың өмірін құтқару үшін өз өмірін қатерге тігетін ержүрек, күшті және қайсар адамдардың күні, - деді ТЖД басшысы, азаматтық қорғау полковнигі Қуанар Базарбаев. - Мерекені енгізудің өзі осы мамандықтың қажеттілігінің маңыздылығын көрсетеді. Олар қираған құрылыстарда, түтін ішінде, суда, су басқан жерлерде жұмыс істейді. Өз өміріне қауіпке төніп тұрғанына қарамастан, басқа адамдардың тірі қалуына көмектеседі, барлық жағдайларға жедел әрекет етеді. Отандық құтқарушылар он мыңдаған адамның аман қалуына көмектескен, саны жетпес іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізген. Олар өздерінің кәсіби шеберлігімен танымал. Батылдық, ержүрек, қорықпау, әртүрлі жағдайларда әртүрлі апаттармен күресуге дайын болу, адамдар өмірін құтқару–Қазақстан Республикасының ТЖ қызметкерлерінің ерекше қасиеттері. Күнделікті, сағат сайын жасалып жатқан бұл істің маңыздылығы мен мәнділігіне баға беру қиын. Біздің әрқайсымыз тұрғындар өмірінің тыныштығын, өндірісте және тұрмыста қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, табиғи және техногенді төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жолында жұмыстанамыз. Сондай-ақ салтанатты басқосуда «Мамандығым–құтқарушы» сурет байқауының жеңімпаздары дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды. Байқау Құтқарушы күні аясында Департаменттің және құрылымдық бөлімшелер қызметкерлерінің 5-8, 9-12 жастағы балалары арасында ұйымдастырылған болатын.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86666,86667,86669,86670,86668"]