Тұмау жеңіл-желпі ауру емес
[ 2019 ] 11 қазан, 13:02 | Қоғам
Күзбен бірге ере келетін тұмау деген кесел бар. Дертке дес бергіміз келмегеніміз дене қызуымыз көтеріліп, түшкіріп, жөтеліп, әбден әлсірегенше жүре береміз. Ал дәрігерлер мұнымыздың дұрыс еместігін ескертеді.
Таяуда 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау ауруына қарсы облыстың емдеу-сауықтыру мекемелерінің дайындығы бойынша департаменттің аудан, қала басқармаларының басшылары, эпидемиологтар, емхана, аурухана, жедел-жәрдем басшылары және эпидемиологтардың қатысуымен штаб отырысы өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлнәр Көркінбаева тұмаудың алдын алу шаралары жайында әңгімеледі.
- Жедел респираторлы вирусты инфекция (ЖРВИ) және тұмаудың 2019-2020 жылдарғы эпидемиологиялық маусымы 1-ші қазаннан басталды, - дейді Гүлнәр Өтебайқызы.
- Биылғы қыркүйек айында тұмау ауруына қарсы вакцинаға жергілікті бюджеттен 39 миллион 15 мың 900 теңге қаражат бөлініп, 45 000 доза көлемінде Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы алынды. Тұмауға қарсы вакцинациялауға жыл сайын медицина қызметкерлері, медициналық ұйымдарда медициналық бақылауға жататын балалар, алты айдан асқан көп ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлерінің балалары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің (ұйымдардың) қызмет алушылары, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-қантамыр жүйесінің және тыныс алу мүшелерінің созылмалы ауруы бар адамдар жатады. Тұмауға қарсы вакцинамен барлық облыс тұрғындарының 12,0%-ын егумен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, облыс аумағында жыл сайын өндіріс орындарындағы жұмыс берушілер есебінен жұмысшыларды және олардың отбасы мүшелері егіледі. 2018-2019 эпидемиологиялық маусымға шолу жасасақ, 2018 жылдың 1 қазанынан бастап бүгінгі 30 қыркүйекке дейін 18693 ЖРВИ және грипп тіркелді, 100 мың халық санына шаққандағы көрсеткіш–2694,82. Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, ауру деңгейі 1,2 есеге төмендеді. Облыс көлемінде өткен эпидемиологиялық маусымда 505 адам полимеразды тізбек (ПЦР) әдісімен тексеріліп, 162 грипп вирусы А/H1N1–25, А/H3N2-135 және В - 2 жағдайы анықталды. Тұмау емес полимеразды тізбек әдісімен 188 адам тексеріліп, 54 жағдайында оң нәтиже берді, оның ішінде аденовирус - 7, респираторлы-синцитциалды вирус – 10, парагрипп 1 – 2, парагрипп 2 – 2, парагрипп 3 – 5, парагрипп 4 – 1, риновирус–15, короновирус–4.
Тұмау — ауа-тамшы жолымен берілетін жіті вирусты жұқпалы ауру. Әсіресе балалар мен жүкті әйелдер үшін қауіпті. Аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі — індет басталғанға дейін тұмауға қарсы вакцинациялау.
Тұмаудың алғашқы белгілері—дене қызыуының 38 С және одан жоғары көтерілуі; бұлшық еттер мен сүйектердің сырқырауы; бас ауруы; әлсіздік және тез шаршау; түшкіру және құрғақ жөтел; көздің қызаруы. Әр адам өзін тұмаудан қорғау үшін дене шынықтырумен шұғылданып, дұрыс тамақтануды, уақтылы және жеткілікті дем алуды, витаминді-минералды дәрмектерді қабылдап, ағзаның қорғаныс күштерін арттыруды дағдыға айналдыруы керек. Сондай-ақ қолды үнемі мұқият сабындап жуып, құрамында спирті бар тазалағыштармен тазаланған құралдарды қолданған дұрыс.
Түшкіргенде немесе жөтелгенде ауыз бен мұрынды бір реттік орамалмен жабылуы тиіс. Өйткені, ауру дәл осы жолмен таралады. Бөлмені үнемі желдету және ылғалды тазалау керек. Тұмау және ЖРВИмен ауырған кезде үйде қалып, дәрігер шақырту қажет. Ауырған кісі отбасының басқа мүшелерінен аулақ болып, медициналық маска киіп, жеке гигиена ережелерін сақтауы керек. Бұл — басқаларға ауруды жұқтырмау және ауруды таратпаудың бір амалы.
Басқосуда мамандар індетке қарсы жүріп жатқан іс-шаралар мәселелерін талқылады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
1178
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.