Жуырда Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында жеңіске жеткен Жаңаөзен қаласының тумасы Бекзат Нұрдәулетовтің чемпион атануына бүкіл қазақ елі қуануда. Ұлы жеңісті иеленіп, алтыннан алқа таққан арда ұлға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтауымен бірге ақ батасын беріп, ыстық сәлемін жолдады. Ел мерейін еселеген ерен ерін Маңғыстау жұртшылығы да қуана қарсы алды. Аймақ басшысы Серікбай Трұмов, Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров бастаған ел ағалары чемпионды әуежайдан қарсы алып, құттықтап, төбелеріне көтерді. Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма, әлде ат шаба ма?» деген сөз бар. Әрине, бақ шабады. Дегенмен бап пен ат соған сай болса. Осындай бағы мен бабы келіскен әлем чемпионын жаңаөзендіктер де ыстық ықыласпен қуана қарсы алды. Қаланың кіреберіс қақпасының алдына қала жұртшылығы әдеттен көп жиналды. Олардың ішінде қала басшыларынан бастап, депутаттар, ардагерлер, қала белсенділері мен мектеп оқушыларына дейін жүр. Жиналған жұртшылық әуелі чемпионның әжесі мен ата-анасын қызу құттықтап жатты. Қазақтың көк байрағын желбіретіп, мотоциклді спортшылар бастап келген көліктерді жаңаөзендіктер салтанатты түрде қарсы алды. Сахна төрінде де, тіпті құжынаған халықпен араласа жүріп өнер майталмандары патриоттық әндерін шырқауда. «...Ақындарым толғап тұрған Жаңаөзен, Басыңа бақ орнап тұрған Жаңаөзен. Темір баба, Шопан ата айнала, Бекет атам қорғап тұрған Жаңаөзен»... – деп қос ішекті қара домбырамен шырқап тұрған белгілі әнші, термеші Дәмегүл Ізбасароваға жастар жағы қосыла айтып, өздерінің патриоттық сезімдерін жерлес чемпионына білдіруде. Мінберге көтерілген қала әкімінің орынбасары Аманғали Нұрдәулетов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Сақи Мыңбай чемпионға және оның әжесі мен ата-анасына алғыс айтып, жиналған жұртшылыққа да құтты болсын айтты. Себебі спорт – елдің елдігін, ердің ерлігі мен рухтың биіктігін, ұлттар достығын айқындап, байқататын бейбітшілік елшісі. Халқымызда «Дені саудың – жаны сау» деген даналық сөз бар. Жаңа ғасырдың азаматы, егемен елдің әрбір жасы дені сау, рухы биік, жігері мықты жан болуы тиіс. Дене еңбегі мен ой кеңістігін қатар қажет ететін спорт – биік өнердің түрі. «Өзенэнергомұнай» басқармасының директоры Болатбек Рахметов те тебірене тұрып сөз сөйлеп, жаңаөзендіктерді құттықтады. «Алып анадан, ат биеден туады» дегендей арда ұлды дүниеге әкеліп, әлпештеп өсіріп, қатарға қосып, бәйгеге салған ата-анасына да алғыс айтты. Сөйтіп, ата салтынан хабардар басшы қазақы салт пен дәстүрлі өнерді құрметтей отырып Бекзат Нұрдәулетовтің иығына шапан жауып, астына «Бес қасқа» тұлпар мінгізді. Әрине, бұл – елдің еріне, жердің бірегей батырына көрсетілетін ата- бабаларымыздың ежелгі салты. Бекзаттың әкесі Жалғасбай Нұрдәулетов осы мекеменің кезекші электригі болып еңбек етеді. Міне, тойларда асабалардың әзіл ретінде «Жігіттің төртінші жұрты – ұжымдастары» дегеніндей әкенің ұжымдастарының көр- сеткен құрметі осындай. Мұнан кейін әлем чемпионының бапкерлері, үзеңгілес спортшы ағалары да қызу құттықтады. Ал анасы Тілектес осы Жаңаөзен қаласының «Самал» балабақшасында медбике болып жұмыс жасаған. Бүгінгі таңда Ақтау қаласындағы «Ақ шағала» балабақшасында жұмыс істейді. Бекзат Жаңаөзен қаласындағы №3 орта мектепті бітірген. Жасы 21-де. Ата-анасының тұңғышы. Мектеп бітіргесін Алматыдағы спорт және туризм академиясында оқып, биыл ғана бітіріп, диплом алып келген. Бекзаттан кейінгі қарындасы Кәмила қазіргі кезде тұрмыс құрған, Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Кенжесі Қуандық Жаңа- өзен қаласындағы №3 орта мектептің 5-сыныбында оқиды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН