Түпқараған ауданының әкімі Хамиев Айдос Таңғалиұлы өткен аптаның ішінде ауданға қарасты кейбір білім ошақтарының күзгі-қысқы дайындықтарын және Мұрын Жырау мұражайының құрылысын арнайы барып тексерді. Алдымен «Айгөлек» балабақшасына барған әкім бұл әлеуметтік ұжымның жетістіктерімен қатар мәселелерімен де танысты. 1984 жылы балабақша болып ашылған бұл ғимарат әр жылдарда өнер мектебі, білім бөлімі, әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сынды бірнеше басқа мекемелерге кеңсе ретінде қызмет етіп келген. 2010 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында атағын қайта алған балабақшаның қазіргі директоры Мәдина Қуатбаева ғимаратта орталықтандырылған су жүйесіне қосылу, азық-түлік сақтайтын қойма жағдайы, жылу қазандықтарында мәселелер бар екендігін таныстырды. Бұдан кейін аудан әкімі А.Хамиев Мұрын Жырау Сеңгірбекұлы атындағы өнер мектебіне барып, жәй-күйімен танысты. Аудандық мәдениет үйінің ғимаратында орналасқан өнер мектебінің шәкірттері республикалық, халықаралық сынды көптеген өнер сайыстарынан жүлделі оралып жүргені аудан жұртына жақсы таныс. Дегенмен шәкірттердің кішкентай ғана кабинеттерде отырып, даярланатыны және осы өнерпаздардың сахналық костюмдеріне жаңарту жүргізу сынды мәселелер барын аудандық өнер мектебінің директоры Гүлсім Құлғали жеткізді. - Өнерге қызығушылық танытатын бүлдіршіндер көбейді. Тек аудан орталығында ғана емес, ауылдық жерлерде жұмыс жасап тұрған аула клубтарымызда да өнерлі балалар көптеп тәрбиеленуде, - деп толықтырды. Мәселемен танысқан аудан басшысы бұл ұжымды жақсы жаңалықпен қуантты. «НКОК» компаниясының демеушілігімен келесі жылға бұл мектептің жеке нысанын салуға жұмыс жүретіні облыс әкімдігінен қолдауға ие болғанын және ауылдық жерлердегі аула клубтарының жағдайын жақсартуды күн тәртібіне қоятынын айтты. Аташ елді мекеніндегі «Ер Төстік» балабақшасы ашылғанына 4-5 жыл болған жаңа ғимараттардың қатарына кіреді. Балаларға компаниялардың демеушілігімен түрлі ойыншықтар, дамыту құралдары, көрнекі құралдар алынып берілген. Бұл ғимараттың мәселесінде қыс уақытында кейбір кабинеттердің талапқа сай жылынбайтыны бар. Осы мәселемен танысқан аудан әкімі пластик терезелерді мамандарға көрсетіп, жөндетуді тапсырды. Аташ елді мекенінде Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназияның филиалында болған А.Хамиев бұл мектепке интернет тарту мәселесін шешу керектігін айтты. 1928 жылы бастауыш білім беру нысаны болып ашылған мектеп 2010 жылы заманға сай жөндеу көргенімен мұнда интернет байланысы шешілмеген. Мектептің ауласына орналасқан балалар әжетханасы қысты күндері бастауыш сынып оқушыларының баруына қиындық тудыратындықтан мектеп ғимараты ішінде болуына да мән берілуі керек дегенді жеткізді. Айта кету керек, бұл мектеп ғимаратының ішінде ауыл жастары үшін жабық спорт залдың құрылысы жүріп жатыр. Ауылдық жерлердегі спортты дамыту сынды Президент тапсырмаларын орындау мақсатында осы ауылдық округтен сайланған аудандық мәслихаттың депутаты Рүстем Рысмұхамбетов спорт залдың жабдықталуына демеушілік жасаған. Ал ауыл жастары жөндеу жұмыстарын өздері жасауда.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ