“Тазалық – иманның жартысы” демекші, әр адамға қоршаған ортаны таза ұстау ізгілікті іс болып табылады. Осыны назарға алған аудан тұрғындары сенбілікке шығып, тазалықты сақтау мәселесіне өздерінің лайықты үлестерін қосуда. Ал тазалықты тәртіппен егіз ұғым десек, ешкім артық демес. Мақаламыздың жазылуына қараусыз жүрген сиырлар себеп. Жолдың бойында, қоқыс жәшіктерінің маңайында жайылып жүрген Зеңгі баба төлін көргенде,''Иелері іздей ме екен?'', ''Неге ие болмайды?'' деген сауалдар санаңда сайрап бастайды. Расында, бүгінде көше кезген иттердің қатарына қосылған сиырлар қоқыс-қалдық тастайтын жәшіктерді қопарып жүр. Қазіргі уақытта Маңғыстау ауданымыздағы өзекті мәселелердің бірі көше кезіп, жөнсіз, қараусыз жүрген жануарлар жәйі болып отыр. Қараусыз, көше сәнін кетірген жануарлар орталық алаң, саябақтарға отырғызылған ағаштарды бүлдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып, балаларға қорқыныш туғызып, автокөліктердің қозғалысына қауіп төндіріп тұр. Көшелер мен ауыл ішіне жаяу жүргіншілер жүруі үшін арнайы салынған тротуарлардан тұрғындармен бірге қой мен ешкі, сиырлар да жүріп бара жататындығын күнделікті өмірде көріп, көз үйренді десек, қателеспеген болар едік. «Түйе деген жануар, түзде жүрсе, семірер» деген мақалға сүйенер болсақ, бүгінде қоғамдық орындарға табан тіреп, саябақта өсіп тұрған талдарды азық еткен түйелер мен сиырлар түзді емес, көшелер мен саябақтарды төңіректеуін тоқтатар емес. Бұл тұрғыда аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі қазіргі уақытта елді мекен ішінде иесіз, бос жүретін жануарлардың көбейіп отырғанын ескертеді. Маңғыстау облыстық мәслихаты 2015 жылғы 10 желтоқсандағы 29/445 шешімімен Маңғыстау ауданының елді мекендерінің аумағында жануарларды асырау қағидасының 3-тарауы, 18-тармағына сәйкес көшелерде, алаңдарда, саябақтарда, теміржол мен автокөлік жолдарына тиесілі аймақтарда және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды жаюға, сондай-ақ қараусыз бос жіберуге тыйым салынады. Жануарлар жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жайылымдық жер телімдерінде жайылуы тиіс. Жануарларды жайғанда және айдап өткенде тұрғындардың қауіпсіздігіне жануарлардың иесі жауапты болады. Қағиданың 25-27 тармақтары бойынша елді мекендердің санитарлық аймақтарында, көшелерде, алаңдарда, саябақтарда және көпшілік жиналатын қоғамдық орындарда бос жүрген жануарлар қараусыз деп есептеледі және арнайы жабдықталған орындарға иесі табылғанға дейін қамауға алынады. Қараусыз жануарларды ұстау және иесіне қайтару Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес жүргізіледі. Қараусыз ауыл шаруашылығы жануарларын арнайы жабдықталған орынға жеткізу, тасымалдау, күзету, ұстап-күту үшін шыққан шығындардың орнын қараусыз малды ұстауға жауапты кәсіпорын берген шоттарға сәйкес жануарлардың иелері өтейді. Осы қағиданы бұзғаны үшін жануарлардың иелері «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы кодексінің 406-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз. Себебі иесіз бос жүрген жануарлар адамдардың жүріп, тұруына және елді мекен тазалығына кері әсерін тигізіп отыр, - деп мәлімдеді Маңғыстау аудандық ауылшаруашылығы және ветеринария бөлімінің бас маманы А.Шаншарбек. Сондықтан да ауыл ішінде малын жіберіп, жайбарақат отыратын тұрғындардың назарына ірілі-ұсақты малдарына иелік етіп, орталықта емін-еркін серуендетпеу керектігін ескертеміз. Тәртіп пен тазалықтан шеттеп жүрмейік дегіміз келеді.
Д.ЖОЛДАСБАЙ