Біздің өңіріміз аумағының 94,8%-ы обаның табиғи ошағы саналатындықтан карантиндік инфекциялар бойынша аса қауіпті аймаққа жатады. 2003 жылы облыста оба ауруы тіркеліп, елді әбігерге түсіргені жадтан шыға қойған жоқ. Араға жылдар салып, бұл жұқпаның бас көтеруі мүмкін бе? Обаның алдын алу үшін қандай жұмыстар жасалып жатыр? Осы сұрақтарды облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Бердібек САРАЛТАЕВҚА қойған едік. - Соңғы 10 жылда аса қауіпті және карантиндік инфекциялар облыста тіркелген жоқ. Жыл сайын көктем-күзгі кезең облыстың энзоотиялық аумағын тексеру үшін сәуір айының басында Шебір, Жыңғылды, Қарақұм, Сам эпидемиологиялық отрядтарының базасында 4 маусымдық зертхана мен Маңғыстау облысының ТЖА және Жаңаөзен ТЖБ базасында 2 стационарлық зертхана орнатылады. Жоспарланған 94,2 мың шаршы км аумақтың 56,6 шаршы км аумағы тексеріліп (62%), нәтижелері теріс екендігі анықталды. Аумақтың қалған бөлігі күзде зерттелетін болады. Үстіміздегі жылы обаға қарсы 19255 адамды егу жоспарланып, 19210 адам (99,7%) егілді. Мал дәрігерлік қызметтің мәліметтері бойынша 47460 мың түйе обаға қарсы егілді. – Әр жерден ара-тұра естіліп қалатын сібір жарасы жайында не айтар едіңіз? Өңірімізде бұл аурудан қауіп жоқ сияқты... – Маңғыстау облысының аумағында сібір жарасы бойынша эпидемиялық жағдай қолайлы. Соңғы 40 жылда адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасы ауруы тіркелген жоқ. Облыста республикалық кадастр бойынша сібір жарасы жөнінен 6 қолайсыз стационарлық пункт бар. Маңғыстау ауданында (Мәстек, Қызан, Торыат жері) 1967 жылы 3 ұсақ мал, Қарақия ауданында (Торты, Құрық кентінде, бұрынғы Ералиев ауылы) 1969 жылы 1 ұсақ мал, 1 жылқы және Түпқараған ауданында (Аташ кенті) 1970 жылы 1 түйе ауырып, құлаған. Биыл 48 адамды сібір жарасына қарсы егу жоспарланып, вакцина сатып алу үшін жергілікті атқарушы органға, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданды. Мал дәрігерлік қызметтің мәліметтері бойынша 550530 бас ауыл шаруашылығы жануарларын сібір жарасына қарсы егу жоспарланып, оның 275280-і (50,0%) егілген. Сонымен қатар «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Маңғыстау облысы бойынша филиалы тарапынан сыртқы ортадан сібір жарасына 105 сынама (топырақ, төсеніш, жүн) зерттеліп, нәтижелері теріс екендігі анықталды. Облыста 20 мал сою пункті бар. Олар жергілікті атқарушы органдардың және аумақтық ветеринария инспекциясының тұрақты бақылауында. Сібір жарасы (антракс) – ағзаның ауыр уыттануымен қызбамен, септицемиямен, карбункулдардың пайда болуымен және ішектің, кейде өкпенің зақымдануымен сипатталатын жіті жұқпалы ауру. Сібір жарасымен ауыл шаруашылық жануарларының барлық түрлері, жабайы жануарлардың да көптеген түрлері, сондай-ақ адам да ауырады. Сібір жарасы сыртқы ортада өте төзімді, олар топырақта 10 және одан да көп жыл сақталады. – Сібір жарасы адамға жануарлардан жұға ма? – Иә. Инфекциякөзі– үй жануарлары, яғни ірі қара мал, қой, ешкі, түйе, шошқа. Ауру жануарларды бағып жүргенде, мал сойғанда, етті өңдегенде, сондай-ақ күйдіргі жұққан мал шаруашылығы өнімдерінен – теріден, тері өнімдерінен, жүн мен қылдан жұғуы мүмкін. Сібір жарасының жұқпасы көп жылдар бойы сақталып қалған топырақтан немесе мал шаруашылығы қалдықтарымен ластанған тұрмыстық заттарды пайдаланған кезде, сапасыз тамақ өнімдерін (мысалы, күдікті ет) қолданғанда, тірі жануарлармен немесе олардың ұшаларымен тікелей байланыста болған кезде, жүнмен, жермен жұмыс істеген кезде ауа арқылы жұғады. Осылайша, мал шаруашылығы қызметкерлерінде, мал союшыларда, ет сатушыларды, тері тазалаумен айналысатын адамдарда, мал дәрігерлерінде сібір жарасымен сырқаттану қаупі туындайды. - Аурудың алдын алу үшін қарапайым тұрғындар нені білуі керек? – Сібір жарасының алдын алу үшін құзырлы мекемелер тарапынан эпидемиологиялық ошақтар анықталып, бақыланады, жоспарлы егулер шаралары жүргізіледі, ветеринарлық және медициналық-санитарлық іс-шаралар жүзеге асырылады. Жұқтыру қаупі жоғары адамдар алдын ала егіліп, жануарлармен жұмыс істеген кезде санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтауы тиіс. Сондай-ақ базарлар мен дүкендерде сатылатын ет тексеріледі. Ал қарапайым тұрғындар сібір жарасын жұқтырудың алдын алу үшін ветеринар дәрігердің өнім сапасы туралы қорытындысы жоқ жеке адамдардан ет сатып алмағандары дұрыс.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА