Маңғыстау облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Иса Есенәлі Түпқараған ауданының мемлекеттік қызметшілерімен кездесті. Бұл кездесудің мақсатын жоспарға сәйкес деп түсіндірген ол мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен әдебі жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. - Мемлекеттік қызметшілер 2020 жылдан 2024 жылға дейін 25 пайызға қысқаратыны және одан үнемделген қаржы қажетті мамандарға бөлінетіні Президент Жолдауында айтылды. Бұл дегеніміз – мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, 3 тілді меңгеруіне мән беріледі деген сөз. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді игеруі 97,7%, орыс тілін меңгеруі 61,5% және ағылшын тілін меңгеру көрсеткіші 15,6% болып отыр, - деген Иса Есенәлі мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен әдеп сақтап, мәдени қарым-қатынас орната білуі керектігін де баса айтты. Көп жағдайда мемлекеттік қызметшілер тарапынан жіберілетін қателіктер ішінде дауыс көтеріп сөйлеу әрекетіне шағымдар келіп түсетінін айтқан Иса Есенәлі мемлекеттік қызметшілерге мұндай қателіктерді жіберуге болмайтынын ескертті. Осы жиын барысында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру үшін оқыту курстарын ұйымдастыру жайына қызметкерлер өз ұсыныстарын айтты. Мұндай оқуға барып жүрген қызметкерлер жұмыс тәжірибесінде кездесетін мәселелер емес, бөлек тақырып қамтылатынын жеткізді. – «Цифрлы Қазақстан» жобасында келешекте халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын тоқтату да қарастырылған. 18 млн. қазақстандықтар үшін 40 млн. анықтама беріледі екен. Осы анықтамалар 20 млн-ға қысқартылса, 33 млрд. теңге қаржы үнемделеді деп жоспарланып отыр. Халықпен тығыз байланыс жасай алу, еліміздегі барлық саладағы өзгерістер мен реформаларды түсіндіре алу, сапалы жұмыс жүргізуде өзін көрсете алуы мемлекеттік қызметшілер үшін маңызды, - деді Иса Есенәлі.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА