1 қыркүйек күні Жаңаңөзен қаласындағы 24 мектепте 32 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастауға қадам қойды. Соның 4,5 мыңы мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған 1 сыныптықтар. Соларға тәлім-тәрбие беру үшін 3868 оқытушы ұстаз өз шәкірттерімен қуана қауышты. Білім күні бүкіл еліміздегі сияқты осы мектептердің бәрінде алғашқы қоңырау салтанатты түрде қағылды. Оқушылар мен оқытушылар сағыныса қауышып, салтанатты жиыннан соң сыныптарына кіріп, сүйікті парталарына отырып, сынып жетекшілері жаңа оқу жылының жаңа журналының алғашқы беттерін парақтап, тізім жасап, оқушыларын түгелдеуге кірісті. 2 қыркүйек, яғни дүйсенбі күні барлық мектептерде оқу жаппай басталып кетті. Теңге ауылының АТП бөлігінідегі №17 орта мектепте де дәстүрлі алғашқы қоңырау салтанатты жағдайда қағылды. Әртүрлі гүлдермен көмкеріліп, шарлармен безендірілген мектеп ауласына жиналған оқытушы, оқушы, ата-аналардың бәрінің де көңілдері көтеріңкі. Шоқ-шоқ гүлдер татулық пен бірліктің, мейірім мен тірліктің, адамгершілік пен имандылықтың, сүйіспеншілік пен сыйласықтың символындай бір-біріне ұсынылып жатыр. Алғашқы қоңырау салтанатына жиналғандарды мектеп директоры Мәди Алмағанбетов құттықтады. Әсем ән мен тәтті күй, сондай-ақ мың бұралған биден жасақталған шағын концерттік бағдарлама әсіресе, мектеп босағасын тұңғыш аттағалы тұрған жап-жас шәкірттерді ерекше баурап алғандай. Ата-аналар атынан шығып сөйлеген, медицина саласында көп жыл еңбек етіп, зейнеткерлер сапына қосылған, ауыл тұрғыны Алма Әбдірейімқызы құттықтап, оқушыларға сәттілік, оқытушыларға жаңа оқу жылында жаңа табыстарға ерісе берулеріне тілек білдірді. Аталмыш мектеп 624 оқушыға мөлшерленіп салынып, 2007 жылы пайдалануға берілген. Содан бері өз құшағынан талай шәкірттерді түлетіп, ұшырып, білім көкжиегіне самғатты. Мектептегі ұстаздар ұжымы үшін өткен оқу жылы да олжасыз болмады. 11 сыныпты бітірген 48 түлектің төртеуі «Үздік аттестат» иегері болды. Бітірушілердің бәрі түгелімен жоғары оқу орындарының студенті атанды. 48-дің екеуі «Серпін» бағдарламасымен, 22-сі мемлекеттік грантпен оқуға түсті. Қалған жартысы, яғни 50%-ы бүгінгі таңда жоғары оқу орындарының ақылы бөлімдерінде оқып жатыр. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені, әуелден ауылдық жерлердің балаларының өнер мен білімге деген құштарлығы, соның нәтижесінде білімді, сауатты, салдамды мамандар қалыптастып жатқанын өмірдің өзі ежелден дәлелдеп келеді. - Біз биылғы жаңа оқу жылын 1226 оқушымен бастадық, - дейді мектеп директоры Мәди Алмағанбетов. – Оқушының сауаты – оқытушының біліктілігіне байланысты. Ал оқытушының жемісі – оқушының жеңісінің нәтижесімен өлшенеді. Осы орайда мектебіміздегі 98 оқытушының 50%-ы жоғары санатты мұғалімдер. Оның 23%-ын жас ұстаздар құрайды. Бұлардың бәрі жоғары мәліметті мамандар. Тек 3%-ы ғана арнаулы орта білімділер. Биыл тағы да қатарымызды 8 жас маман келіп толықтырды. Олар оқушыларға – дене тәрбиесінен, өзін-өзі тану пәнінен, филолог, психолог, информатика және математика пәндерінен сабақ береді. Біздің Маңғыстау өңірінде математика пәнінің мұғалімі жетіспейтіндігі баршаға белгілі. Сондықтан біз матемаика факультетін бітірген екі жас маманды Түркістан өңірі тумаларынан шақыртуға мәжбүр болдық. Сондай-ақ, жоғарыда айтылғандай өткен оқу жылында мектебімізді 48 оқушы бітіріп, «алтын ұясымен» қоштасса, биылғы жаңа оқу жылында олардың орнын 142 балапан толықтырды. Яғни, олар 7 сыныпқа бөлініп, мектебіміздің 1 сыныбының парталарына отырып, білім бұлағына бастау алды. Сол жеті 1 сыныптың біріне сабақ беретін жас ұстаздардың бірі – Арухан Әбілхан. Ол Жаңаөзендегі «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжінен «Бастауыш білім беру» мамандығын алып, 2015 жылы алғашқы еңбек жолын осы мектептен бастаған. Содан бері көзді ашып-жұмғанша арадан 4 жыл уақыт сынапша зымырып өтті. Алдыңғы буын ұстаздардан үйрене жүріп, мектепке дейінгі балаларды оқытып-тәрбиелеп, колледжден алған білімін іске асыруға кірісті. Дегенмен ол арнаулы орта біліммен шектеліп қалғысы келмеді. Сөйтіп еңбектен қол үзбей, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне оқуға кіріп, педагогикалық білімін нығайта түсті. Нәтижеде «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығын игеріп, білімін шыңдап, еңбек жолын одан әрі жалғастыруда. Қазір оның сыныбында 20 оқушы бар. Ару олардың өмірге, қоршаған ортаға, табиғатқа деген қызығушылықтарына қозғау сала отырып, харіптерді толық үйретіп, сауаттарын ашуға кірісіп кетті. Жаңаөзенде мұндай талапшаң жас ұстаздар өте көп. Иә, оқытушы мен оқушының жемісі мен жеңісінің бір-біріне байланысы қылдан да нәзік екенін әрбір педагог жақсы білетін болар. Тек сол нәзік қыл үзілмегей! Оқушы мен оқытушының аражігі алшақтамағай! Оқытып-тәрбиелеген шәкірттері шетінен ғұлама болмағынамен, көштен қалмағай! Өнер мен білімнен басқаға назарды салмағай! Озық технологияларға ұмтылып, әлемнің түкпір-түкпірін шаршамай, шалдықпай шарлағай!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН