Жаңа теңіз жағалауында «Пайдалы кеңестер аллеясы» әлеуметтік акциясы өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау, сонымен қоса міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу. Акция аясында әр алуан медициналық ұйымдар кеңес беру бұрыштарын ұйымдастырып, азаматтардың сауалдарына жауап берді. Мәселен, Маңғыстау облыстық №2 емханасы қызметкерлері тұрғындардың қан қысымын, салмағы мен бойын өлшеп, зиянды әдеттеррден аулақ болу, спортпен жүйелі түрде шұғылдану пайдасы жөнінде мол мағлұматпен бөлісті. Облыстық ЖҚТБ-ға қарсы орталығы мамандары «ғасыр індеті» атанған кесел және оның алдын алу жолдары туралы тұщымды мәлімет таратып, ниет білдірген жандар экспресс-тесттен өтті. «Бүгінгідей акцияны жиі ұйымдастыру халықтың медицина саласына деген сенімін арттыра түседі. Біздің орталық арнайы құрылғылармен жасақталған көлікпен келді. Орталық мамандары тұрғындарға кәсіби ақыл-кеңес беруге әрдайым әзір», - дейді облыстық ЖҚТБ-ға қарсы күрес орталығының директоры Бейсен Алмабек. Танымдық іс-шараның өтуіне ұйытқы болған «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығы» медициналық мекемесі директорының м.а. Бану Ұзақбаева акцияның маңызы жөнінде атап өтті. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жайлы халыққа жан-жақты ақпарат береміз. Сонымен қоса спортпен айналысу мен дұрыс тамақтанудың адам ағзасына пайдасы жөнінде айттық. Акция аясында би билеуден флешмоб ұйымдастырылды», - деді ол. Іс-шара барысында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру» КЕАҚ Маңғыстау облыстық филиалы қызметкерлері халыққа ақпараттық парақшалар таратып, денсаулық сақтау саласындағы қызмет көрсетулер сапасы, жаңа жүйе артықшылықтары туралы баяндады. Акцияның нәтижесінде теңіз жағалауына демала келген қала тұрғындары мен қонақтары көтеріңкі көңіл-күймен көптеген ақпаратқа қанық болды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ