Жадыраған жайма шуақ күндерімен қуантатын жаз мезгілінің бітуіне де санаулы күндер қалды, балалардың асыға күткен оқу жылы да басталуға таяды. Тамыз айын жаңа оқу жылына дайындық айы дейтін болсақ, ай басталысымен тапқан-таянғандарын балаларға мектепке қажетті заттарын алып беруге асығатын ата-аналар сауда орындарын аралап әлек. Көпшілігі мектеп формасына келгенде бас қатырары анық. Сол себепті, ата-аналарға нұсқаулық ретінде «мектеп формасының жоғарыдан бекіген белгілі бір үлгісі, матасы барма, жалпы ер және қыз балаларға арналған мектеп формасы қандай болуы керек?» деген сұрақпен аудандық білім үйлестіру орталығының директоры С.Бусахановаға кірген болатынбыз.
Сауалымызға Сәуле Төрткүлбайқызы:
-Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министірлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасының талаптары бекітілді. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасы оқытудың зайырлық сипатына сәйкес келуі қажет. Форманың үлгісі мен түсі классикалық үлгіні ұстанып, бірыңғай түстердің үйлесімді гаммасын, үш түстен артық емес және шымқай ашық түстер емес жағымды түстер таңдалып, білім алушылардың жас ерекшелігін ескере енгізіледі. Ол күнделікті киетін, мерекелік және спорттық болып бөлінеді.
Ер балаларға пиджак, желет, шалбар, мерекелік көйлек, күнделікті киетін көйлек ұсынылады. Оларға арналған шалбардың ұзындығы тобықты жауып кең көлемде пішіледі. Жеңі, жағасы жоқ киімдер киюге тыйым салынады. Форманың негізгі және керағар түсіне сәйке келетін галстугі болады.
Қыз балаларға пиджак, желет, белдемше, классикалық үлгідегі жейде, қысқы мезгілде сарафан, тоқыма желет киюге болатын болса, жеңі, жағасы жоқ киімдерге рұқсат етілмейді және белдемше ұзындығы тізеден түсіп тұруы керек. Ер балараға мерекелік форма ақ көйлекпен, қыздарға ақ жейдемен толықтырылған күнделікті киетін формадан тұрады. Спорттық киімге ортақ спорттық кастюм және аяқ киім жатады. Сондай-ақ, түрлі конфессиялардың діни киімдердің элементтері болуына рұқсат берілмейтініне білім беру ұйымдарының басшылары ерекше мән беруі қажет.
Матасы ретінде жартылай жүн және құрамы жақсартылған мақтадан жасалған, тозуға төзімді, бактерияға қарсы, антистатик қасиеттері бар маталар қолданылады. Оның түсін, үлгісін білім беру ұйымдары қоғамдық кеңеспен, мектептің жалпы ата-аналар жиналысының хаттамаларымен бекітеді. Форма туралы сұрақтарды талқылауға қатысуға және ұсыныс енгізуге ата-аналардың құқығы бар. Оларға киімді отандық өндірушілерден сатып алу ұсынылады, бірақ нақты өндірушіден сатып алуды міндеттемейді немесе оқу орнында форма сатуды ұйымдастырмайды,- деп түсіндіріп өтті.
Айгүл РАХМЕТОВА