Түпқараған ауданы әкімдігінің бастамасымен «Әр отбасыдан – бір көшет» акциясы жылда өтетін шараға айналып келеді. Аудан орталығының ғана емес, бүкіл ауылдарды қамтитын шараға қатысушылар да жылдан-жылға артуда. Акция аты айтып тұрғандай, туған жерімізді көгалдандырып, табиғатымызды сүюге баулу, ауданымыздың көркеюіне үлес қосу арқылы әр отбасына өз жасыл алаңын ұйымдастыруға ықпал ету, сондай-ақ әр отбасы мүшелерінің көшетті жұмыла отырғызу арқылы олардың бірлігін нығайту мақсатын ұстанады. Биыл акцияға 40-қа жуық отбасы қатысуға ұсыныс жасап, өздері еккен желектерінің суреттерін ұйымдастырушыларға жолдаған. - Акция барысында тұрғындардан келген әр суретті ғаламтор желісіне жариялап отырдық. Ең көп көшет отырғызылған отбасы анықталды. Көп көшет отырғызу бөлек те, оған күтім жасап, бапталуына да мән берілді. Сондықтан акция бойынша жаңа кө- шет отырғызу мамыр айында басталып, әбден тамыр алуына уақыт бе- ріліп, тамыз айының бірінші онкүндігінде қорытындылауды жөн көрдік, - дейді ұйымдастырушы, «Өркениет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қоңыратбай Испанов. Акция қорытындысында Форт-Шевченко қаласының тұрғыны Айсағали Қыдыр 1-орынмен, Қызылөзен ауылының тұрғыны Гүлжазира Қалиева 2-орынмен және 3-орынмен Сайын Шапағатов ауылының тұрғыны Бектұр Байбатыров марапатталды. Сонымен қатар Баутин ауылының тұрғындары Гүлзада Сауытбаева мен Ақбота Баянғалиева ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Тоқташ Наурыз, Шоқан Қошақбаев, Бибігүл Өсербаева, Ертай Алдоңғаров сынды тұрғындардың да ауласындағы көшеттерге комиссия мүшелері жақсы деген бағасын берді. Ауласында отыздың үстінде талы бар Айсағали Қыдыр биылдың өзінде 18 жаңа көшет отырғызғанын айтты: – 2010 жылы Ақтау қаласынан Ақкетікке көшіп келдім. Еккен талдарымның алғашқыларын сиыр жеп кетті. Содан кейін тағы еккенмін, жеміс беріп жатыр. Алма, жүзім талдарының бірнеше сорты бар. Биыл алма, алмұрт, қара өрік, жүзімнің басқа сорттарын егіп, толықтырдық. Одан басқа ауланың сәнін келтіріп тұрған көпжылдық, бір жылдық гүлдеріміз тағы бар. Ең қуанатыным Шапағат есімді қара тентегім бақшаны өзі баптап, күтеді. Ол 9-сыныпта оқиды, одан кейінгі немерелерімнің де бір нәрсе өсіруге әуес екенін байқап жүрмін, - деді өз сөзінде. - Бұл акция жылда жалғаса берсе, қаламыз әдемі жасыл желекке айналар еді. Жақсы істің басы-қасында болған ұйымдастырушыларға және осы шараға қатысқан барлық қатысушыларға да алғыс айтамын. Бұл қатысушылар енді өздері танитын таныстарына, достарына, ағайын-тумасына тал егудің, ағаш отырғызудың жақсы екенін насихаттап, ақыл-кеңес береді, үлгі бола алады деген бағамды беремін, - деді аудандық мәслихаттың хатшысы А.Досанова.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ