Тамыз айында келетін құрыш қол сәулет-құрылыс саласы қызметкерлері күніне орай Абай атындағы мәдениет сарайында көңілді кеш өтті. Мерекелік жиында мұнайлы өлке өңіне ерекше рең беріп, ақмаржан Ақтау ажарын айшықтай түскен құрылысшылар көл-көсір қошемет, шексіз құрметке бөленді. Облыс әкімі Серікбай Трұмов құрылыс саласының ардагерлері мен қызметкерлерін төл мерекемен құттықтап, ізгі ниетін білдірді. Әр кез қызу еңбектің бел ортасында тер төгіп жүрген сәулет-құрылыс саласының «сайыпқырандарына» Ақтаудың ажарын аша, ал айбынын асқақтата түсуіне сәттілік тіледі. «Еліміз тәуелсіздік тұғырына орныққалы бері үздіксіз өркендеу әрі өрлеу бағытын бетке алды. Дара даму даңғылына түскен дарқан дала төскейінде көкке қол сермеген биік ғимараттар, сән-салтанаты үйлесім тапқан нысандар, жайлы тұрғын үйлер үздіксіз бой түзеп келеді. Құрылыс индустриясы – экономиканың негiзгi iргетасы. Кез келген елдiң экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтiк тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тiкелей байланысты. Осы орайда Маңғыстау өңірінде құрылыс саласы ерекше қарқынмен дамып, ауыз толтырып айтарлықтай зор табыстарға қол жеткізуде. Сіздерге құрылыс саласын ілгерлету ісін тың серпінмен әрі жалғауда, өңір экономикасының сансаналы дамуына қосқан лайықты үлесіңізге алғысымды білдіремін. Бойларыңызға сарқылмас қуат, зор жетістік, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!» – деді өңір басшысы Серікбай Трұмов. Салтанатты жиын барысында облыс әкімі осы жыл ішінде еңбекте озат, кәсіпте табыстылығымен көзге түскен бір топ құрылысшыларды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Құрметті құрылысшы», «Құрметті жолшы» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен марапаттады. Мәселен, Атан Лепесов, Әлібек Бақытжанұлы, Нұрлан Байымбетов, Дархан Байымбетов сынды өз ісінің үздіктері министрлік тарапынан төсбелгі иегері атанса, Ольга Ивановна, Александр Алексеевич, Тұрғанбек Маханбетов, Мөңке Жанұзақұлы облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қоса мереке қарсаңында құрылысшылар облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылын назардан тыс қалдырмай, балалар үйіне 1 млн. теңге қаржы көлемінде қайырымдылық көмек көрсетті. Марапаттау рәсімі ән мен жыр шашуына ұласып, өңірге танымал өнер жұлдыздары көрермен көңілін серпілтті.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ