Жастар жылының көктемі Бейнеу ауданымыздағы «Бизнестің қыр-сырына қанығып, кәсіпкерлікке нақты қолдауға қолымыз жетті» деп қуанышқа кенеліп, қадамы ширақ тартқан жастардың қатарында Айсырға Тлепиева, Назира Сарсенова, Ұлболсын Жанболатқызының армандарын асқақтатып келді. Еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірігіп, жүзеге асырып жатқан «Жас проджект» жобасына қатысуға өтінім бергендердің арасында үш кезеңдегі әділ сыннан сүрінбей өтіп, жеңімпаз болған 42 жобаның біреуінің авторлары осы үш қыз. Екеуінің жоғары, біреуінің орта білімі болғанымен тұрақты жұмыс таппай жүрген қыздар кәсіпкерлікті бастауға қолдайтын мүмкіндіктен пайдалануға барын сала кірісті. Ақтаудағы «Мастер класта» оқып келген Айсырға топ жетекшісі болып, 1 миллион теңге көлеміндегі қайтарымсыз гранттың бірінші траншы - 500 мың теңге қолдарына тиісімен Бейбарыс көшесіндегі «Абылайхан» дүкенінің бірінші қабаттағы кең бөлмесін жалға алып, «Арайлы» тігін және қолөнер шеберханасын ашты. «Jaпoe HQ-075D», «Jaпoe Ie- 17-1» маркалы тігін машиналары мен қолөнерге қажетті бұйымдар сатып алып, аз қамтылған, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасылардан шыққан 14-15 қызға осы өнер түрлерінен шеберлік сырларын тегін үйретуге кірісті. - Біздің топтың мақсаты – әлеуметтік жағынан аз қамтылған мұқтаж отбасыларды қолдауға үлес қосу. Шілде айында біздің шеберханамызға өнер үйренуге келген қыздар өздеріне қажетті қолөнердің бірнеше түрін меңгерді. Енді үстіміздегі тамыз айынан бастап тағы да қыздар тобын қабылдап, оларға тігін тігу, құрақ құрау, мектеп оқушылары үшін мерекелік киімдер тігу шеберліктерін үйретеміз. Жобамыз жүзеге асырылатын 6 айда 40-50 қызға қолөнер мен тігін тігудің шеберлік сырларын тегін үйретіп, қазан-қараша айларында оларға арнайы сертификаттар табыстауды жоспарлап отырмыз. Меніңше, бұл ел ішіндегі, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтудың тиімді жолы болмақ. «Жас проджект» жобасының арқасында дайын маман болатын бұл қыздар болашақта кәсіп табуға қиналмайды. Біздер жүзеге асырып жатқан жобаның тағы бір артықшылығы – кәсіп үйренуге келген қыздардың дайындаған қолөнер бұйымдары мен тіккен көрпе-төсектерін аз қамтылған отбасыларға тегін таратамыз. Айтпақшы, осы айдан бастап мектеп оқушыларының мерекелік киім үлгілерін тігуді қолға алып, қазан-қараша айларында оларды аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға тегін береміз. Бұлардың барлығы әлеуметтік қолдауға мұқтаж санаттағылар үшін үлкен көмек, - дейді топ жетекшісі А.Тлепиева. - Игілігі мол әлеуметтік жоба аясында жұмыс жасап жүрген сіздердің еңбектеріңіз қалай бағаланады? Алдағы жоспарларыңыз туралы не айтасыз? - деп сұрадым Айсырғадан. - Жобаға қатысып, жеңіп алған 1 миллион теңге гранттың қалған бөлігін, яғни екінші транш есебінде тұрған 500 мың теңгесін бұйыртса, қыркүйек айында аламыз, бұл жұмысымызға тың серпін береді. Жобаны ұйымдастырушылар алғашқы 6 айда жоғары білімді Ұлболсын екеумізге ай сайын 60 мың теңге, орта білімді Назираға 40 мың теңге шәкіртақы төлейді. Алты ай аяқталғаннан кейін жоба да аяқталады. Одан кейін жоба аясындағы жұмысты жалғастырамыз ба, жоқ па, бұл мәселені өзіміз шешеміз. Ең тиімді жері – грант қаржысына сатып алған құрал-жабдықтар өзіміздің еншімізде қалады. Сондықтан біздер жоба аясында қолға алған ісімізді кәсіпкерлік ашып, жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді Айсырға Тлепиева.
Қ.НАЗАРҰЛЫ