Қойнауы қазыналы қазақ даласынан «қара алтын» қоры осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын барланған еді. Бертін келе табиғи байлық бүкіл ел игілігіне жарап, бүгінгі бақуатты тұрмыстың негізгі тірегіне, ел экономикасының басты қозғаушы күшіне айналды. Биыл Қазақстан мұнайына 120 жыл, ал Қаламқас кен орнына 40 жыл толуына орай «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ тарапынан ауқымды іс-шараларды ұйымдастыру көзделген. Жыл сайын мұнай өндірісінде тер төгіп жүрген жас буын өкілдері «Сәттілік формуласы» жобасы аясында ел арасында есім-сойы ерек, сөзі де ісі де ірі тұлғалармен жүздесіп, кең көсіле кемел әңгіме өрбітеді. Биыл игі дәстүр арқауы үзілмей, өз жалғасын тапты. Бұл жолы жастар өңір халқына аса танымал, абырой-беделі зор азамат, мұнай саласының ардагері Сақып Бүркітбайұлымен кездесу ұйымдастырды. Ең алдымен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Қ.Әжімбайұлы құрметті қонаққа жылы лебізін танытып, ізгі тілегін білдірді. Арда азамат алдымен өнегесі мол, тағылымы зор еңбек жолы жөнінде аз-кем әңгімелеп, биік лауазым иесі ретінде қызмет сатысынан өрлеу құпиясымен бөлісті. Білікті басшы ірі бастамалар мен тың жобаларға жетекшілік ету, қол астындағы қызметкерлерге бағыт-бағдар нұсқау, ірі мекемені ілгерілету жөнінде мол тәжірибесімен бөлісті. Билік тізгінін ұстаған жылдары өзі бас болған ауқымды істер мен мән-маңызы зор, салмағы басым елдік жобаларды жүзеге асыру барысын да тілге тиек етті. Мәселен, әулие, Пір Бекет Атаның Маңғыстау өңірінде берілген асы жөнінде тарқата мазмұндап, бұдан соң әңгіме ауанын Шотан, Сүйінқара сынды батырлар рухына арнап берілген ас шежірелері турасында біраз ой саларлық дүниелерге бұрды. Түйіткілді мәселелер түйінін дау-дамайсыз, дақпырт-даңғазасыз тарқату, аса үлкен ықыласпен ел игілігі жолында адал еңбек ету, ортақ мүдде төңірегінде топтасу нәтижесінде өзекті мәселелер шешімін табудың сырымен бөлісті. Бұдан бөлек басқосуда Сақып ағаның отбасы, сүйікті кітабы, бос уақытын тиімді өткізуі жөнінде қызық сауалдар қойылды. Езуге күлкі үйірер көңілді жауаптар да орын алды. Сақып Бүркітбайұлы қайта құру жылдары бұқара еңсесін тіктеу, халықтың мұң-мұқтажына құлақ түру, жоқ-жітігін жамап, кем-кетігін толықтыру жолында табанды тер төгіп, нәтижелі іс тындырған, ел тұрмысын көтеруге, тұрақсыз өңір экономикасын ілгері сүйреуге сүбелі үлес қосқан саусақпен санарлық азаматтардың бірі. Беделі зор азаматтың биік пайым-парасаты мен өмірлік тәжірибесінен туындаған кітаптар қалың оқырманға жол тартып келеді. Кездесу барысында Сақып аға өз кітаптарын жастарға сыйлық ретінде ұсынды. Әсерлі әңгіме өрбіген әдемі жүздесу Сақып ағаның сәттілік формуласының астарына үңілу, мәнін түйсінумен өз мәресіне жетті. «Әр адам әр алуан мінезбен жаратылады. Жастайымыздан ашық, кісіге үйірсек, ақкөңіл болдық. Өз қатар-құрбымызбен сыйластық. Өзім ұстаз тұтатын С.Мұқашов, Ж.Кейкин сынды азаматтардың мектебінен өттік. Совхозда жүргенде С.Әбдірахманов деген асыл азамат болды. Осындай ағалардан үлгі алдық. Елге болсынмен өмір сүрдік. Содан болар елдің де мен жөнінде көзқарасы оң. Сәттілік формуласы дегеніміз жасың ұлғайған кезде ел бетіне тік қарап, үлкен-кішімен кездесіп, қауқылдасу, сыйластықта өмір сүру», - дейді ел ағасы. Кездесу соңында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Ж. Төлеғожаев Сақып Бүркітбайұлына алғысын жаудырып, «Жас мамандар кеңесі» атынан арнайы сыйлық табыстады. Жастар құрметті қонақпен естелік суретке түсті. «Сақып Бүркітбайұлы өңірге сіңірген еңбегі жөнінде жастармен бөлісіп, бүкпесіз әңгіме орын алды. Керемет әсерге бөлендік. Сәттілік формуласы аясында аға буын өкілдері ақыл-кеңесін аямай, бағыт-бағдар беріп келеді. Осы дәстүр өз жалғасын тапса деген тілегіміз бар», - дейді «Жас мамандар кеңесінің» мүшесі Еділ Бекмұратов.
Брейн-ринг – зерек зерде сайысы
Атаулы мерейтой аясында терең білім, зерек зерде мен жүрдек ойға ие жас мамандар тартымды сайыста өзара сынға түсті. Бұл жолғы «Брэйн ринг» ойыны Қазақстан мұнайының тарихымен байланысты болды. Өндірістік басқармалар ойыншыларынан құралған командалар кез келген сауалды ортақ талқыға салып, қысқа мерзімде жауап қатуға тырысты. Ұтқыр команда сан алуан сауалға ұтымды тіл қатып, жоғары ұпайды қоржынына салды. Екінші кезеңде логикалық сауалдар жолданды. Терең білімді топ мүшелері бұл сынақтан да абыроймен өтті. Әділ қазылар алқасы ұпай санын есептей келе бас жүлдені «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ аппарат қызметкерлерінен құралған «Триас» тобына табыстады. «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасының «Қырандар» тобы 2-орынға тұрақтады. Ал қола жүлде «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының «Алты мұнайшы» командасының қоржынына түсті. Жеңімпаз командаларға арнайы кубок пен диплом, ал әрбір қатысушыға кітап пен қаржылай сыйлық табысталды. «Жас мамандар кеңесі» ұйымдастырған сайыс өте қызықты өтті. Бұл алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралардың бастамасы ғана. Тамыз айында да бірқатар қызықты шаралар ұйымдастырылмақ», - дейді «Жас мамандар кеңесінің» төрағасы Шыңғыс Әбдіров.Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН, Ербол АЙТБАЕВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="83712,83710,83714,83709,83713"]