Маңғыстауда 29 шілде күні ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қарсы арнайы операция басталған еді. Оған Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер органдарының арнайы жасақ күштері мен құралдары тартылды. Арнайы операция барысында Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында бір мезгілде төрт түрлі топтан 17 адам ұсталды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап. Жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде ұйымдасқан топ мүшелерінің ауыр және аса ауыр қылмыстарға, оның ішінде адам өлтіруге оқталу, адам ұрлау, қарақшылық шабуыл жасау және басқа да фактілерге қатысы бар екендігі анықталған. «Оларды мекен-жайлары бойынша жүргізілген тінту жұмыстары барысында 3 дана тапанша мен 1 дана дыбыссөндіргіш, 8 дана кесілген аңшы қаруы, 1 дана «Сайга» карабині, 1 дана ұсақ калибрлі винтовка, 5 дана травматикалық тапанша, 218 дана оқ-дәрі, түрлі суық қарулар (пышақтар, кастеттер және т.б.) табылған. Олар дәлелдемелік зат ретінде алынды», - дейді ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі. Айтуынша, қазіргі таңда ҚР ҰҚК мен ҚР ІІМ қызметкерлерінен құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобы сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі азаматтарды әлеуметтік желілерде тарауы мүмкін арандатушылыққа ермеуге және үрейленбеуге, заңсыз әрекеттерге бармауға шақырды. «Аталған жағдай құқық қорғау органдарының толық бақылауында және арнайы операция қорытындысы жұртшылық назарына жеткізіледі», - деді. https://www.youtube.com/watch?v=vtY-coxyTYM&feature=youtu.be
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер ҚР ҰҚК-нің ресми сайтынан алынды