27-28 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында грэпплинг және грэпплинг-гиден ашық Азия кубогы өтті. Жарысқа Маңғыстау облысы «Mangystau top team» құрамасынан 17 спортшы қатысты. Аталған додадан маңғыстаулық спортшылар 6 алтын, 4 күміс, 5 қола медальмен оралды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Ашық Азия кубогына 500-ге жуық спортшы келген. Соның ішінде маңғыстаулықтар өз мүмкіндіктерін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Грэпплинг бойынша 54 келі салмақпен Нұрбол Құлжабаев алтын алды. 62 келі спортшылар арасында Бекзат Қапашов көш бастады. Ал Райыс Жеңісұлы 66 келі салмақпен алтын медальді қанжығасына байлады. Ересектер арасында 77 келі салмақтағы Нұрлыбек Орынов пен 100 келі салмақтағы Қанат Бердиев жеңіске жетті. Грэпплинг-ги сайысы бойынша Қайрат Байтишкин жүлделң алтын медаль алды. Ол 66 келі салмақ дәрежесінде сынға түсті. «Бұл жарыста спортшыларымыз жеңіске жетті. Олар өздерінің біліктілігін тағы бір делелдеді. Оқу-жаттығуымыз бен жарысқа дайындығымыз өз нәтижесін берді. Қуаныштымын, мұның өзі біз үшін үлкен жетістік. Ендігі мақсатымыз – қыркүйек айында Ташкентте өтетін Азия чемпионатына дайындықты күшейту», - дейді "Аралас жекпе-жек" спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Жеңіс Қайранов. Айтуынша, Ташкент қаласында өтетін грэпплингтен Азия Чемпионатына маңғыстаулық 10 спортшы жолдама алған. Олар 14-15 жастағы Бекзат Джапаров, Азамат Давлетумбетов, Аслан Карибов, Жасұлан Сансызбаев, Мейіржан Төлемісов болса, 16-17 жас аралығында Бектілеу Қазбекұлы, Нұрбол Базарбаев, Бекзат Қапашов, Елдос Амантұров және Иса Керімов жолдама алды. Сондай-ақ қазан айында Бакуде өтетін грэпплингтен Әлем чемпионатына 15 спортшы бақ сынауға барады. Спортшылар Маңғыстау облысының дене шынықтыру жəне спорт басқармасы, Маңғыстау облысының аралас жекпе-жек ММА, Панкратион жəне грэпплинг федерациясының президенті Н.Мұңлықовқа және грэпплингтен облыстың аға жаттықтырушысы Жеңіс Қайрановқа өз алғыстарын білдірді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді Жеңіс Қайранов ұсынды