Адамзат өркениетті қоғамға аяқ басқанымен, күні бүгінге дейін құлдық бұғауы мойнына тастай бекіген бейбақтар тағдыры әлем халқын дүр сілкіндіруде. Әсіресе экономикасы осал, жемқорлық пен жұмыссыздық жайлаған, күнкөрісі мүшкіл, тұрмысы жұпыны кедей елдерде адам саудасы қызып тұр. БҰҰ жүргізген кең ауқымды талдау мазмұнына үңілсек, әлем бойынша құлдықтың «қара нарығы» 600 млн. АҚШ доллары көлемінде пайда әкеледі екен. Әсіресе, Орталық Америка мен Кариб теңізі аймағы елдерінде ең өтімді тауар ретінде құлдарға сұраныс жоғары. Жемтігін ораған өрмекші торындай аса зәрлі - бүкіләлемдік есірткі желісі секілді құлдық сауда сан тарамға бөлінеді. Оның ішінде зымияндар құрығына жиі ілігетін топ нәзік жандылар көрінеді. Мәселен, қара нарық айналымына аңдаусыз түскендердің төрттен үші әйелдер мен қыздар қауымы. Арамза ойлы қылмыскерлер құлдарды қара жұмысқа тарту, жыныстық зорлық-зомбылық көрсету, қайыр сұрауға күштеу сынды сан алуан қиянат көрсетеді. Қаскөйлер қапысыз құрбандардың қан-сөлін сығып, қара жұмысқа жегіп, қинаудан қаймықпайды. Арсыздар арбауына естияр ересектермен қатар алаңсыз бүлдіршіндердің де еруі әрине жанға батады. Адам саудасында балалар мен жасөсіпірмдердің ішкі ағзалары жоғары бағаланады. Себебі әлі денсаулығы сыр бере қоймаған жас ағза мүшелері донорлық трансплантология саласында аса бір зәру тауар әрі өте қомақты қаржыға айырбасталады. Мұндай қаскөйлікке тек ұйымдасқан қылмыстық топтар не сыбайластар ғана емес, байлық көзін тұмшалаған туыстардың да қолы бара алатындығына соңғы кездері қоғамда орын алған жантүршігерлік оқиғалар дәлел болмақ. Мәселен, өз ата-анасы балаларын ақшаға айырбастаған қылмыстық фактілер әшекереленді. Сонымен қоса жаңа туған нәрестелерді сату деректері де еліміздің кей перинаталды орталықтарында тіркелген еді. Қазақстан географиялық орналасу тұрғысынан Еуропа мен Азия аражігін жалғар алтын көпір, тоқсан жол торабы түйіскен ірі транзиттік ел екендігі мәлім. Еліміз арқылы ауқымды маңызға ие халықаралық тауар айналымдары, сауда желілері сонау Қытай секілді Шығыс Азия елдеріне жол тартады. Жалпы экономикалық өсім деңгейінен де Орта Азияда Қазақстан үздіксіз даму даңғылына түскен жетекші елдердің бірегейі. Содан болар көршілес мемлекеттерден күнкөріс көзін іздеп келушілер ағыны күні бүгінге дейін толастар емес. Бұл орайда адам саудасы қылмыстық деректерінің де күрт ұлғаюы заңды құбылыс дейді мамандар. Адам саудасын асқындырып тұрған қылмыскерлерді құрықтау, мұндай зымиян іс-әрекеттерге тосқауыл қою әрі мүлдем төзбеушілік таныту ісі заң сақшылары тарапынан ыждаһатты жүргізіліп келеді. Халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік органдар қолдауымен әрі азаматтық сектор өкілдерімен бірлесе жаңа жобалар да қолға алынып жатқан көрінеді. Маңғыстау облысында адам саудасымен күрес ісінде тәжірибесі жетік, қылмыс құрбандарына материальдық-моральдық қолдау көрсетуде «Мейірім» ҮЕҰ нәтижелі жұмысымен ерекшеленеді. Біздің өңірдегі адам саудасына қатысты ахуалдың жай-күйі жайлы аталған ұйым директоры Александр Мухамен сұхбаттасуды жөн көрдім. - Сәлеметсіз бе, Александр! Бүгінгі таңда өте өзекті адам саудасы мәселесі елімізде қай жылдардан бері белсенді зерттеліп келеді? - Елімізде халықаралық қылмыс ретінде адам саудасы мәселесі 1998 жылдан бері жан-жақты зерттеліп келеді. Ал 2004 жылы Халықаралық көші-қон ұйымы бөлген қаржылай грант негізінде «Мейірім» ҮЕҰ құрылып, басты қызметі адам саудасы құрбандарына қолдау көрсетуге бағытталды. Біртіндеп қоғамда үгіт-насихат үрдісі бастау алып, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдармен тығыз қарым-қатынас орнатылды. Күні бүгінге дейін ұйым атынан жаңа заңнамаларды қабылдау және оларға толықтырулар енгізуге үн қосып, ұсыныс-пікірлер жолдап келеміз. Табанды қызметтің нәтижесінде талай адам саудасы құрбандары анықталып, қанаушылар қолынан босатылып, аман-есен отбасымен қауышты. Күні бүгінге дейін, яғни 15 жылдан аса мерзімде осы жұмыс сәтті жалғасын тауып келеді. - Үкіметтік емес ұйым ретінде қандай құзыретке иесіздер? - Әрине, біздер құқық қорғау органдары секілді жеке үй-жайлар мен тұрақтарды және құрылыс орындарына тексеріс жүргізіп, өздігімізден әрекет ете алмаймыз. Десекте ІІД қызметкерлері және көші-қон полициясымен бірлесе біраз дүниені тындырдық. Мәселен, өз туысына іздеу салған біреу Өзбекстаннан хат жолдады делік. Біз дереу жергілікті полиция өкілдеріне қоңырау шаламыз. Ал олар өз өкілеттілігі шеңберінде деректің дәлдігін анықтау бойынша жұмыс жасайды. Егер қылмыстық факт анықталса, жәбірленуші жазған арыз негізінде тергеу жүргізіледі. Кінәсі дәледенген жағдайда қылмыскер ҚР Қылмыстық-процесуалды кодексі бойынша жазаға тартылады. Халықаралық көші-қон ұйымы тарапынан адам саудасы құрбандарына көрсетілетін әлеуметтік көмектер бар. Мәселен олардың өз еліне оралуы үшін қаржылай қолдау көрсету қарастырылған. Сондай-ақ өзге елдерде де біз сияқты қоғамдық ұйымдар қызмет етеді. Олармен де тығыз байланыстамыз. - Қазіргі таңда адам саудасының алдын алу мақсатында қандай жобалар жүзеге асып жатыр? -Биыл 1 сәуірден бастап ЕҚЫҰ және Қазақстандағы АҚШ елшілігі қолдауымен жаңа жоба аясында жұмыстанудамыз. Қанауда болған адамдарды материалдық тұрғыдан қолдау үшін халықаралық ұйымдардан арнайы қаражат бөлу мәселесі қарастырылуда. Жоба аясында жәбірленушіге қажетті құжаттарды қайта қалпына келтіру, ол мүмкін болмаған жағдайда елге оралуы үшін берілетін арнайы сертификат ақысы мен жол шығынын және азғана мерзімге тұрақтайтын пәтерақысын өтеу көзделген. Егер зәбір көрген жан бұдан кейін де құқық қорғау органдарымен бірлесе қызмет атқарам десе өз еркі. Егер ол ҚР азаматы болса арнайы оқу курстарына қатысып, мамандық игеру мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қоса 2016 жылы заң аясында бекітілген адам саудасының құрбандары үшін әлеуметтік қызметтер стандарттарына сәйкес арнайы жәрдемақы төленеді. Бұл стандарттар аясында әлеуметтік көмек ҚР азаматтары мен тұруға ықтияр хаты бар немесе мүлдем азаматтығы жоқ жандарға ғана көрсетіледі. Біздің облыста адам саудасы қылмысы көбінесе Өзбекстан азаматтарына қатысты жасалынады. Ал бұл жағдайда жәбірленушілер мемлекет тарапынан ешқандай қолдау көрмейді. Яғни оларға көмек көрсетуде заңнамадағы қарама-қайшылықтар салдарынан қиындықтар туындайды. Сол себепті соңғы кездері заңнамаға өзгертулер енгізу мәселесін көтеріп жүрген жайым бар. - Жалпы адам саудасы ішінара тармақтарға бөліне ме? - Жалпы адам саудасы еңбек құлдығы, жыныстық құлдық және ішкі ағазалардың қара нарығы болып үш түрге бөлінеді. Маңғыстау облысында соңғы бес жылда еңбек құлдығына қатысты қылмыстық істер үлесі ұлғаюда. Уақыт өте еңбек құлдығының сыртқы пішіні өзгеріске ұшырап келеді. Жаза қатайған сайын, қаскөйлер түрлі құйтырқыларға баруда. Бұрын шалғай ауыл, шеткері елді мекендерде заңсыз мал бағуға күштесе, бүгінде тұрғын үйлерде де құлдықта ұстау фактісі анықталып жатыр. Жыныстық құлдық деңгейі жыл арта төмендеп келеді. Ал балалар саудасы бойынша деректер соңғы жылдары тіркелген жоқ. Соңғы алты ай бойынша деректерге сүйенсек, 12 Өзбекстан азаматы адам саудасына түскен екен. Былтыр өзіміздің шетелге кеткен бір азаматымыз қанаудан құтылып, кері қайтарылды. Ал 21 Өзбекстан және Тәжікстан азаматтары құлдықтан босатылды. - Адам саудасына түсу қауіпін алдын-ала қалай тануға болады? - Мәселен, Өзбекстан елінен келген азамат өз еркімен жұмысқа кіреді. Уақыт өте жұмыс беруші оның паспортын өзге де құжаттарын тартып алады. Еркінен тыс қара жұмысқа жегеді, жалақы төлемейді. Ешқайда қаша алмайтындығын түсінеді. Себебі құжатсыз сол бойда полиция құрығына ілігеді. Елде заңсыз қызмет еткені үшін жауапқа тартылады. Сол себепті көп жағдайда құжатсыз жүрген еңбекші-мигранттар шарасыз күй кешеді. Әр түрлі жағдай орын алуы мүмкін.. Сонымен қоса, кез келген азамат өзге елге жұмысқа аттанбас бұрын, сол елдің еңбек кодексімен мұқият танысуы адам саудасына түсуі қауіпін сейілтетіндігін айтқым келеді. Қылмыскерлер құрығына түскендердің 80 пайызы ғаламтор желісінен бейхабар жандар. Тіпті қарапайым смартфон тіліне түсінбеуі мүмкін. Яғни сауатсыздықтың дертінен бәлеге ұрынып қалғандар. Осы осал тұсты пайдаланған қаскөйлер құлдықтағы құрбандарды еркінен тыс іс-әрекеттерге мәжбүрлейді. - Біздің елімізде адам саудасын ауыздықтауда ашықтық қағидаты қандай деңгейде сақталады? - Үкімет бұл мәселеге аса назар аударып келеді. Қабылданған заңнамалар, мемлекеттік әлеуметтік стандарттар түйіткілді мәселенің түбірін жоюға бағытталған. Қоғамдағы өзге мәселе – халыққа адамның жеке бас бостандығы мен құқығына қол сұғу, қадір-қасиетін қорлау нағыз қылмыс екендігін түсіндіру. Біз өз тарапымыздан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын шама-шарқымыз жеткенше жүргізіп келеміз. Еріктілермен және құқық қорғау органдары өкілдерімен бірлесе ақпараттық материалдар таратып, адам саудасы, зорлық-зомбылық көрсетіп, қара жұмысқа жегу ауыр қылмыс екендігін ашық айтамыз. Жыл бойы орта мектептерде, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында дәрістер өткіземіз. Шалғай ауылдарда кейбір жұмыс берушілер қол астындағы жұмысшыға қара су мен қара наннан өзге дәм татырмау, оны лашықта түнетуді қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ал заңға жүгінсек, мұндай сорақы қылмыс үшін кодексте арнайы жаза қарастырылған. Мінеки осындай мәселе бар. – Облыс аумағында адам саудасы құрбандарына арналған жатақханалар бар ма? Адам саудасы құрбандарын аяғына тұрғызу үшін мемлекет тарапынан қандай шаралар іске асып жатыр? – Облыс аумағында арнайы баспана қарастырылмаған. Десекте жоғарыда атап көрсеткендей белгілі бір санаттағы азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Өз басым арам пиғылдылар қолынан ауыр жапа шеккендерді қандай жағдай болмасын мемлекет өз қамқорлығына алуы тиіс деп ойлаймын. Олардың денсаулығы өте нашар, тұла бойында ауыр дене жарақаттары болуы мүмкін. Сол себепті тегін медициналық көмекке мұқтаж. Өз тәжірибемде жыныстық зорлық-зомбылық көрген аяғы ауыр әйелдерді қанаудан босатуға тура келген кездер болған. Тағдыр теперішін көрген мұндай жандар психологтардың көмегіне аса зәру. Бойларын үрей билеген, бөтен біреуге мүлдем сенбейді. Құлдық «қамытынан» құтылғанымен қалыпты тірлікке, әлеуметтік ортаға, қоғамға бейімделуі де өте қиын, ұзақ мерзімге созылады. Сол себепті арнайы бейімдеу орталықтары жұмыс жасау қажет. Сонымен қоса, әлеуметтік қолдау деңгейін арттыру қылмыс санын қысқартуға сеп болатындығын ескерсек деймін. – Александр өз қызметіңізде қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз? – Мамандар мәліметіне сүйенсек, есірткі, қару және адам саудасы әлем бойынша ең мол табыс көзі ретінде мәлім. Адам саудасы секілді көлеңкелі бизнес көптеген елдерде ең өзекті мәселелердің бірі. Сол себепті мұндай қылмыспен күрес тоқтамау тиіс. Осы жылдары біздің үкіметтік емес ұйым 300-ге жуық жанның құлдықтан босауына септесті. Әрине барлық бастамаларда қиындықтардың болу шартты құбылыс. Бірақ оған мойымай өзге жанға көмек қолын созу нағыз адамгершілікке жатады. Менің негізгі мамандығым мұғалім. Мен әу бастан-ақ өзгелерді үйретуге, жақсылық жасауға құштар жанмын. – Танымды сұхбатыңызға рахмет! Бүкіл ел иглігі үшін жасалған еңбегіңіз лайықты бағасын алуына тілектеспін.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ