Жаңаөзен қаласының екі тұрғыны 20 маусым күні сағат 18:00 шамасында жоғалып кеткен еді. Туыстары азаматтардың хабарсыз кеткеніне алаңдап, іздестіру тобын құрған. Олар алдымен Қарасай сайының Дәуқара моласы маңынан газель автокөлігін тауып алған. Ал 24 маусым күні Бейнеу аудандық ТЖБ жоғалған екі жаңаөзендікті Желтау тауындағы Шолабай моласының маңында тапқан. Оның бірі сол жерде қайтыс болған, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. «Маусымның 24 күні сағат 20:00 шамасында жоғалған азаматтар Бейнеу ауылынан 180 шақырымдай жердегі Атырау облысы Жылыой ауданында орналасқан Шолабай моласы маңынан табылды. Оның бірі тірі, ал екіншісінің өлі күйінде тапқан. Мамандар азаматтың денсаулығы нашарлап қалғанын ескеріп, Боранқұл ауылының орталық ауруханасына жеткізді. Дәрігерлік көмек көрсетілді. Қазір таңда табылған азамат үйіне жеткізілді. Жоғалған азаматтардың табылуына байланысты авиатехника жұмылдырылмады», - дейді Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Қарасай сайындағы Дәуқара мазары мен Желтау тауындағы Шолабай мазарының арақашықтығы шамамен 25-30 шақырым. Айта кетейік, оқиға 20 маусым күні болған. Жоғалған азаматтар 1967 жылы туған. Олар Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Оймауыт ауылына мал алып келуге жолға шыққан еді. Туыстарының айтуынша, 21 маусым күні сағат 08:30-да Бейнеу ауданы Боранқұл ауылынан шыққандығы туралы телефонмен айтқан. Содан кейін хабар болмапты. Екі азаматтың хабарсыз кеткендігіне алаңдаған туыстары маусымның 23 күні іздеуге шығады. Сол күні сағат 10:00 шамасында газель автокөлігін Қарасай сайының Дәуқара моласының маңынан табады. Алайда ішінде адам болмаған. Содан кейін сағат 16:30 шамасында жаңаөзендік екі тұрғынның жоғалғандығы туралы Бейнеу ауданының төтенше жағдайлар бөліміне хабар берген. Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаменті баспасөз хатшысының айтуынша, түскен хабарлама бойынша азаматтарды іздестіру үшін Бейнеу ауданы әкімідігі Маңғыстау облысы әкімдігінен тік ұшақ жұмылдыруға сұраныс берген. Сонымен қатар 24 маусым күні Бейнеу ауданының ТЖБ бастығы, «Акиматсервис» МКҚК басшысы және «Бейнеу орман және жануарларды қорғау жөніндегі» ММ бастығынан құралған жедел іздестіру тобы УАЗ-автокөлігімен іздестірген екен.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА