Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшелері Казанцев Павел Олегович және Құрманова Айзада Амангелдіқызы Түпқараған ауданына жұмыс сапарымен келді. Бір жылда 4 рет ел аралап, елге түсіндірме жүргізіп, ел тілегін тыңдайтын Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарының тәртібі бойынша қабылданған заңдарды түсіндіріп, қараудағы заңдарға ұсыныстар жинайды. Сонымен қатар елді аралап, тыныс-тіршілігімен танысады. Осы мақсатта ауданға ат басын тіреген халық қалаулылары жұмыс сапарын ауданға қарасты Ақшұқыр, Сайын ауылдарынан бастап, «ҚазақОсетр» ЖШС, «Тетис» ЖШС, «Ағарған» ЖШС жұмыстарымен танысты. Түстен кейін Форт-Шевченко қаласында аудан тұрғындарымен кездесу өткізді. Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру бағы тындағы Елбасы Жолдауының негізгі қағи даларын түсіндіріп, Парламент қабырға сында қабылданып жатқан заң жобаларымен, қабылданған заңдар мен ел дамуының басым бағыттарымен таныстыру үшін арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Казанцев Павел Олегович және Құрманова Айзада Амангелдіқызы Түпқараған ауданы тұрғындарына АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) берудегі кездесіп жатқан қиындықтар мен осы бағыттағы мәселелерді шешу мақсатындағы жұмыстармен таныстырды. Тұрғындарға жаңа заңдағы өзгеріс бойынша тұрғын үй кезегіне тұруда көп балалы аналарға жаңа санаттың қосылғандығын сүйіншіледі. Қазақстанда 340 000 көп балалы отбасы бар. Олардың 31 мыңы үй кезегінде тұрғандығын айтқан депутат ендігі жерде көп балалы аналар ерекше кезек арқылы баспана алуға мүмкіндік алатындығын жеткізді. Сондай-ақ 2025 жылға дейін осы бағыттағы мәселені шешу үшін 2 мың жалдамалы пәтер салынуы көзделіп, жыл сайын жалдамалы пәтер салуға 2 млрд. қаражат бөлінетіндігін айтты. Депутаттар негізгі басым бағыттарға, оның ішінде азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқандығын алға тартты. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Құрманова Айзада Амангелдіқызы: - Биыл айтулы жыл болғалы отыр, 2019 жылдың 19 наурызында Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. Конституциямыз бойынша Президент өкілеттігін Сенат төрағасы Қ.Тоқаев жалғастырды. Кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешім қабылдаған болатын, енді алда 9 маусым – ел таңдауын жасап, көшбасшысын сайлайтын тарихи, саяси шешім тұр. «Нұр Отан» партиясының съезінде 2025 жылға дейін 3 негізгі мақсат қойылды. Олар: халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу, халықтың аз қамтылған топтарының табысын арттыру; тұрғын-үй мәселелерін шешу және де білім, денсаулық сақтау саласын жетілдіру; өмір сапасын арттыру үшін жаңа өңірлік саясатты іске асыру. 2019 жылдың 1-маусымынан бастап бюджеттік саланың жалақысы 30 пайызға арттырылады. Бұл 1 миллионнан астам білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мәдениет, мемлекеттік қызметтегі техникалық қызметкерлерді қамтиды. Екіншіден, 1-маусымнан бастап жергілікті атқарушы органдардың төменгі қызметкерлерінің жалақысы орташа 5 пайызға артады. Үшіншіден, 1-сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмек басқа форматта берілетін болды. Ол жөнінде естіп жатырсыздар. Бүгінде атаулы әлеуметтік көмекті алу кезінде төрт және одан да көп балалы отбасына берілетін жәрдемақы, алтын және күміс алқалар алған аналардың жәрдем ақысы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақылары, студенттердің шәкіртақылары АӘК тағайындау кезінде табыс кірісі болып есептелмейді. Осы төңіректе әлі де мәселелер бар. Мысалы: сиырын, тауығын есептеп жатыр деген мәселелер бар. Бұл мәселелер министрлікте қаралуда. Үйіндегі ата-енесінің зейнетақысын санау деген мәселелерге әлі де ұсыныстар беріліп, көтерілуде. Өзгертулер бағытында жұмыс жасап жатырмыз, - деді негізгі өзекті мәселелер бойынша әңгіме қозғаған депутат Құрманова Айзада Амангелдіқызы. - Біздер үнемі жоспар бойынша аймақтарды аралаймыз. Маңғыстауға келіп, облысқа қарасты аудандарды аралап, өңір халқымен кездесудеміз. Ұсыныс-тілектерін тыңдаймыз, жоғарыға жеткіземіз. Биыл 100-ге жуық заң қаралды. 80%-ы қол қойылған, қалғаны қаралуда. Яғни Сенатқа жіберілді немесе Президент қарауында. Жақында сайлау өтеді. Барлықтарыңызды белсенді қатысуға шақырамын, - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Казанцев Павел Олегович. Сонымен қатар киноматография саласында да жаңа заң бекітіліп, еліміздің киноиндустриясында оң өзгерістер болатынын, елімізде түсірілетін кинолар үшін салынатын салық мөлшері бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ Маңғыстаудың да табиғаты кино саласына сұранып тұрғандығын ескерсек, ол заңның біздің өңірге де тікелей қатысты болатынын айтты. - Кәсіпкерлік бағытында да қабылданған жаңа заңда аудандық деңгейдегі жылжымалы мүліктің кепіл бола алатындығы кәсіпкерлер үшін тиімді болмақ. Бұрындары қала кәсіпкерлері ғана мұндай мүмкіндікке ие болса, енді аудандағы үйлердің де бәсі кәсіпкерлік несиелерді алу үшін кепіл бола алады, - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутатты Казанцев Павел Олегович сөз барысында. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Құрманова Айзада Амангелдіқызы жиыннан соң халықтың сұрақтары бойынша қабылдап, сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстарды қабылдады. АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) берудегі кездесіп жатқан қиындықтар мен осы бағыттағы мәселелерді шешу үшін ұсыныстар қабылдап, жоғарыға жеткізетінін де айтты. Жиын соңынан Ауған ардагері Аманғали Ниязбаев осы санаттағы ардагерлердің статусы жайлы және ардагер-ұстаз Гүлсім Рамашева орта күн көрістегі азаматтарға да қолдау қажеттігі жайлы жеткізді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА