©
Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Ең аяғы аң-құс та бір өңірді мекендеп, басқа аймақтарды жерсінбейді. Біздің де сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю – әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы. Өйткені қазақтың Қазақстаннан басқа Отаны жоқ. 2019 жылғы 7-мамырда Қазақстан Республикасында Қарулы Күштердің 27 жылдығы мен 9-мамырда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 74 жылдығы атап өтіледі. Тарихтан мәлім, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақстан КСР Жоғары Кеңесі мемлекеттің егемендігі туралы Декларацияны халыққа жариялады. Осы жылы бұрынғы КСРО республикаларының басшылары бас қосып, Кеңес Армиясының әскери қуаты мен жауынгерлік әлеуетін сақтап қалу үшін Тәуелсіз Республикалар Одағының Біріккен Қарулы Күштерін құру туралы шешім қабылдайды. Алайда 1991 жылы Беловеждегі Ресей, Украина, Беларусь басшылары кездесуінің нәтижесінде біртұтас қарулы күштері бөлінуі қажет болды. Осы жағдайды және елдің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын ескере отырып, Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы 7-мамырда №745 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанын жариялады. Міне, сол кезден бастап қазіргі Қазақстан армиясының іргетасы қалана бастады. Оның құрамына Қорғаныс министрлігі, бас штаб, құрлық әскерлері, әскери-әуе күштері мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кіреді. Біртіндеп әскерді тастап кетпеген кәсібилердің күшімен әскери жүйе пайда болды. Елбасы – Жоғары Бас қолбасшы құрған Қарулы Күштер ширек ғасырдан астам Қазақстанның аумақтық бүтіндігі мен егемендігінің берік қалқанына айналды. Бүгінде ол – соңғы үлгідегі қару-жарақпен және әскери техникамен жасақталған жоғары мобильді, жауынгерлік қабілетті, кәсіби әскер. Бұл күн қазақстандықтардың ерлікке толы шежіресін және Отанға қызмет ету дәстүрінің сабақтастығын сипаттайды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері жауынгерлік даярлықтың жоғары қарқынды деңгейімен, сапалы жұмылдыру резервімен, ұлттық әскери оқу орындары жүйесімен және қажетті материалдық- техникалық құралдармен қамтамасыз етілуімен ерекшеленеді. Біздің әскери қызметшілер жоғары кәсіби даярлық, үйлесімдік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетуде. Қарулы Күштер қатарында қызмет ету – әрбір қазақстандықтың құрметті міндеті, аға буынның батырлық және жауынгерлік дәстүрлеріне негізделген патриотизмнің жоғары адамгершілік мектебі ретінде қалыптасып отыр. Қарулы Күштердің құрылу күні 27 жыл бойы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында мерекеленуде. Жеңіске қол жеткізген ұрпақтың ерлігі батылдық, мұқалмас күш-жігер мен Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді. Бүгінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамы даңқты жауынгерлік дәстүрді жалғастыра отырып, мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде маңызды тапсырмаларды абыроймен атқарып жүр. Сіздерді Қазақстан Қарулы Күштерінің 27 жылдығы және Ұлы отан соғысындағы Жеңіс күнінің 74 жылдығымен құттықтаймын! Ардагерлерге мықты денсаулық, рух жігерлілігі, бейбітшілік пен ізгілік, ал әскери қызметшілерге еліміздің қорғаныс қабілеттігін нығайту ісінде сәттілік тілеймін!Н. ТАҢБАЕВ, Маңғыстау аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығы