©
Ел болып қалыптасу кезеңінде ұлттық әскер күштері азаматтардың еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек етуде. Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан-жылға нығаюда. Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күні. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Қазақстан Республикасының Отан қорғаушылар күні – бұл еліміздің қорғаныс қабілетінің кемелденгенін білдіретін мереке. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Президентінің Жарлығымен Қазақ КСР-нің мемлекеттік Қорғаныс комитеті құрылды. Кейін республиканың қорғаныс мәселелерін толық түрде жеке шешуіне байланысты Қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Әрбір еразаматтың қасиетті парызы әрі міндеті – Отан қорғау! Өйткені Отан қорғаушыға мемлекеттің, әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін сақтау, ел шебін көздің қарашығындай күзету сенімі жүктелген. Мұндай зор сенімге лайық болу, оны абыроймен атқару – әр еразаматқа сын. Сондықтан ондай сынға тек ерік-жігері күшті, қажыр-қайраты мол, патриоттық сезімі ұшан-теңіз жандар ғана төтеп береді. Еліміздің айбынды әскері бүгінгі күні Қазақстан халқының игілігі жолында бейбітшілікті әуеде, құрлықта, теңізде қорғауға үлес қосып, Отанымыздың қорғанысын нығайтуда. Қастерлі Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Халқымыздың толайым тарихын да әр ғасырдың бедер-белесінде туған ел мен жерді көздің қарашығындай қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, ұрпақтың азат өмірі үшін жанын пида еткен ата-бабаларымыздың өшпес даңқы мәңгі жасай бермек. Тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап республикамызда елдік рух, патриоттық тәрбие ең маңызды мемлекеттік мәселе ретінде қолға алынды. Бүгінгі таңда егемен Қазақстан заманауи қару-жарақ пен құралдарға ие айбынды әскері бар қуатты елге айналды. Батыр бабаларымыздан ұланұрпаққа мирас болған кең байтақ қазақ даласының қай қиыры да қисапсыз төгілген қан мен құрбан болған жанның, қаһармандық ерлік істердің арқасында ел игілігіне айналып отыр. Мереке қарсаңында елді, жерді қорғап жүрген сарбаздардың тыныстіршілігіне үңілдік. Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментіне бас сұққан болатынбыз. Аталған департаментте жұмыс қызу. Мұнда мерзімді әскер қатарына жоспарға сәйкес әскери құрылымдар мен бөлімдерге нарядқа сәйкес кестемен жіберу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда шекара қызметіне – 99, қарулы күштерге – 280, ұлттық ұланға 230 сарбаз жіберілу көзделуде. Мамандар әскери борышты өтеуге ниеттілер саны аз дейді. Отанын қорғауға аттанған әрбір сарбазды осы мекемеден атааналарымен, туған-туысымен кездестіріп, сарбаздарға ақ жол тілеп, ардагерлерді шақырып, мектептегі «Жас сарбаз» клубымен ұйымдасып «Әскерге шақырылған сарбаздың күні» атты шара өткізіледі. Облыстық әкімдік пен мәдениет басқармасының қолдауымен концерттер де ұйымдастырылып тұрады. Біздің бағытымыз – жастарға әскери-патриотттық тәрбие беріп, олардың әскери оқу орындарында білім алып Отан қорғау тәрбиесінде бағыт беру. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, еліміз бойынша әскери оқу орындарына оқуға түсу аясында Маңғыстау жастарының қызығушылығы төмен, – дейді Маңғыстау облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының тәрбие, идеология, әскери-патриоттық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қуандық Бердіғалиев. – Әскери қызмет – жауапкершілігі мол сала. Әскери қызметші қашан, қайда қызмет атқаратынын білмейді. Себебі бұйрық келген кезде белгілі бір аймаққа жету қажет болса, сонда баруға міндетті. Әскери қызметші осындай талаптарға сай болу қажет, – деді ол. Департаментте мереке күндері де аталып өтіледі. Жақында 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнінде әр бөлім ұлтқа бөлініп, сол елдің тұрмыс-тіршілігін бейнелеп, ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрін көрсеткен іс-шара өтті. Қазіргі таңда барлық мектептерде «Жас сарбаз» клубы ашылған болатын. Аталған клуб өскелең ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен қатар ұлттық, мәдени құндылықтарды үйрету жолында аянбай еңбек етуде. АӘД пәнінің мұғалімі «Жас сарбаз» клубының жетекшісі болып табылады. Клубта білім алатын оқушыларға куәлік беріледі. Облыс әкімі, аудан әкімі орынбасарларының қатысуымен жиын өткен болатын. Бас қосуда «Жас сарбаз» бөлмелерінің жаңа оқу жылына дайындық ретінде жаңа талаптарға сәйкес жөндеу жұмыстары қарастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар «Сарбаз» журналында «Жас сарбаз» клубтарына арнап қосымша бет шығарылуда. Әр өңірдің әскери тыныс-тіршілігі шығатын журналдан балалардың алары мол. Бұл жас буынның әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, патриоттық тәрбие беру негізінде алары мол болмақ. Журнал арқылы жастар республикадағы басқа да жастармен тәжірибе алмасып, үйренгендері мен түйгендерін ортаға салмақ. Клубтың атқарып жатқан жұмыстары аз емес. «Жас сарбаз» клубы мектеп ұжымымен бірлесіп ардагерлерге арнап іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Ардагерлермен жастар кездесіп, ашық әңгімелер жүргізеді. Ақсақалдар жастарға соғыс кезіндегі көрген қиыншылықтарымен бөлісіп, оларды қызықтырған сұрақтарына жауап береді. Клуб оқушыларының арасында сайыстар өткізіліп, оқушылар зор қызығушылықпен белсенді атсалы сады. «Айбын» патриоттық сайысы өткенді. Сайыс қорытындысы бойынша Ақшұқырдағы мектеп-лицейі бірінші орынға лайықты деп танылды. Аудандық, қалалық, облыстық деңгейде өткен жарысқа өңірдің барлық мектептері белсенді қатысты. Қазір 5 қыз бала, 10 ер бала 17–22 маусым аралығында өтетін республикалық деңгейде сайысқа дайындалу үстінде. Сайыс түрлі бөлімдерден тұрады. Топтық, жеке болып өзара бақ сынасады. Әскери спорттық іс-қимылдарды көрсетіп, Қазақстан тарихы және робототехника бойынша сайыспақ. Мұнда сонымен қатар Қорғаныс министрлігіне қатысты ардагерлерге арналған бөлме бар. Бөлме тұнып тұрған тарих дерсіз. Сөрелерде түрлі өткенді бейнелейтін суреттер, кітаптар орналасқан. Аталған бөлмеде ардагерлердің қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіліп, оларға құрмет көрсетіледі. – Облыста ардагерлер де санаулы. 9 мамыр мерекесіне орай ардагерлерімізге құрмет көрсетіліп, қал-жағдайын білуге арнайы барамыз. Сұрапыл қан майданда қолына қару алып, жауға қарсы шыққан кешегі сарбаз, бүгінгі ардагерлердің өмірі жас буынға патриоттық тәрбиенің маңыздылығын түсіндірері анық, – дейді Қ.Бердіғалиев. – «Ерлік сабағы» атты дәріс уақытылы өткізіледі. Дәрісті АӘД мұғалімдері, мектеп ұжымы бірігіп ұйымдастырады. Дәріске ауған соғысы, Чернобыль соғыс ардагерлері, Қарулы күштерінің ардагерлері қатысады. Олар жастарға әскери өмірден алған әсерін, тәжірибесін айтып береді. Қазіргі жастар өте білімді. Кездесу кезінде жастар тарапынан сұрақтар қойылады. Олар жеңіл сұрақтармен шектелмейді. Қиын сұрақтар қояды. Жастарға ардагерлермен бетпе-бет кездесу өте ұнайды. Мектеп оқушылары кездесу аясында ардагерлердің өмірбаянын, ерлігін суреттей отырып кітапша шығарып, қарттарға тарту етті. Ардагерлер өмірін оқып бергенде, қариялар шексіз қуанды, – дейді Ауған соғысының ардагері, подполковник А.Утегенов.Зухра ӘБДІЛ-САТТАР