Халық өз таңдауын жасайды
[ 2019 ] 18 сәуір, 11:46 | Қоғам
Ұлттық мақсат-мүддемізді қорғай білейік
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 9 сәуірінде халыққа жолдаған Үндеуінде ағымдағы жылдың 9 маусымы күні ҚР Президентінің сайлауы болатындығын мәлімдеді. Әрине, бұл осыдан 20 күн бұрын Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың лауазымын өз еркімен тапсыруы туралы конституциялық заңды бастаманың жалғасы болып табылады.
Шын мәнісінде, Елбасының бұл көрегендік саясаты конституцияның, Қазақстан Республикасы заңдарының орындалуын дәлелдеп, Қазақстан халқы өзінің конституциялық жолмен қалыптасқандығын, зайырлы, кемеліне келген мемлекеттердің санатына жеткендігін бүкіл дүние жүзіне паш етіп отыр.
Бұл тарапта конституциялық жолмен тағайындалған Қазақстан Республикасының екінші Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау күнін кезектен тыс белгілеуі халқымыздың ел Президентін жалпы ұлттық дауыс беру арқылы сайлауға қатысу, яғни Қазақстан Республикасының Президентін бүкіл халықтық дауыс беру арқылы сайлап, оның өкілеттілігін халықтың қолдауымен бекітіп алу мәселесін қарастырып отыр.
Жалпы халықтық қолдау дегеніміз – ҚР халқының басым көпшілігінің ауызбіршілігі, елдің болашағының үстемдігінің жағдайын ойластыру. Жан-жағымыздағы көршілес мемлекеттерге біздің Қазақстан халқының бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып еңбек ете алатын мемлекет екенін көрсете білу. Сол арқылы өзіміздің ұлттық қажеттіліктерімізді, ұлттық мақсат-мүддемізді қорғай білу.
Қазіргі таңда жан-жақтағы алпауыт мемлекеттердің бір-біріне қырғи-қабақ танытуы, сонымен қатар бір-біріне экономикалық тежеулер қойып, даму жолдарын кері қарай тарту мәселелері болып жатқан кезде біздің халықтың бірауызды екенін дәлелдеп, елі- міздің болашаққа ұмтылатындығын заңды түрде көрсете білсек, біздің еліміздің сол кезде ғана дүниежүзілік саяси алаңда толық мойындалатыны сөзсіз.
Марат МОЛДАҒҰЛОВ,
Ақтау қалалық мәслихат депутаты
***
Халық өз таңдауын жасайды
Биыл 9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтеді. Бұл ақпаратты Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 9 сәуір күнгі халыққа Үндеуінде жариялады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау өткізу туралы шешімін дұрыс деп есептеймін. Себебі Президентті ел болып бүкілхалықтық сайлау өткізу арқылы сайлап алғанымыз қажет. Ол халықаралық сайлау нормаларына лайық шара болғандықтан заңдылығына ешкімнің күмән келтіруге құқы жоқ болып саналады.
Конституцияға сәйкес Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырзаға жариялы, заңды түрде, халық алдында билікті бергенімен ол барша жұртшылықтың бағалауынша, шет мемлекеттердің көзқарасынша уақытша Президент ретінде қабылданып отырғаны жасырын емес.
Сондықтан да, сайлау мәселесі қажеттіліктен туындап отыр. Өйткені әлемдегі саяси тұрақтылық мәселесі сағат сайын ауысып, дүниеде түрлі өзгерістер мен оқиғалар өтіп жатыр. Сондықтан сырттан келетін қауіп-қатерлерден және іштен шығатын дау-дамайлардың алдын алу үшін тез арада президент сайлауын өткізу қажет. Ал елде саяси тұрлаусыздық пен белгісіздік болмау үшін сайлау арқылы сайланған Президентіміздің нық отырғаны дұрыс.
Сайлауға тіркелу, сайлау өткізу науқаны екі айдың ішінде толықтай іске асуы тиіс. Себебі қазір халықтың көңілі Президенттікке үміткер азаматтардың дұрыс жолды таңдауына алаңдаулы. Ел басқару – оңай іс емес. Оған лайықты, президент сайлауын өткізу туралы заңға барлық талаптар бойынша сай келетін азамат ұсынылып, халық өз таңдауын жасайды деп сенемін.
Өзімнің әріптестерімді, азаматтық қоғам өкілдерін сайлауға белсенділікпен қатысуға, оның таза да әділ өтуіне атсалысуға шақырамын. Өзіміздің азаматтық көзқарасымызды білдіруге асығайық, жерлестер!
Жібек АХМЕТОВА,
«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы»
заңды тұлғалар бірлестігінің президенті
***
Бізге тұрақты Президент қажет
9 сәуір - ел өмірінде ерекше күн болды. Қазақстанның уақытша Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырза ресми арналардан сөйлеп, Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесін жариялады. Бұл дұрыс әрекет деп білемін. Өйткені әлемдік қауымдастықпен санасатын ел болу үшін уақытша Президент емес, тұрақты Президент елді басқару қажет деп ойлаймын.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 9 маусымда өтетінін мәлімдеген Тоқаев шешім қабылдарда бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасқанын, билік тармақтары басшыларымен және парламенттегі саяси партия төрағаларымен кездескенін айтты. Айтуынша, Президент Конституциялық кеңеске де жүгінген. Бұл – дұрыс шешім. Өйткені Қазақстанның әлемдік кеңістіктегі беделі ең бірінші Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Қ.Тоқаев «Президент лауазымына кіріскеннен бастап өңірлерді аралап жүрмін. Халықтың көңіл күйін жақсы білемін», – дейді. «Әлеуметтік-экономикалық мақсат-міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін бізге айқындық қажет» деген Президент сайлаудың ашық әрі әділ өтетінін айтты. Мен бұл сөздерді естіп тағы бір қуанып қалдым. Жалпы Тоқаев мырзаның әлем дипломатиясындағы өзіндік орны мен қыры ерекше жан екені белгілі.
Президент шешімінің мәніне келсек, келер 2020 жылы халық санағы болады, ол да оңай шаруа емес, сондықтан екі саяси-қоғамдық мәні бар шараны 2020 жылы емес, сайлауды биыл өткізгені абзалырақ. Екінші тиімді тұсы елімізде қаншама инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Ол жобалар – шетелдік компаниялар, ал олар иесіз уақытша Президенті бар елмен жұмыс жасағысы келмейтіні – шындық. Сондықтан сайлаудың кезектен тыс өтуі біздің ішкі және сыртқы саясатымыз үшін өте тиімді болмақ.
Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,
Маңғыстау аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы
882
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.