Сайлауға қатысу – азаматтық міндет
[ 2019 ] 16 сәуір, 05:04 | Қоғам
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен алдағы 9 маусымда кезектен тыс президенттік сайлау өтеді. Иә, Президентіміздің Қазақстан үшін үлкен кезеңге бастайтын бұл шешімі сөзсіз тарихта қалады. Бұл шешімді Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Парламенттің қос палата спикерімен, саяси партия басшыларымен, сонымен бірге Конституциялық Кеңестің келісімімен қабылдады. Уақытша Президент болып тағайындалған қысқа уақыт ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев ірі халықаралық тұлғалармен кездесті. Сондай-ақ еліміздің бірқатар өңірлерін аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігімен жақын танысып, пікірлері мен талаптарын тыңдады. Сайлау өткізу туралы шешім осындай маңызды оқиғалардан кейін қабылданды.
Ол сондай-ақ еліміздің кемел келешегін айқындай түсетін сайлаудың әділ өтетініне сенетінін айтып, үлкен науқанға ел азаматтарының белсене атсалысуы тиістігін атап кетті.
Айта кетсек, президенттікке кандидаттар тізімі екі ай мерзім ішінде жасақталады. Осыдан кейін Орталық сайлау комиссиясы тіркелген кандидаттарға сайлау науқаны жұмыстарын жария жүргізу құқығын береді.
Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің өсіп-өркендеуі үшін көптеген әлеуметтік бағдарламаларға бастамашы болды. Бұл мақсаттарды нәтижелі жүзеге асыру үшін бізге біртұтас, бірлесе жұмыс жүргізуіміз қажет. Осы орайда ел дамуы мен болашағы үшін маңызы ерекше кезеңде алдағы сайлау науқанына әр азамат үн қосып, атсалысуы тиіс деп ойлаймын. Бұл әрбіріміздің азаматтық міндетіміз болуы тиіс.
Қойлыбай ҚАРАЖАНОВ,
еңбек ардагері
***
Жарқын болашаққа бастар бағыт
Өзім спортшы ретінде кезектен тыс өткелі жатқан президент сайлауын құптаймын. Тәуба, еліміз тыныш. Сол себепті де халық биліктегі тұрақтылықты қалайды. Жетістіктерге жетіп, шыңдарды бағындырып жатқанымыз да қолдау көрсеткен жұртшылық бірлігінің арқасы. Келесі жылы елімізде халық санағы кең көлемде жүргізілетінін ескерсек, мемлекет үшін маңызы зор қос қадамды бір жылдың ішіне қабаттастырмаған жөн. Осы үшін де Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуіне сәйкес өтетін кезектен тыс сайлау – құптарлық дүние. Бастауы бар қайнардың сабақтастығы болатыны секілді, ел ағалары жастардың жолын ашу үшін осы қадамға барып отыр. Біздің тілеріміз, қоғамның әрбір мүшесі мемлекет алдындағы өз жауапкершілігін сезіне отырып, сайлауға бір кісідей атсалысса дейміз. Жарқын болашаққа бастар бағыт сүрлеуінің әлқиссасы осы болғай.
Ердос ЖАҢАБЕРГЕНОВ,
ҚР еңбек сіңірген спортшысы
***
Ең бастысы – ауызбіршілік
[caption id="attachment_77655" align="alignleft" width="400"] Сурет adebiportal.kz алынған[/caption]
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндеуінде 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін мәлімдеді. Меніңше, бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен елдегі келісімді сақтаудың бір жолы. Елдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын бұзып алмау үшін де билік ауысымы үдерісін тезірек аяқтау керек болған шығар. Заң аясында белгіленген сайлаудың өтетін мезгілі де халық үшін ыңғайлы.
Дәл қазір дүние жүзі елімізге көз тігіп, әр басқан қадамымызды бағып отыр десем, артық айтқаным емес. Тәуелсіздік алғалы қалыптасқан тұрақтылығымызды ел болып сақтап қала білуіміз керек. Бұрынғы сайлаулар сияқты, осы жолы да аман-есен, бей- біт жағдайда өтіп кеткеніміз дұрыс болмақ. Сайлау ауызбіршілікпен өткеннен кейін ұзақ мерзімді міндеттер мен күн тәртібіндегі әлеуметтік маңызды бағдарламаларды, ауқымды жобаларды жүзеге асыруда айқындылық орнамақ және алуан түрлі болжамдар да сейілмек.
Президенттің өзі бұл сайлаудың демократиялық, әділ, таза өтуіне кепіл болатынын айтты. Мен оның берген уәдесіне сенемін және даму жолына түскен еліміздің тізгінін халықаралық деңгейде де ел алдында, ұлт алдында абыройы бар тұлға ұстайтынынан үміттімін.
Қазақстанда өтіп жатқан президент сайлауына халқымыз ұйымшылдықпен, бір кісідей қатысып келді. Бұл жолы да солай болады деп ойлаймын. Қанымызға сіңген жақсы қасиеттеріміз осы сайлауда да көрініс таппақ.
Айтуар ӨТЕГЕНОВ,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі
1349
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.