Маңғыстау облысында «Zhas project» жобасы бастау алды. ҚР Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банк бірлескен жоба аты айтып тұрғандай, жастардың жаңа идеяларын жүзеге асырып, әлеуеті төмен, жұмыссыз жандарды қолдауға бағытталған. Жобаны жаңаөзендік жастарға түсіндіру ақпан айының соңында басталған болатын. Сол уақыттан бері «Zhas project»-тің үйлестірушілері, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының өкілдері мен жергілікті жастар ресурстық орталығының мамандары қала және ауыл жастарымен кездесіп ақпарат беруде. Бағдарламаның шарты бойынша үш немесе бес адам бірігіп топ құрып, әлеуметтік жоба жасайды. Ескерілетін басты талап - жоба коммерциялық бағытта болмауы керек. Яғни жоба барысында өндірілетін тауар немесе көрсетілетін қызмет сатылмайды, тегін көрсетіледі. Сондай-ақ қатысушылар 14 пен 29 жас аралығындағы оқымайтын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ табысы төмен жастар болуы шарт. Жоба үш кезеңнен тұрады. Жоғарыдағы талаптарды сақтай отырып, қатысушы ең алдымен жобаның ресми сайтында 15 наурыздан 15 сәуірге дейін өтінім бере алады. Кейін өтініштер іріктеледі де таңдалған жобалар бойынша қатысушыларға оқу-тренинг жұмыстары жүргізіледі. 6 ай көлемінде жұмыс істейтін әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан 1 млн. теңге қайтарымсыз грант беріледі. Оған қосымша, жоғары білімі бар топ мүшелеріне 60 мың теңге, орта білімді немесе арнайы білім алмаған қатысушыларға 40 мың теңге көлемінде ай сайын шәкіртақы төленеді. Биыл жоба үшін республикадан 1100 грант бөлінген. «Zhas project» жобасының Маңғыстау облысы бойынша үйлестірушісі Жанар Сисеналиева: - Жоба жастарға жетекші болуды, бәсекелестікке төтеп беріп, қаржыны ретімен жұмсауды үйретеді. Қатысу шарттары өте жеңіл және қарапайым. Қажет етілетін құжаттар саны да шектеулі. Барлық керекті ақпараттарды Ақтау қаласындағы үйлестіру орталығына келіп, телефон шалып, әлеуметтік желідегі парақшалардан немесе жобаның ресми сайтынан алуға болады. Сондай-ақ, Жаңаөзен жастар ресурстық орталығында кеңес беруші мамандар қызмет көрсетіп жатыр. Барлық іріктеу жұмыстары аяқталғасын алғашқы жобалар маусым айынан бастау алады деп жоспарлап отырмыз, - деді. «Жобаның басты мақсаты «Балық берме, қармақ бер» деген ұстанымға саяды. 6 ай бойы жастар командада жұмыс істеп, жаңа нәрсені игереді. Ал мерзім өткеннен кейін осы үйренген машықтарын кәсіп көзіне айналдыруға мүмкіндік зор. Қызығушылық танытып жатқандардың саны көп. Қазірдің өзінде Жаңаөзен қаласынан 200-ге тарта жас қатысуға ниет білдіріп отыр», - дейді Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Бауыржан Тұяқов. "Мамандар бекітілген кестеге сай әр аумақтарда жастармен кездесіп, жоба туралы түсінік беріп жатыр. Әлеуметтік жоба жаса да, 1 млн. теңге жеңіп ал! Бұл жастарға жасалып отырған үлкен мүмкіндік. Барша жаңаөзендік жастарды бағдарламаға қатысып, бақтарын сынап көруге шақырамын", - деді Жаңаөзен ЖРО директорының орынбасары Серік Қожахметов. Жаңаөзен жастар ресурстық орталығының айтуынша, күні бүгінге дейін 600 адамға «Zhas project» жобасы бойынша ақпарат берілген. Түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Айжан НАСЫРОВА