©
Бүгінде тіл қолданысы бұзылып, бірқатар жанның орыс тілінің сөйлеу заңдылығына бағына бастағаны байқалады. Бұл дегеніңіз – қаймағы бұзылмаған қазақ қара сөзінің ұсқыны қашып, дүбәра кейіпте туған аралас неке баласындай бет-бейнесі дүрегей реңк алады деген сөз. Бұның аяғы жақсылыққа апармасы белгілі. Қазақ ұлтының сөз сөйлеу мәнері, сөзді дұрыс қолдану ережесі бұзылса, қазақ тілінің жайын ойлаудың өзі қорқынышты. Дегенмен күнделікті өмірде тіл нормасының өрескел өзгеріске ұшырап, қазақы тілдің қойыртпақталып бара жатқанының куәсі боламыз. Автобустың жолсерігі екі адамға ақша төлеген кісіден: «Қызыл күрткелі ме? – деп сұраудың орнына, «Қызыл курткадағы ма?» – деп сұрады. Түр-әлпетіне қарасаң, Желудков айтқандай, «супер-колхозница». Сонда оның қазақ бола тұра орысша «...В красной куртке?» деген тіркестің қазақша тікелей аудармасын айтып тұрғанын қалай түсінеміз? Сол секілді сөзді «Мен ойлаймын» (Я думаю), «деуің керек» деп емес, «деу керексің», «айтуың керек» деп емес, «айту керексің» (должен сказать) деп қолдану көбейіп кетті. Тізе берсек бұндай мысалдар мың-сан! Бұл көрініске душар еткен себептердің бірі Қазақстанда хабар тарататын орыс тіліндегі ақпараттың аса көптігі, көгілдір экранды жарнамадан бастап, ток-шоуларға дейін толыққа жуық жаулап алуы дер едік. Ал титрдегі тікелей аударма тілдің бұзылуына үлкен жәрдемші! Таңдау әркімнің өзінде болғанмен, қазақ тілді телехабарларға бүгінгі көрерменнің көңілі толмауынан туындап отырған осы келеңсіздік бірте-бірте тілдің қойыртпақ көжеге айналуына алып бара жатыр. Күнделікті өмірден көріп отырғанымыздай, қазақы ортаның өзі Ресей сериалдарын көруді қалайтынын, орыс тіліндегі танымдық хабарларға ден қоятынын байқау қиын емес және көбіне көгілдір экран алдына жүгінетін әйелдер қауымы десек артық айтпаспыз. Желудков демекші, бүгінде әлеуметтік желіні шарлап кеткен Виктор Желудковтың: «Мен бұнша ашуланбас едім, себебі қазақ әйелдері қорғауға да тұрмайды. Олар ақымақтар әрі ақылсыздар. Менің жеке бажайлауымның қорытындысы бойынша, балаларының өз ана тілінде сөйлей алмауына дәл осы қазақ әйелдері кінәлі. Сәби анасы сөйлеген тілде сөйлейді. Қалаға келген әзірде өзінің ауылдық болмысынан қысылып жүретін қазақ қыздары нағыз ауылдық бола тұра өзінің өзгеден озық әрі күштілігін көрсету үшін бет-әлпетіне қарамай орысша сөйлеуге тырысады» деген пікірімен келіспей көріңізші. Кейде осы пікірді әрбір орыстілді қазақ әйеліне оқытып, санасына жеткізсе деп ойлайсың, мүмкін өзге ұлттың сөзі санасында ана тіліне деген құрметтің оянуына түрткі болар? Солтүстіктегі аз ұлттардың ұрпақтары саамдар, мансилер, хантылар, үдегейлер т.б. өз ана тілінің жойылып кетпеуі үшін күресуде. Олар өзінің атажұртында азшылық болып қалғанына қарамастан, жігіттеріне орыстың қызына үйленуге (анасының тілінде сөйлеген ұрпақтар түбінде орыстанып кетеді) тыйым салып, тек өз ұлтынан қыз алуды жолға қойған. Ата-баба дәстүрі мен тілді жаңғырту, күнделікті қолдануды мықтап қолға алып отыр. Екі мың адамнан тұратын үдегей ұлысының тек өз ана тілінде сөйлеуге жандарын салып жатуы неліктен? Оларға қарағанда қазақтың тілге шағымданатын орны жоқ. Тек барды бағалап, өз ана тілінде дұрыс сөйлеуге көшсе бәрі орнына келетін жағдай. Біздің қыз-келіншектердің, тіпті кексе әйелдердің (өз ана тілін аз да болса білгеніне қарамастан) қазақша сөйлемеуі, ауылдан келген ермелердің орысша сөйлеуге құлшынуы алаңдатады. Орыстілді қазақтармен қазақша сөйлеуді айналымға енгізудің, қазақ тілін өркендетудің жолы бар. Бұрын да айтқанбыз, ол өз ұлтыңның азаматтарымен тек ана тілінде сөйлесу! Осы жолды латыштар қолданып, жеңіске жеткенін Дос Көшім әлеуметтік желіде жариялады. «90-жылдардың басында дәл біз сияқты демографиялық жағдайдағы Прибалтика елдері орыс тілін қолданудан бас тартып, тек мемлекеттік тілде сөйлеуге көшті. Сол уақытта Прибалтикаға барған адамдар «орыс тілінде сөйлеген адамдарға не латыш (эстон, литва) тілінде жауап беріп, не мылқау адам сияқты мүлдем жауап та бермейді екен» деп риза болып келетін. Бұның барлығы сол жердегі орыстілділерді мемлекеттік тілге үйрету үшін жасалған нақты тәсіл болатын. Осы тәсілдің арқасында Прибалтикадағы орыстілді азаматтардың басым көпшілігі мемлекеттік тілді бір-екі жылдың ішінде толық меңгеріп алды», – дейді Дос Көшім. Себебі БҰҰ заңнамасы бойынша әр азаматтың қай тілде сөйлеу өз еркі! Әрине, ұлтын сүйетін адам өз ана тілінде сөйлейді! Ал әркімнің өз тілінде сөйлеуі ешқандай заңға қайшы келмейді! Тілжанды азамат Асқар Молдаш әлеуметтік желіде: «Оңтүстікте өзбек ауылдарда өмір сүретін қазақтармен өзбекше сөйлесесің. Өзбекстанда бірде-бір орыстың өзбектермен өз тілінде сөйлесуін елестете алмайсың. Әйтпесе кеңес үкіметі ол жерде де болды» деп жазса, Бақытжан Раисова есімді азаматша: «Қорқыттың қобызына, Әнеттей абызыма үн қосқан, домбыраның шанағына ботадай боздап күй қосқан тілімнің, Абылайға алты Алашты бір тудың астына жиғызып, Қаратау мен Алатаудың арасын мың жылдан бері қоңыраулатқан тілімнің, көк түріктің күл төккен қасиетті даласында көк байрағы желбіреген бүгінгі заманда ажарынан айырылып, босағада ұмыт болған көзедей қап кетуі мүмкін бе? Қазір қазақша оқығандар да түгел орысша сөйлейді, әсіресе жастар. Бұныңыз қалай десең, бәрібір емес пе дейді...» деп тебірене жазды. Ал белгілі ақын Несіпбек Айт: «Сан ғасырлар бабалар, сары майдай сақтаған, асыл тілім қор болды, Табанында жаншылып, тасырлардың таптаған. Пақыр болса бір сәрі, Ана сүтін татпаған. Неткен сорлы ел едік, қара сирақ, ақ табан? Жасты көрсем қуанам, ана тілін сатпаған. Тілі шыққан қазақша, сәби көрсем шаттанам! Туған тілін білмесе, туған ұлым жат маған!» – деп шамырқанса, қазақ тілінің туын көтеріп жүрген әзірбайжан қызы Асылы Осман: «Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?» деп шырқырағанын көріп жүрміз. Дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып, ұлтын жоғалта жаздаған еврей жұртының тарихи отанына жиылып, әліппесінің әр әрпін қалпына келтіріп, ана тілін қайта үйреніп, көне ивритше оқып, жазуға қол жеткізгені адамзатқа үлгі, сабақ бола алады. Олар өз ұлтының тілін түзеп алмай, ұлтын көркейте алмасын ұқты. Сондықтан ел шаңырағын қайта көтеруді ана тілінен бастады. Бізге тек ана тілімізде сөйлеп, тәуелсіз Елдің туын биік ұстау ғана керек!Үміт ЖӘЛЕКЕ