Уәлихан Бисенқұлов – Маңғыстаудан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы. Әуесқой бокста алдымен облыстық, кейін республика құрамасында көптеген турнирлердің жеңімпазы болған ол бүгінде кәсіпқой боксқа бет бұрған. Кәсіпқойлар арасында сегіз жекпе-жек өткізіп, сегізінде де жеңіске жеткен. Бір жылдың ішінде мұндай жетістікке жету екінің бірінің қолынан келе бермейтін дүние екендігін алған тартқан сарапшылар боксшының потенциалы өте мықты екендігін айтады.
«9 жасымда әкем ағам екеумізді бокс мектебіне жетектеп алып келді. Міне, содан бері өмірім осы спортпен бірге өріліп келеді», - дейді Уәлихан.
Бүгінде Ресей жерінде жаттығып жүрген Уәлихан Бисенқұловты Жаңаөзенге келгенде қала әкімі Әділбек Дауылбаев арнайы қабылдады. Жаңа жыл қарсаңында өткен чемпионмен кездесуге қалалық мәслихаттың хатшысы С.Мыңбай, қала әкімінің орынбасары С.Танаева, «Нұр Отан» ЖҚФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Худибаев, ММ және спорт мектептерінің басшылары, жастар ресурстық орталығы, қаламыздағы өндірістік мекемелер жанынан құрылған Жас мамандар кеңесі, жаттықтырушылар мен үздік спортшылар жиналды.
Әділбек Дауылбаев Уәлиханның еңбегін өте жоғары бағалайтынын, оның жанкүйері екендігін айта келе, ел абыройын шетелдерде асқақтатып жүрген боксшыға барша жаңаөзендіктердің атынан ризашылығын білдіре отырып, қала әкімінің Алғыс хатын және естелік сыйлықтар табыстады, батырдың иығына шапан жауып, құрметін көрсетті.
Мәслихат хатшысы С. Мыңбай өз сөзін: «Мен сенемiн жастарға, Алаш атын аспанға, шығарар олар бiр таңда» деген Мағжан Жұмабаевтың өлең жолдарымен өре отырып, Уәлиханнның жеңістерінің артында ата-анасының үлкен еңбегінің тұрғанын айтып, оларға зор алғысын білдірді. «Нұр Отан» ЖҚФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Худибаев та батырға тек жеңістер мен келешегіне ақ жол тіледі.
Шежіреші Қаржаубай Рейімбайұлы Уәлиханға арнау өлеңін оқып тұрып:
Боксшы Уәлихан, жеңімпазым, Ақ бата тілегімді қабылдарсың. «Кішік бол, ұлық болсаң!» қазақ айтқан, Жүрер жол, айтар сөзден жаңылмасын! - деп батырға ақ батасын берді.
«Өзенмұнайгаз» АҚ қызметкері Бауыржан Бәйімбетов У.Бисенқұловқа жас мамандар кеңесі және қаланың белсенді жастарының атынан Алғыс хат пен ақшалай сыйлық, Орынбасар Сейдов «Өзенмұнайсервис» ЖШС жастары атынан 9 томдық «Сегіз арыс Адайым» танымдық шежіре кітабын сыйлады. «Бұрғылау жастары» ҚБ төрағасы Амангелді Өтешов чемпионның болашағы жарқын болуын тілей отырып, жиналған ел ағаларынан боксшыға демеушілік жасап, қолдау көрсетулерін сұрады.
Жиын соңында Уәлихан қала әкіміне, жылы лебіздерін білдірген ел ағаларына және барша белсенді жастарға рахметін айта отырып, Ә.Құлынтайұлына француз боксшысымен кездесуде өзіне жеңіс әкелген қолғабын сыйға тартты.
Уәлиханның тоғызыншы жекпе-жегі 23 ақпанда Ақтөбе қаласында өтпек. Одан кейінгі кезекте Еуропа, Америка елдеріне шығу жоспары тұр. Бұл орайда, промоутерлік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.
«Адай» атымен кәсіпқой бокс аренасында кең танылып жүрген Уәлихан батырымызға күллі Қазақ елінің атын аспанға шарықтатып, абыройын биіктет, көк Туымызды әлем төрінде желбірете бер деген тілек айтамыз.
Айжан НАСЫРОВА