©
Алаяқтарды емес, алаяқтарға алданғандарды қатты аяймын. Тіпті кейде обалдары жоқ деп жаным аши отырып, ренжитінім де рас. Өйткені кейбір аңқау жандар өзімен тұрмай, ағайын-туыс, жақын-жуықтарын да алаяқтарға жем болуға итермелеп, себепші болып жатады.
Ал алаяқтар – «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп», оңай жолмен олжа табатын жандар. Менің білуімше, алаяқтар қанша жылға сотталып, темір торға қамалып, тағдыры талқандалып, тұрмыстан таяқ жеп, тіршіліктің кермек дәмін қанша татса да, сол әдетін өлгенінше қоймайды. Халыққа, мемлекетке, өзіне, бала-шағасына пайдалы жұмыспен айналыспайды. Себебі «Ауру қалса да, әдет қалмайды». Ауруды емдетсең – айығады. Ал сүйекке сіңген әдеттен қалай құтыласың?!
Алаяқ – араласқан адамдарын алдағанын, ақшасын алып, тақырға отырғызғанын өзі де аңғармай қалатын сияқты. Алаяқтық – сиқыршылық өнер секілді. Алаяқта уәде, ағайын-туыс, құда-жегжат, құрбы-құрдас, дос-жаран, тамыр-таныс дегендер болмайды. Өйткені оларға бәрібір. «Оң жамбасқа» келгенін «алып ұрып», ақшасын алып, табағына түкіріп, аузын желге қаратып кете береді. Сосын «Алаяққа өз қолыммен берген ақшамды адамгершілік пен әлде соттасып, толық қайтарып алдым» деген адамды да өмірімде кездестірмеппін. Сондықтан «Біреуді алдама, ешкімге қиянат жасама, кісінің көлденең жатқан ала жібін аттама. Ертең сотталып, өмірің ойран, абыройың айран, тағдырың талқан болады. О дүниеде тозақтың төріне барып, ақиреттің азабын тартасың» деп қанша үгіттеп, тәрбиелегеннен түк пайда жоқ екендігіне де көзім жетті. Одан да «Өзіңе-өзің мықты бол! Алаяққа алданба! Қарызданып қауғаланып ақша жинап, оны өз қолыңмен алаяқтың алақанына салма! Жұмысың да бітпейді, берген ақшаңды толық қайтарып ала алмайсың!» деп қалың көпшілікке газет арқылы ескерту жасаған анағұрлым жеңіл. Сонда да алаяқтарға алданатындардың қатары жетіп артылады. Қазақ мұндайды «Шықташыға – иесі себепші» дейді. Бұл – өте дұрыс айтылған сөз. Себебі «Алаяққа ақша бер!» деп ешкімді ешкім зорламайды. Саналы түрде өзің бересің. Содан соң ақшаңды өз қолыңмен беріп, өз аяғыңмен қайтақайта қатынап ала алмай, алайын десең таба алмай, орынсыз азап көресің, жапа шегесің.
Мен мұндайды бұдан бұрын да көп жазғанмын. Нәтиже шықса шыққан шығар. Бірақ тыйылып қалған түгі жоқ. Бәрібір «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей бұрын алаяқтарға бір-екі рет алданып, әлде кірген жұмыс жоқ немесе қайтарып ақшасын алалмай, сергелдеңге түскендер енді аяқтарын абайлап басатын шығар. Жаңаөзенде бұрын «Жаңа пәтер алып беремін», «Мұнайға жұмысқа кіргіземін», «Балаңды оқуға түсіріп беремін», «Жас нәрестеңді балабақшаға орналастырамын», «Көші-қоннан квота алып беремін», «Банктерден несие алып беремін» деп талайды тақырға отырғызған алаяқтар қаптап кеткен еді. Соңғы кездері мемлекеттік жүйелердің механизмдері жетіліскендіктен бе, әлде халық түсіне бастады ма, әйтеуір алаяқтар әлгіндей мәселелерді көтере бермейтін болды. Бұл алаяқтар түп-тамырымен жойылды деген сөз емес. Алаяқтар жойылған жоқ. Бар. Бар болғанда да күнделікті өмірде өзімізбен араласып, өзімізбен қатар жүр. Біз соны дер кезінде аңғара бермейміз.
Жалпы алаяқтарды жоғарыда сиқыршыға теңегенбіз. Ол – рас. Екіншіден, алаяқтар психолог болады. Олар заманның ағымына, әр кезеңнің өзгерісін өзгеден бұрын сезініп, солай қарай жылдам аунай салады. Қоғамның тыныс-тіршілігін жақсы түсінеді. Көріпкел, тамыршыдай адамдардың әлсіз тұстарын айтпай-ақ жылдам аңғарады. Сосын соған сәйкес «жұмыстанады». Себебі оның міндеті – қайтсе де алаяқтық жасап, алдаса да, арбаса да, көзді бақырайтып қойып, адамды сансоқтырып, тақырға отырғызып, қомақты ақшасын алып, сөмкесіне салып, «Өтірік айтқан жерде көп тұрма» дегендей, уәдені үйіп-төгіп, сенімен жымиып тұрып жылы қоштасып, табанын тез жалтырату. Керек болса басқа аудан, қалаларға кезекті «жорыққа» аттанып, уақытша бұл жерден қарасын батыру.
Халық енді алаяқтардың жоғарыдағыдай «уәждері» мен сылтауларына сенбейтін болыпты. Сонда да М.О деген 1994 жылы туған қыз өзге алаяқтарға қарағанда пысықтық жасап, жоқ жерден жол тауып кетеді. Ол теңгенің құнсызданып, АҚШ доллары құнының шарықтап өсіп кеткен тұстағы елдің алағада көңілін «өте тиімді» пайдаланған. Кәдімгі қара базардағы «валютщиктер» секілді ақша ауыстырамын деп талайды сансоқтырған.
Ол 2018 жылдың 16 сәуір күні күндізгі сағат 10.30 шамасында пайдакүнемдік ниетпен, бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау жолымен Жаңаөзен қаласы Рахат ауылындағы «Жұлдыз» шағынауданы тұрғыны С.Т ханымның АҚШ долларын 315 теңгеге арзан бағамен сатып алып, «үстеме ақшасымен бірге қайтарып беремін» деп, алдап сеніміне кіріп, өзінде ондай мүмкіндік болмаса да, 1 млн. 575 мың теңге ақшасын алып, қылмыс жасаған жерден бой тасалап кеткен.
Ал 3 мамыр күні сағат 20.00 шамасын да «Өркен» шағынауданында тұратын бұрынғы ауылдасы А.Ш. ханымға 24 мың АҚШ долларын қымбат бағасына тапсырып, «теңгелей үстінен пайда көресің» деп алдап, сеніміне кіріп, қалған 7200 АҚШ долларын кейіннен алатын болып келіскен. Бірақ сол 7200 долларын алаяқтық жолмен заңсыз иемденіп, қылмыс болған жерден табанын жалтыратқан.
А.Ш сол сәтте өзімен тұрмай ағасы Н.Ш-ны да әлгі алаяққа жем қылған. Осындай қулыққа алданған Н.Ш қарындасы А.Ш-ның сөзіне сеніп, 10 мың АҚШ долларын өз қолымен М.О-ның ашқан алақанына салады. Алаяқты құдай өлтірсін бе? Ағалы қарындасты екеуінен 17 200 АҚШ долларын алып, жанқалтасына салып, «Маңғыт– аузыңа саңғыт» деп өте шығады.
М.О сол уақытта арадан 5 минут өткенде, яғни 3 мамыр күні сағат 20.10 шамасын да «АҚШ долларын 315 теңгеден арзан бағаға сатып алып беремін» деп А.Ш-ның қайынсіңлісі А.А деген келіншектің де 1 млн. 890 мың теңге ақшасын алдап алып кетеді.
Қылмыстық ісін одан әрі жалғастырып М.О арадан бір апта уақыт өткесін 10 мамыр күні сағат 10.30-дар шамасында Б.У деген әйелдің де осындай жолмен сеніміне кіріп, 1 млн. 575 мың теңгесін өз қолынан алып, иемденеді. Негізінде осы Б.У мен 12 мамыр күні 09.00 шамасында №1 орта мектеп жанында С.Т-дан тағы 1 млн. 575 мың теңге ақшаны осы С-ның тумаласы бағанағы ең бірінші 16 сәуір күні алданып, М.О-ға 1 млн. 575 мың теңге ақшасын алдырған С.Т арқылы алған. Сонда әуелгі С.Т соңғы апасы С.Т мен анасы Б.У-ды да алаяққа жемқылып тұр ғой. Өйткені алдыңғы С.Т алаяқ М. Оның колледжде бірге оқыған курстасы көрінеді.
– Сотталушы М.О-ның іс-әрекеттері өз кінәсін толық мойындап, берген жауаптарымен, жәбірленушілердің сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында берген және басты сот талқылауында берген жауаптарымен, қылмыстық іске тіркелген өзге де құжаттармен толық дәлелденді, – дейді Жаңаөзен қалалық сотының жетекші маманы Айнұр Сарыева. – Сондай-ақ ҚК-нің 53-бабына сай қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайға сотталушының кінәсін мойындап өкінетіндігін, жүктілігін, бұрын сотты болмағандығын ескерді. Қазақстан Ұлттық банкінің интернет-ресурстың мобильді нұсқасына сәйкес 2018 жылдың 22 қазанында АҚШ долларының ресми (нарықтық) бағасы 366,43 теңгені құрады. Осыған орай талап-арыздар толық қанағаттандырылуға жатады. Осылардың бәрін есепке ала отырып, қалалық сот Қазақстан Республикасы атынан М.О-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің екінші тармағымен кінәлі деп танып, оған осы баппен 5 (бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына лайық деп үкім шығарды. Жазаны өтеу орны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелеріне белгіленді.
Иә, алаяқтар қалтаңдағы ақшаңды ешқашан тартып алмайды, алдап алады. Алдауға түскесін, ештеңенің байыбына бармай, алаяқтарды іздеп барып, өз қолыңмен ақшаңды олардың алақанына саласың. «Шықташыға – иесі себепші» деп қазақ осындайдан айтса керек. Сондықтан құрметті оқырмандар, сақ болыңыздар! Алаяққа алданып, бала-шағаңыздың несібесін желге ұшырудан аулақ болыңыздар! Жаратқан Иеміз де сақтансаң сақтармын деген ғой. Жалпы сақтықта қорлық жоқ.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН