©
Техникасы қарыштап дамып келе жатқан елімізде қазір смартфонсыз жүру мүмкін емеске айналды. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» ұялы телефонсыз бір күнімізді елестету қиын болып бара жатыр.
Ол біздің екінші үйіміз десек те болады. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желі арқылы өз бизнесін дөңгелетіп отырғандар да баршылық. Өйткені бұл - ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Өндірушілер өз тауарларын жариялап жатса, жұлдыздар суреттерін, ақын-жазушылар шығармаларын жариялап әлек. Тіпті қазір осы желі арқылы кімнің қайда, кіммен отырғанына дейін білеміз. Уақыт көші, орта талабы Дұрыс шығар. Бірақ әр жақсы нәрсенің өз шегі бар екенін ұмытқанға ұқсаймыз. Тіпті кей адамдар желі ұнамаса, кірмей-ақ қойсын деуі мүмкін. Алайда кез-келген игілікті дұрыс пайдалансаң ғана оң нәтиже беретінін ұмыта бастағандаймыз ба, қалай өзі!?
Менің мақала жазуыма түрткі болып отырған тағы бір мәселе – әлеуметтік желілердегі жалған ақпараттар. «Осындай ауру шығыпты сақтаныңыздар», «Осындай жерде зейнеткерлерге ақша беріп жатқан көрінеді, барыңыздар», немесе «Есепшотыңыздағы ақшаны түгел шешіп алыңыз, банкте мәселелер туындапты» секілді жалған ақпараттар желіде желдей есіп жүр. Шынтуайтына келгенде, бұның бәрі жалған болып шығады. Зейнеткерлерді әуре-сарсаңға салып, халықты «Ауру шықты» деп дүрліктіргеннен кімге пайда, кімге зиян?
Ол ол ма, қайғылы оқиғалардың өзінде бар арманы сельфи жасап, желіге салу ғана екені көрінеді. Туғаны дүниеден озып жатса да желіге кіруді ұмытпайтындарды қайтерсің. Бұрынғы кезде ата-әжелеріміз «Жел батамызды тигізген жоқпыз» деп, «Адамы қайтқан үйге арнайы бармадық, бір жерден көріп қалсақ ұят болады-ау», деп қашқақтап жүретін еді. Ал қазір дүниеден жас өтсін, жасамыс өтсін, біз үлгі алатын үлкен кісілердің өзі әлеуметтік желі арқылы «Қазаның арты қайырлы болсын» деп көңіл айтуы жиілеп кетті. Садақа, тойға бара қалсаң шай құйып отырып та ұялы телефонын қарап отыратын келіндерді, жастарды байқап жүрміз. Бұл өрескел, ерсі нәрсе. Пайдаланба деп айта алмаймын, олай деуге хақым да жоқ, тек орнымен пайдаланса деген ниетім бар. Туғаныңа, танысыңа әлеуметтік желі арқылы қайғырып, әлеуметтік желі арқылы көңіл айтып, сауап жинамайсыңдар.
Әсіресе желі тұтынушыларының арасында жаманның парқы мен жақсының нарқын ажырата алмай, адасып жатқандар жетіп артылады. Көбіне ондайлардың зардабын оңы мен солын тани қоймаған жасөспірімдер тартады. Денсаулыққа тигізер зардабын айтпағанда, алтыннан қымбат уақытымызды ұрлаған әлеуметтік желінің әлегі шаш етектен бе деп ойлап қалам кей кезде... Сондықтан айтарым, не нәрсені де орнымен пайдаланыңыздар, әлеуметтік желіге тәуелді боламын деп, әдемі өміріңізді босқа өткізіп алмаңыз.
Айгүл РАХМЕТОВА