©
Адам пендесі басы ауырып, балтыры сыздағанда да, аяқастынан қан қысымы көтеріліп тынышсызданғанда да, тіпті кездейсоқ төтенше жағдайларға тап болып, зардап шеккенде де ең бірінші «Жедел жәрдемнің» қызметіне жүгінеді. Сонда да бұларға бір ауыз алғыс айтудың орнына, кейбіреулер созылмалы сырқатының салдарын осылардан көргендей «Шақырғанда со бойда жетіп келмедің» деп күңкілдеп, орынсыз ашуланып, реніш білдіріп жатады. Тәуліктің қай мезгілі болса да жетіп келіп, итке таланып, қақпаңды аша алмай тұрса да соларды кінәлауға тырысамыз. Бұл, бұл ғой. «Жедел жәрдемшілердің» жедел қызмет көрсету жолындағы елеусіз еңбектері медицина саласының басқа бөлім, бөлімшелерінің тасасында қалып жататыны да жасырын сыр емес. Жаздың мыс қайнаған ыстығында да, қаңтардағы қытымыр қыстың көк тайғақты жолында да қиқу салып бұлар кетіп бара жатады. Жұрт қыдырып, мейрамдап, тойлап жатқанда да ауыл, қала тұрғындарының үйлері мен аурухана арасында тыным таппай тағы бұлар жүреді. Мерекелік шаралар мен ас-тойларда қоғамдық тәртіп сақшылары, өрт сөндіруші мәшинелердің қатарында тойшы қауымның денсаулығын қорғап, амандығын тілеп, тапжылмай тағы бұлар тұрады. Кез келген спорттық шара, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылса да жұрттан бұрын тағы бұлар келіп, бәрі тарқап, әбден апа-сапа болғанша қас қағып, кірпік ілмей тағы жүреді. Сонда да еңбектері еленбейді. Тіпті, көшеде, жиектерін бетонмен көмкерген тар жолдардағы кептелістерде қиқулап ауруханаға асыққан «Жедел жәрдем» мәшинелеріне шамаға келсе, жол бере қояйын деп ойламаймыз. Қайта керісінше, төбесі жарқ-жұрқ еткен «Жедел жәрдем» мәшинелерінің қиқуына қарамай, тығырыққа тіреуге тырысамыз. Әйтпесе, соның мүмкіндігін пайдаланып, алды-артын орағытып, тар жол, тайғақ кешуде қосарлана шабамыз. Егер ойымыздағы орындалса, жерден жеті қоян тапқандай мәз болып, өз қылығымыздан өзіміз «ләззат аламыз». Ауруханаға асыққан «Жедел жәрдемнің» ішінде өлім мен өмірдің арасында ауру адам жатқаны, оны ұстап, қан қысымын өлшеп, оқтын-оқтын тыныштандыратын екпе егіп, өлімнен арашалап, жағаласып келе жатқан фельдшерлердің қарбаласы ойымызға бит шаққандай кірмейді. Соншалықты неге, жедел жәрдемшілерді осындай күйге түсірдік? Неге олардың да барын бағалап, еңбектерін елегіміз келмейді? Шынында да, олар еңбегі елеуге тұрмайтын жандар ма? Мұндай қылықтарға бұлданып жатқан және олар жоқ. Кәне, осыған бір көз жіберіп, ой таразысына салып көрелік.
Міне, осындай елеусіз еңбек иелерінің бір тобы, яғни 140-150-дейі бүгінгі таңда Жаңаөзен қаласы мен ауылдары тұрғындарына қызмет етіп келеді. Бұлар бұрын пәтерден пәтер жағалап, ата-енелерінен «тәуелсіздік» алып, үй таппай, қаланың әр жеріне көшіп-қонып жүретін жас отбасылар сияқты еді. Әйтеуір, үкіметтің назарына ілініп, берегірек келгесін көрінгеннің қолтығы мен қуысынан шығып, басыбайлы баспаналы болып, қаладағы Медицина орталық кешенінің ішінен шағын екі қабатты ғимаратқа қол жеткізді. «Жедел жәрдем» стансасы ҚР Денсаулық сақтау министрінің №450 бұйрығының негізінде Маңғыстау облыстық «Жедел жәрдем» стансасы орталықтандырылып, «Маңғыстау облыстық Шұғыл және медициналық стансасының Жаңаөзен қалалық бөлімшесі болып» қайта қалыптасты.
Қазір бөлімшенің Рахат ауылында 3, Теңге ауылында 1 бригадасы жұмыс істейді. Олардың да ауыл әкімдіктері жанында басыбайлы болсын, болмасын әйтеуір баспаналары бар. Енді осындай арнайы ғимарат әлде жеке бөлмелер Қарашаңырақ - Қызылсай ауылында да ашылса жақсы болар еді дейді жұртшылық. Өйткені ауырып-сырқаған жандар бұлардың қызметіне жүгінсе, «Жедел жәрдем» мәшинесі «қаладан қашан жетер екен» деп, екі көзі төрт болып, ұлы жолға алаңдап, есікке қарай жаутаңдап, күтіп жатпайды ғой. Себебі қаланың шыға берісінен есептегенде Қызылсайдың кіреберісіне дейінгі аралықтың қашықтығы таяқтай 17 шақырым. Оған қала іші мен ауыл ішіндегі кедір-бұдыр, ойлы-шұқырлы жолдардың ұзындығын қосыңыз. Сонда жалпы қашықтық 20-25 шақырымнан асып кетпесе, кем болмайды. Егер ауыл орталығында «Жедел жәрдем» ғимараты болса, біріншіден – уақыттан ұтар еді, екіншіден – жанар-жағар майларды үнемдеуге септігі тиер еді. Үшіншіден – фельдшерлер мен жүргізушілердің сәл де болса қарбаласы азаяр еді. Ең бастысы – науқастанып қалып, бұлардың көмегіне жүгінген жандардың жүгі жеңілдеп, жылдам айығып кетуіне септігі тиер еді деген ойдамыз.
Бұл бөлімшенің «Жедел жәрдем» мәшинесіне жұтаңдап тұрған түгі жоқ. «Өзенмұнайгаз» АҚ өткен жылы ғана су жаңа сегіз автокөлік мәшинесін алып берді. Оларды тапсыру салтанатына облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі қатысып, табысты да жемісті еңбек тілеп, жүргізушілерінің қолына жаңа көліктердің кілттерін жеке-жеке арнайы тапсырған болатын. Бұрынғыларды қоса есептегенде бұл жерде бүгінгі таңда 13 «Жедел жәрдем» мәшинесі бар. Соның күн сайын 10-11-і жұмысқа үздіксіз шығып, күндіз-түні тынымсыз жүріп тұрады. Демек автокөлік жағынан проблема жоқ.
Сондай-ақ бұл жер кімдерге пана болмады дейсің. Басынан бағы тайып, әлде жасы келіп қартайып, орынды босатуға тура келген әкім-қараларды депутат етіп, өз құшағына алатын Парламент сияқты «қамқоршы» орынға да айналды. Аяғын сәл қиыс басып немесе келесі бір лауазымды орынтақ босағанша сәл саябырлап, уақытша «жансақтап», «кезек күтетін» күту залына айналған сияқты. Әйтпесе, осы бір көзге көріне бермейтін елеусіздеу ұжымның ішінде «Жедел жәрдемнің» жілігін шағып, майын ішкен небір майталмандар жүр. Өйткені ол жерде, яғни, жоғарыда айтқандай, «Жедел жәрдем» бөлімшесінде жұмыс жасайтын 140-150-дей адам бар. Оның 80-і медицина қызметкері. 140-150 дейтін себебіміз, ұжымда еңбек ететіндердің басым көпшілігі қыз-келіншектер. Сол үшін олардың әртүрлі демалысы көп болатыны баршаға белгілі заңды құбылыс. Әйтсе де, ол жерде көп жылдық еңбек өтіліне ие, тәжірибелі жандар жетерлік. Мысалы, Ақтөбедегі медициналық институттың түлегі, жаст та болса қазір осы мекемеге бас болып жүрген Сара Орынбаеваның «Жедел жәрдем» стансасының есігін тұңғыш аттағалы 22 жылдың жүзі болыпты. Соның 15 жылында бөлім меңгерушісі болып, ұжымның ұйытқысына айналып, мекемеге жетекшілік етіп келеді.
- Ұжымымызда менен де еңбек өтілі көп жандар бар. Жалақысы аз болса да, саз болса да – оларға бәрібір. Осы «Жедел жәрдем» олардың екінші үйі сияқты болып кеткен, - дейді Сара Полатқызы. – Ыстығы мен суығын, ауыры мен жеңілін қатар көргендіктен, анау-мынау қиындықтарға қара нардай мойымайтындығына жаның сүйсінеді. Оларға қарап ізіндегі жастар бой түзейді. Айтпаса да білмегенін үйренеді, көрмегенін көреді. «Кем-кемнен кемел» дегендей алдыңғы буын ағай-апайлардан үлгі алып, өнегесін санасына өрнектеп, өмірлік тәжірибе жинайды. Осындай ұжымда еңбек ету, ұйымдастырып жетекшілік жасау - өте жеңіл әрі оңай. Мысалы, өзінің денсаулық сақтау саласында еңбек еткен 35 жылының соңғы 15 жылы осы «Жедел жәрдеммен» біте қайнасқан апамыз Ажарбибі Әбдіқалиева, 34 жылдан бері ерінбей еңбек етіп келе жатқан фельдшер Тұрғанбай Насақұлов ағамыз, 1995 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп жатқан фельдшер Марат Исановтардың атқарып жатқан күнделікті істері кімге болса да үлгі боларлықтай дәрежеде. Қазақта «Алдыңғы арба қайдан жүрсе, соңғысы содан жүреді» деген сөз бар. Сол айтылғандай, алдыңғы буыннан үлгі алып, 15-16 жылдан бері мінсіз қызмет етіп келе жатқан фельдшер Сындаргүл Дегениязова, дәрігер Асылбек Рәметов, жүргізушілерден Қойбағар Қалмұратов ағаларымыз да соңғы буын әріптес шәкірттеріне ұстаздық ететіндей тәлімгерлік тәжірибесі жеткілікті жандар. Ұжымымыздағы осындай аға-апаларымыз бастаған игілікті істерді жастар жағы ауызбіршілікпен қоштағандықтан, автокөліктермізді күтімді әрі сапалы жүргізулерінің арқасында күндіз-түні тынымсыз еңбек етіп, әр тәулік сайын 120-150-ге дейінгі шықыртуларға дер кезінде жетіп, алғашқы медициналық көмекті беруге қол жеткізіп жүрміз. Жалпы ұжымымыздағы 2 дәрігер мен 80 медицина қызметкерін, кіші медбикелер мен жүргізушілерімізді қоса есептегенде 150 адамның илегені – бір терінің пұшпағы.
Иә, «Жедел жәрдем» бөлімшесі қызметкерлерінің осыншалықты еңбектері көзге көрінбей, елеусіз қалатын сияқты. Бірақ рет-ретімен еленіп, ескеріліп келеді. Халықтың денсаулығын қорғау үшін өткен жылы ғана мұнайшылар сыйлаған 8 «Жедел жәрдем» мәшинесі – осының бір ғана айғағы. Ал кешегі жарты ғасырлық тойда ұжымдағы Сара Орынбаева, Ажарбибі Әбдіқалиева, Сындаргүл Дегениязова, Қойбағар Қалмұратовтардың омырауларынан орын алған.
«Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына» арналған мерекелі төсбелгілер де бұлардың көңілін көтеріп, қуаныштарын арттыра түскендей.
Күндіз-түні тыным таппай, таңға дейін кірпік ілмей, жақының жасамайтын жақсылықты міндет етпей, қабақ шытпай, жасап жүрген абзал жандарға, ең болмаса қызметіне жүгінген кезде, жақсы ниетіміз бен бір ауыз жылы сөзімізді аямайық, ағайын! Сіз бен біздің айтқан жылы сөзіміз олар үшін бүтін де емес, жарты ғана ырыс екенін жаттан шығармайық! Сондықтан баршаңызға Алланың нұры жауғай! «Жедел жәрдемшілердің» қол-аяқтарына, денсаулықтарына Жаратқан иеміз дерт бермегей!
Мұратбай ҰЛЫҚПАН
Көрнекі сурет сайттың архивінен